БІЗДІ ТҮЛЕКТЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУДА
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Түлектер күні 2011 жылдан бастап аталып келеді, әрі бұл биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының көптеген түлектері үшін дәстүрге айналған.
Биыл Қазақ ұлттық университетінің және молекулалық биология және генетика кафедрасының Түлектер күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған және 30 мамырда online режимінде өтеді.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ковид-19 пандемиясына байланысты туындаған алуан түрлі мәселелерге қарамастан, кафедраның әр жылдардағы түлектері бұл айтулы күнді - Түлектер күнін ұмытпай, Alma mater –ге өздерінің құттықтаулары мен тілектерін жолдауда:
Койшыбаева Зоя Кашкинбаевна:
«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультеті молекулалық биология және генетика кафедрасының 2003 жылғы түлегімін. Қазақстандағы тұңғыш университет қабырғасында терең білім алып, оны әрі қарай тәжірибеде шыңдау мақсатында білім беру саласында жұмыс жасап келемін. Тынымсыз еңбектің арқасында Қазақстан Республикасының үздік ұстазы, білім саласының құрметті қызметкері секілді жетістіктерге жеттім. Қазіргі таңда Алматы қаласында орналасқан, үздік білім беру мекемелерінің бірі, номері 44-ші мектеп-гимназияның директоры болып жұмыс атқарамын.
Осындай нәтижелі жұмысқа жетуімнің басты себебшісі бізге тәлім берген оқытушылардың еңбегі деп білемін.
Осы орайда молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі Жунусбаева Жазира Кабуловна мен барлық оқытушылар қауымына алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, маған табандылық пен қажырлы еңбек етуді үйреткен, ерінбей үздіксіз білім алуға тәрбиелеген, менің ғылыми жетекшім болған, биология ғылымдарының докторы, өз ісінің білгірі Бисенбаев Амангелді Қуанбайұлын ерекше атап өткім келеді. Сіздерден алған тәлімімнің арқасында шәкірттерімді ғылымға баулып, осы күнге дейін өзім оқыған білім ордасымен байланысымды үзбей, үнемі тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келемін.
Сіздердің берген білімдеріңіз, бізге көрсеткен жолдарыңыз бен айтқан ақылдарыңыз үшін рахметімді айтқым келеді.
Құрметті әріптестер! Сөзімнің соңында барлықтарыңызды Бітірушілер күнімен құттықтаймын!»
Рыспекова Айман Бокеновна:
«Қайырлы күн! Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылар қауымы және түлектері!
Сіздерді түлектер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге дендеріңізге саулық, еңбектеріңе мол табыс тілеймін. Мен осы аталған университеттің биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының 2005 жылғы түлегімін. Университет қабырғасында алған терең білімімнің нәтижесінде Өсімдіктер физиологиясы және биотехнолониясы институтының аспирантурасына қабылданып, кандидаттық диссертациямды академик Палымбетова Фатима Абылқайырқызы мен молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры Айташева Зауре Гаинетдинқызының жетекшілігімен қорғап, «Болашақ» бағдарламасымен Амераика Құрама Штаттарында молекулалық генетика саласы бойынша ғылыми тағылымдамадан өттім. Қазіргі уақытта Нұрсұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті агрономия факультетінің егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметінде еңбек етудемін. Сонымен қатар, гранттық қаржыландыру бағдарламасы бойынша ғылыми жобалармен зерттеу жұмыстарын жүргізудемін.
Осы жеткен жетістіктерімнің барлығы үшін, бізге аянбай білім берген, білікті маман ретінде қалыптасуымызға зор үлесін қосқан университеттің, соның ішінде молекулалық биология және генетика кафедрасының профессорлық-оқытушылар қауымына үлкен алғысымды білдіремін».
Отарбаев Марат Калдыбаевич:
«Құрметті түлектер! Сіздерді бәрімізге ортақ мереке - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер күнімен құттықтаймын!
Мен біздің университетіміздің биология және биотехнология факультетінің, молекулалық биология және генетика, биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының түлегімін. Бүгінде мен университетіміздің түлектерінің бірі Байкошкарова Салтанат Берденқызы құрған Қазақстандағы алғашқы «Экомед» экстракорпоралді ұрықтандыру орталығының директорымын. Біз өзіміздің университеттегі студенттік шақтарды үлкен ризашылықпен, күлімсірей еске аламыз. Біздің біліктілігі жоғары мамандар боуымызға орасан зор еңбек сіңірген барлық оқытушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Осы орайда мен Шалахметова Тамара Минажевнаны, Бисенбаев Амангелді Қуанбайұлын, Саугабаев Қаламқас Магзамқызын ерекше атап өткім келеді».
Токубаева Анар Адильхановна:
«Мен, биология ғылымдарының РhD докторымын. Мен де қазақ ұлттық университетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының түлегі болып табыламын, қазіргі таңда экстракорпоралді ұрықтандыру лабораториясының эмбриолог-генетигі болып қызмет атқарамын.
Мен молекулалық биология және генетика кафедрасының профессорлық-оқытушылық ұжымын Түлектер күнімен шын жүректен құттықтай отырып, алғысымды білдіремін, оның ішінде Шүлембаева Күлзия Қонысбаевна мен Айташева Зауре Гайнетдиновналарға алғысым шексіз».
Рахметова Нуржамал Ғалымжанқызы:
«Мен молекулалық биология және генетика кафедрасының түлегімін, қазіргі таңда экстракорпоралді ұрықтандыру лабораториясының эмбриологы баолып жұмыс атқарамын.
