ҚазҰУ ректоры БҰҰ өкілімен кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев БҰҰ Ғаламдық коммуникация департаментінің Қазақстандағы өкілі Властемил Самекпен кездесіп, БҰҰ-ның Қазақстандағы құрылымдарының «Академиялық ықпал» Ғаламдық хаб (UNAI) бағдарламасы бойынша өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ адам құқығы, сауаттылығы, тұрақты даму және қақтығыстарды шешу сияқты БҰҰ–ның әлем таныған он қағидасын қолдауға бағытталған «Академиялық ықпал» бағдарламасына Орталық Азия университеттері ішінде бірінші болып қосылды. ҚазҰУ-де 2014 жылы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» ғаламдық хаб бағдарламасының ашылу салтанаты болды. Бұл бағдарлама әлем елдері арасындағы идеялар, тәжірибе, пікір алмасуға арналған талқылау алаңы қызметін атқарады. Академиялық ықпал – зияткерлік әлеуметтік жауапкершіліктің жаңа мәдениетін ілгері жылжыту үшін ақыл-ойды ғаламдық қозғалысқа бағыттау. ҚазҰУ бүкіл адамзатқа ортақ аса маңызды проблемаларды шешуге жаһандық академиялық қауымдастықты тартып, жан-жақты қолдау көрсетеді. Университет ғалымдары жасаған ғылыми зерттеулер мен эксперименттерінің нәтижелері тұрақты даму идеяларын ілгерілетуге едәуір ықпал етуде.
– Біздің университет БҰҰ–ның он қағидасында көрсетілген принциптерге бағытталған «Академиялық ықпал» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатыр, әрі қарай жалғастыра беруге дайын. Мүмкіндіктеріміз де бар. Осындай бейресми жағдайда кездесіп, бұрын келісілген, қол қойылған барлық бағыттарды дамытуымызға болады. Академиялық ықпал мәселесі бойынша Сіздің тәжірибеңіз мол, біз соны қолдап әрі қарай дамытуға тиіспіз. Бұл бағытта барлық мәселелер бойынша ақылдасып, алдағы уақытқа өзіміздің нақты жоспарлар мен іс-шаралардың жобаларын жасау үшін жиі кездесіп тұру керек сияқты. Халықаралық ынтымақтастықтың шетелдік тәжірибесі біз үшін өте маңызды. ҚазҰУ БҰҰ-ның Хабы болуының өзі үлкен бедел, бізге деген БҰҰ-ның сенім артуы деп түсінеміз, – деді өз сөзінде ректор Жансейт Түймебаев.
БҰҰ өкілі Властемил Самек университетпен ұзақ жылдық ынтымақтастық үшін ректорға ризашылығын білдірді. Ол 2006 жылдан бері ҚазҰУ-мен жақындығын және университет пен БҰҰ-ның белсенді, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
– ҚазҰУ-дың тұрақты даму саласындағы көпжылдық жоспарлы жұмысы, ғылыми-білім беру әлеуеті мен ЖОО-ның жетістіктері БҰҰ таңдауына қатты ықпал етті. UNAI хабының ҚазҰУ-да ашылуы ‒ бұл беделді халықаралық ұйымның жоғары дәрежедегі сенімінің, бүкіл адамзат өркениетінің жаһандық даму тренді болып табылатын университеттің тұрақты даму саласындағы жетекші рөлінің дәлелі. ҚазҰУ жаһандық хаб ретінде төртінші мерзімге қалдырылды. Әрине, лайықты болған соң, бұл әрбір ЖОО қолынан келмейді, ‒ деп атап өтті Властемил Самек. – Жақында, 2 наурыз күні Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде БҰҰ-ға кіргеніне 29 жыл толуын атап өтті. Менің құттықтауымды қабыл алыңыздар. БҰҰ басшылығы үнемі алдыңғы қатардан табылатын сіздердің университетіңізге риза. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та БҰҰ-ның үлкен мінберінен Алматыны БҰҰ-ның көпжақты дипломатияның өңірлік хабына айналдыру ниетін білдіргенін білесіздер. Университеттің шаңырағы астында көптеген пайдалы, игі істер жүзеге асырылуда. Тағы бір маңызды жұмыс – жастарға бағытталған БҰҰ 2030 стратегиясына дайындық. Айта кетейін, Сіздердің университеттеріңіз халықаралық шараларға маманданған. Қазақстандағы БҰҰ өкілдігінің және Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қолдауымен ҚазҰУ «БҰҰ Моделі ‒ Жаңа Жібек жолы» әлемдік студенттік бағдарлама-ойындарының бір бөлігі болды. Осы бағытқа көп көңіл бөліп, бізге қолдау көрсетіп бірге жұмыс істеп жатқандарыңыз үшін Сіздерге тағы да алғыс айтамын. Бізде әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады, Сіздерді қонақ ретінде соларда көргім келеді.
Кездесуді қорытындылай отырып ҚазҰУ ректоры жоғары мәртебелі қонаққа өз алғысын білдірді және студенттермен онлайн-кездесу ұйымдастырып БҰҰ-ң жаһандық мәселелері мен жобалары туралы әңгімелеп беруге шақырды. Жансейіт Қансейітұлы ҚазҰУ-да университет студенттері үшін танымал шетелдік ғалымдар мен көрнекті қайраткерлердің дәрістер легі басталғалы отырғандығы туралы хабарлады.