"Ана тілі" Ұлт газеті

2 июня, 2011

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінде арабтану кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Қазақстанның 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымының сыртқы істер министрлігі кеңесіне төрағалық етуіне арналған «Араб тілі мен мәдениеті күндері» атты апталық өтті.

Апталық жұмысы аясында факультет қабырғасында бүнігі таңда әлемдік қауымдастық назарындағы ең өткір өзекті мәселе – Араб шығысындағы саяси толқулар, олардың себеп-салдарлары тақырыбына арналған «Араб әлеміндегі қазіргі саяси ахуал» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге ҚР-дағы Египет Араб Республикасының мәдениет және білім істері бойынша атташесі, Алматыдағы Египет мәдени орталығының директоры, доктор Субхи ас-Сухейми мырза, сонымен қатар отандық танымал шығыстанушы-ғалым, ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары Әшірбек Муминов, арабтану кафедрасының түлектері – белгілі саясаттанушы, дипломат Расул Жұмалы мен ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, дипломат Алмат Өмірзақ, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғали және саясаттану ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы, дипломат Мұхит Асанбаев қатысты.

Дөңгелек үстелде араб әлеміндегі саяси толқулардың себеп-салдарлары кеңінен талқыланып, қатысушылар бұл мәселенің түйіні туралы өз болжам-пікірлерімен бөлісті. Араб елдеріндегі саяси толқулардың басталуына түрткі болған ішкі және сыртқы факторларды айқындауда қазіргі таңда «пәленің төркінін тек Батыстан іздеуге» дағдыланып қалған интернет желісіндегі белгісіз сараптамашылардың пікірінен өзге, отандық шығыстанушы мамандардың тың, ғылыми негізделген тұжырымдары айтылып, бұл оқиғалардың алдымен араб елдеріне, одан кейін аймақтық, халықаралық деңгейдегі әсері талқыланды.

Студенттердің қойған сауалдарына Египет, Сауд Арабиясы, Катар, Ливия, Израиль елдеріндегі Қазақстан Республикасының елшілігінде дипломаттық қызмет атқарған Расул Жұмалы мырза кәсіби арабтанушы маман ретінде әр араб еліндегі болып жатқан саяси толқулардың себеп-салдарларын тарихи, саяси, экономикалық тұрғыдан жіктеп, саралай отырып жауап берді.

Ғалым Әшірбек Құрбанұлы студенттердің талабы мен қызығушылықтарын қолдай отырып, болашақ шығыстанушылардың ғылымға деген ынтасын арттырар ағалық ақыл-кеңестерін берді. Дипломаттық қызметтен ғылыми жұмысқа ауысқан, дөңгелек үстелге шақырылған жас ғалымдар Алмат Өмірзақ пен Мұхит Асанбаев та студенттерге ой тастар пікірлер айтып, ғылымның кез келген кәсіптен ұлықтығын айшықтап өтті.

Шығыстанушы студенттердің жоғары білімі мен араб елдеріндегі саяси ахуалға, оның халықаралық саясатқа ықпалына деген қызығушылығын жас арабтанушылардың болашақ маман ретінде қалыптасуының жоғары екендігін дөңгелек үстел қонақтары ерекше атап өтті. Қазақ, орыс және араб тілінде өткен дөңгелек үстел жұмысын доктор Субхи ас-Сухейми мырза да аса жоғары бағалады.

Бақыт АҚТАУЛОВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арабтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты