Мақал - сөздің мәйегі

16 наурыз, 2021

Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік мәдениеті, руханияты, тәлімгерлік дүниесі мен ғибратты өнегесі терең дамыған. "Аталы сөз айтсаң, атаңның құнын кешетін" атайы ер "білектінің бірді жығатынын, білімдінің мыңды жығатынын" ықылым замандардан бері білген. Қазақ халқымыздың "ауыздыға сөз бермейтін, аяқтыға жол бермейтін" от тілді, орақ ауызды, сөзге ділмәр шешендері қаншама ғасырлардың қойнауынан қаншама құнды қазыналарды аршып алып, саф күйінде өскелең ұрпағына аманаттады. Қазақтың қаншама  өрге шабатын өрен жүйрік, өргек ақындары "жүрегінің түгімен, табанының бүрімен" сұрапыл соғыста жауынгерлерді жасын жырларымен рухтандырып, кірмембес шерікті ұлы рухпен тойтарды. Бұл - халқымыздың сарқылмайтын қазынасы. Сарқылмас қазынаның ішінде қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын қасиетті мақал-мәтелдердің орны тіпті бөлек. Бір ауыз сөзбен күллі адамзат ғұмырының астарлы әлемін бейнелейтін мақалдың құдіреті ерекше. Пайымы мен парасаты кең киелі еліміз үнемі мақалдап, мәтелдеп, көркем тілмен сөйлеген. 

Сондықтан да, болашақ журналистердің тілі бай, шұрайлы, оралымды, ырғақты болуы үшін, мақал-мәтелдерді көптеп білу міндет десем, артық айтқандық емес. "Көре-көре көсем болып, сөйлей-сөйлей шешен болған" киелі халқымыздың аманаттап қалдырған әрбір мағыналы, мәнді мақал-мәтелдерін ұмыт қалдырмас үшін, Біз, Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы келесі шараны мақал-мәтелдерге арнап, "Мақал-сөздің мәйегі" атты тақырыпта пікірталас өткізуді мақсат тұттық. Аталмыш шара наурыз айының 19 жұлдызында сағат 14.00-де өтеді. Қатысамын деушілерге онлайн есік ашық!

 

Материал авторы: Елғондинова Аружан