Мен де оқытушым Калимагамбетов Айтқали Мажитұлына, ғылыми жетекшім Бекманов Бақытжан Орақбайұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет. Баршаңызды Түлектер күнімен құттықтаймын».
Айбек Мурсалимов:
«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының 2012 жылғы бакалавр, 2014 жылғы магистр түлегімін. Бүгінгі күнге орай, барлық түлектерді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ барлық ұстаздарыма, кафедраға, өзім білім алған молекулалық генетика лабороториясына, әсіресе ғылыми жетекшілерім Амангелді Куанбаевич пен Назгүл Абдуллаевнаға үлкен рахметімді, алғысымды білдіргім келеді.
Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында академиялық мобилділік бағдарламасы бойынша Германияның Штуртгарт қаласындағы Хоэнхайм университетінде білімімді жетілдіруге мүмкіндік алдым. Университет бітіргеннен кейін Назарбаев университетінде, Францияның Густав Росси клиникасымен бірлесіп геном тұрақтылығы және ДНҚ репарациясы саласында біраз зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Қазіргі кезде өз білімімді жалғастыру үшін Америка Құрама Штаттарының Аризона штатының университетінде доктарантурамды жалғастырудамын. Клеткалық биология саласында. Бұйыртса, осы алған білімдерімді, ҚазҰУ-дан, осы жерден алған білімімді шыңдап Қазақстанның болашағын дамытуға өз үлесімізді қосамыз деп үміттенемін».
Асқарбаева Балжан:
«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті молекулалық биология және генетика кафедрасының 2003 жылғы түлегімін. Университет қабырғасында алған біліміммен әрі қарай жаңа биіктерді бағындыру мақсатында Чехия мемлекетінің Оңтүстік Чех университетінде докторантураның 3-курсында оқуымды жалғыстырудамын. Ал соның шырағы болған, жол бастаушы болған кафедрама, университетіме алғысымды білдіргім келеді. Барлық білім берген оқытушы-профессор құрамына алғыс айта отырып, ғылыми жетекшілерім биология ғылымдарының кандидаты Жунусбаева Жазира Кабуловна мен профессор Омирбекова Наргүл Жаппаровналарға алғысым шексіз. Сөзімнің соңында барлық түлектерді Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған Түлектер күнімен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, өсіп өнуіне лайықты қызмет ету жолында баршаңызға зор денсаулық, мол табыстар тілеймін».
Куанбай Айгерим:
«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология, молекулалық биология және генетика кафедрасының 3 курс докторантымын. 2018 жылы мен «Абай Верн» грантының иегері атандым. Соған байланысты мен Париж-Сакле университетінде Қазақстан мен Франция арасындағы қос келісім бойынша оқуымды жалғастырудамын. Мен ғылыми жұмысымды Густав Росси институтында геномдық интеграция және канцерогенез зертханасында доктор Мұрат Сапарбаевтың басшылығымен өсімдіктер мен жануарлардың геномдық тұрақтылығы және ДНҚ репарациясы мәселелері бойынша ДНҚ репарациясы тобында зерттеумен айналысып жүрмін.
Қазақ ұлттық университеті маған өзімнің алған білімімді ғылым жлында жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Молекулалық биология және генетика кафедрасының барлық оқытушыларына, әсіресе ғылыми жетекшім профессор және академик Биесбаев Амангелді Қуанбайұлына алғысымды білдіргім келеді. Біздің Alma Mater түлектерінің барлығын Түлектер күнімен құттықтаймын!».
Үміт Әлиасқарова:
«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының 2017 жылғы магистр түлегі болып табыламын. 28 мамырда Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында Түлектер күні аталып өтеді және осыған орай мен өзімнің білім алған кафедраның оқытушылары мен профессорлық ұжымына, әсіресе өзімнің ғылыми жетекшім Бисенбаев Амангелді Қуанбайұлы мен Сабира Мықтыбекқызына үлкен алғысымды білдіремін.
Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында білім ала отырып, мен Республикалық физика-математика мектебінде биология пәнін ағылшын тілінде оқыту және өзімнің дипломдық жұмысымды лабораториялық жағдайда жүргізу арқылы үлкен тәжірибе жинадым. Сонымен қатар Голландияның Утрехт қаласындағы Утрехт университетінде гендік терапия бойынша жаздық мектепке қатыстым, және өзімнің кафедрамның ұстаздарының ұсынысы бойынша мен магистратураның екінші жылын Париж-Сакле университетінде оқып шықтым. Бұл «Абай-Верн» стипендиялық программасының аясында жүзеге асты. Осы кезеңде мен Густав Росси онкологиялық институтында 6 ай тәжірибе жасап, соңында, осы жерде Франция мемлекетінің грантын ұтып алдым. Қазіргі таңда, үш жылдық докторант келісім-шартына қол қойып, Paris-Sud университетінің медицина факультетінде онкологиялық бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Қазіргі таңда ДНҚ-репарациясымен айналысып жүрмін».
Темирхан Аюпов:
«Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегімін. 2018 жылы биология және биотехнология факультетін бітірдім. Қазіргі уақытта мен Оксфорд университетінде магистрлік зерттеуімді жүргізіп жатырмын.
Үлкен ғылым әлеміне жол ашуға көмектескен білімі мен тәжірибесі үшін кафедраның барлық оқытушылар құрамына және жетекшім Бисенбаев Амангелді Қуанбайұлына алғысымды білдіремін».