Белгілі шығыстанушы ғалым, т.ғ.д., профессор Ә.Қ. Муминовпен кездесу өтті
2021 жылғы 25 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) білікті маманы, т.ғ.д., профессор, танымал шығыстанушы ғалым Әшірбек Құрбанұлы Муминовпен кездесу өтті. Кездесудің негізгі мақсаты танымал шығыстанушы ғалыммен студенттерді жақынырақ таныстыру және жас мамандар мен студенттердің шығыстану ғылымына деген құлшынысын арттыру. Кездесуде Әшірбек Құрбанұлы ғылымдағы жолы, халықаралық тәжірибесі мен ғылыми еңбектері таныстырылды. Сондай-ақ, ғалымның қазіргі таңда айналысып жүрген негізгі еңбектері туралы жан-жақты сөз болды. Ғылымдағы жолы Ташкенттен басталған ғалым АҚШ, Түркия, Қытай, Франция және Германиядағы ғылыми орталықтардың арнайы грант иегері атанып, шақыртылған профессор ретінде жұмыс істеген. Бұл күнге дейін бірнеше шығыстану мектептерінің тәжірибесінен өткен ғалым «шығыстанушы» мамандығының аса құрметті, сыйлы мамандық екендігін ерекше атап көрсетті. Қазіргі таңда, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығында жұмыс істейтін ғалым 30-дан астам ғылыми еңбек пен 250-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, 13 халықаралық және республикалық ғылыми экспедициялар мен 23 ғылыми жобаға қатысқан. Кездесу барысында Муминов Әшірбек мырза жас шығыстанушыларға бағыт бағдар беріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Жас зерттеушілер тақырыпты таңдағанда елімізде зерттелмеген қолжазбалардың көп екендігіне мән беруі керек. Қазақ даласында әлі күнге тіркелмеген, зерттелмеген көптеген эпиграфикалық ескерткіштер мен әр аймақта, жеке мұрағаттарда араб графикасында жазылған қолжазбалар көп. Осы уақытқа дейін белгісіз болып келген қолжазбалардың зерттеу арқылы әрбір шығыстанушы ғылымға жаңалық әкелетіні және тарих, мәдениет, әдебиет және діннің зерттелуіне қомақты үлес қоса алатынын атап көрсетті. Ғалымның өзі қай жерде қолжазба немесе тасқа қашалған жазу, не болмаса теріге жазылған араб графикасындағы жазу бар екенін естісе, сол жерге ерінбей іздеп барып, сол көне жәдігермен танысып, зерттеуге тырысқанын және осылайша тәжірибе жинағанын тілге тиек етті. Кездесу еркін сұхбат түрінде өтті.