ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН АДАМГЕРШІЛІКТІҢ БИІК СИМВОЛЫ
Ұлы әдебиет майданында ұлтының ұлылығын ұлықтап, ғылым жолында өзіндік қолтаңбасымен дараланған қазақтың қарымды қаламгері, ұлағатты ұстазы һәм кәнігі ғалымы Әбілфайыз Ыдырысовтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз! Шынтуайтына келгенде, тарих беттеріне көз жүгіртсек, әлемде шығармашылығымен де, адамгершілігімен де адамзаттың ұлы өмірінде өлшеусіз сүбелі еңбегін қалдырып кеткен қаһармандар сарала қаздың құмайындай некен-саяқ. Атаққа да, даңққа да ермеген, күллі күшін ғылым жолына, шығармашылық жолына сарп еткен Әбілфайыз Ыдырысовтың қаншама қазақ ғылымында, қазақ журналистикасында тер төгіп, шынайы жанашырлықпен, ұлы қазақы рухпен еңбек сіңіріп келе жатқан түлектерді тәрбиелегені ұстаздың бір ғана қыры. Әбілфайыз Ыдырысов қазақ журналистикасының тарихындағы өскелең ұрпаққа өнеге болатын оқиғаларды, ата-бабамыздың бұл саланы, шын мәнісінде, ежелден жетік меңгергенін терең зерттесе, баспа ісі саласындағы безендіру өнерінің сан түрлі қыры мен сырын суреттеп зерттеуі - ғалымның ғылым жолында тыңнан түрен салғанын байқауымызға болады.
Себебі, баспа ісі саласы қай кезде де өзінің маңызын жоғалтпайтын, қандай заманның да ақжал толқынына дес бермейтін ауадай қажет сала. Аталмыш саланың дамуы - ұлттық құндылықтардың терең насихатталуына, жаһандық дәуірлеу заманында ақпараттық ағымның жедел жылдамдығымен қатар, рухани-танымдық құндылықтармен орайластырып қарыштап дамуына даңғыл жол салады.
Сондықтан да, баспа ісі саласының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым Әбілфайыз Ыдырысовтың ғылыми еңбектері қай кезде де маңызын жоғалтпайтыны белгілі.
Шығармашылық адамының тағдыры да өзгеше болатыны рас-ау. Сын мен сынаққа толы кенеуі кетік кем дүниеден меселі қайтпай, тағдыр салған талқыға дес бермей, мойымай, жігерін құм қылмай, керісінше, болаттай шыңдалып, алдаспандай қайралған Әбілфайыз Ыдырысовтың балалық шағы тынымсыз еңбекке толы еді. Сарсаңға салған сұрапыл соғыстың сүреңі кішкентай сәбидің отбасын айналып өтпеді. Әкесі соғыстан оралмай, анасы ертерек дүниеден озған сәбидің өмірі ерте есеюге, ерте еңбекке араласуға мәжбүр етті. Бұл, әрине, болашақ ғалымның өмірдің қияпатынан сүрінбей өтуіне, әрдайым рухының асқақтап, тобылғының берегіндей берік болуына ықпал етті. Сөйтіп, әке орнына әке, ана орнына ана болған ағасы Хамит зерделі Әбілфайыз Ыдырысовтың зеректік, аңғарымпаздық қасиетін көріп, оқуға жібереді.
«Болар бала он бесінде баспын дер» деген тәмсіл бар емес пе?! Оқуын үздік тәмамдаған ғалым әл-Фараби атынбағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне түсіп, жаңа серпінмен жаңа белестерді бағындыруға аттанады. Оқиды, ізденеді, шартарапқа шарқ ұрған сұңқар қиялын көкке өрлетіп, білімнің шынайы жолына түседі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарады. Желтоқсан оқиғасына қатысып, оқудан қуыла жаздаған студенттерді алып қалып, болашағының бұлыңғыр болуынан сақтап, қамқорлығы мен мейірімін аямай төгеді.
Сегіз жүзден астам ғылым еңбектер жазады. Мұнымен тоқтамай, қаламгерлікке, жазушылыққа бет бұрады. Себебі, журналистік қызмет шынайы шығармашылық иесіне аздық етеді. Өмірде болып жатқан түрлі оқиғалар, қос ғасырдың тоғысы, қос заманның түйісі, адамзаттың астарлы ғұмыры Әбілфайыз Ыдырысов жазушының күллі жан-дүниесін тебірентеді. «Боздақ», «Кербұзакдың өлімі» іспетті өмірлік повестер, жетпіске жетерлік новеллалар, «Таңшолпан» атты романды дүниеге әкеледі.
Тарих сахнасына көз жүгіртсек, әлемде жазушылық пен журналистікті қатар алып жүрген қалам иелері саусақпен санарлықтай. Аляскадағы өмір мен өлімнің арпалысын керемет суреттеген Джек Лондонның, «Шал мен теңіз» атты туындысы үшін Нобель сыйлығына ие болған Эрнест Хемингуэйдің журналистика саласында қызмет атқарғанын білеміз. Нью-Йорктың белді басылым беттеріне қысқа әңгімелерін жариялап, оқырман қауымын қанаттандырған О.Генридің еңбегі тіпті жарқын. Бұдан біз қазақтың журналисі, жазушысы Әбілфайыз Ыдырысовтың сегіз қырлы, бір сырлы болғанын айқын байқауымызға болады.
Иә, расымен де өзі дүниеге келген заманынан озып шығатын талант иелері қай кезде де адамзат әлемі үшін мәңгі сөнбейтін, мәңгі өшпейтін із қалдыратыны бесенеден белгілі. Сондықтан да, қазақ журналистикасы саласында, ұстаздық жолында, шығармашылық жолында ешкімге ұқсамайтын дара да соны өнегесімен сара жол салған Әбілфайыз Ыдырысов – шығармашылық пен адамгершіліктің биік символы!
Аружан Елғондинова