"ҚазАқпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

10 маусым, 2011

Мектеп менеджментін жақсартудың бір жолы - қағазбастылықты азайту - О.Дәрменов

АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ -Университеттер рейтингісін арттырып, әлемдік топ-университеттер тізіміне ену үшін жоғары мектеп менеджменті оңтайлы жүргізіліп, заманауи тәжірибелерді қолдану қажет.

Бұл жайында бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп менеджментінің қазіргі жағдайы мен мәселелері» атты дөңгелек үстел барысында айтылды.


Аталған шараға еліміздің әр аймағынан келген жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, қазіргі жоғары оқу орындарындағы мәселелер және жоғары оқу орындарын тиімді басқарудың әдісі, жоғары оқу мекемелерін басқарудың жаңа жолы, жоғары мектеп менеджментінің даму болашағы жайында тақырыптар қозғалып, отандық оқытушы-профессорлар өзара пікір алмасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры, жақында ғана халықаралық деңгейдегі оқытушы құрметті атағымен марапатталған профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев университеттің менеджменті турасында кеңінен тоқталып, отандық әріптестерімен тәжірибе бөлісті. «Еліміздегі жоғары оқу орындарының көшін бастап тұрған ҚазҰУ-да менеджмент өте жақсы дамыған. Бізде ғылыми кеңес, ақпараттық технологиялар бойынша кеңес, қоғаммен байланыс кеңесі сияқты менеджмент саласын тиімді атқаруға бағытталған бірнеше кеңестер жұмыс істейді. Әр кеңес жұмысы менеджменттің тиімді жүргізілуіне ықпал етеді. Университет басшылығының талабына сай университеттегі ғылыми зерттеу институттары, факультеттер және кафедралардың барлығы тиімді жобалармен арнайы жұмыс істеп, шетелдік әріптестікті дамытуда. Университетте Матричтік жүйе қызмет атқарып келеді. Бүгінде Кайдзен жүйесін тәжірибеге енгізіп отырмыз. Бұл жүйелер Жапонияда және тағы да басқа шетелдік компанияларда, жоғары оқу орындарда кеңінен қолданылады», - дейді профессор М.Бүркітбаев.

Сонымен қатар ол пәндерді ағылшын тілінде де өткізу үдерісін енгізу - ұлттық зерттеу университетіне айналуда жоғары көрсеткішке жетелейтінін, ол үшін шетелдік ғалымдарды шақыртумен қоса, отандық оқытушылар да шет тілін еркін меңгеруі қажет екендігін айтып өтті. Дөңгелек үстелде белгілі болғандай, түлектер де өз кезегінде университет менеджменттінің нәтижелі атқарылуына толағай үлес қосады. Батыстық, жалпы кәсіпкерлік психологияда түлек тек үздік университетке, кәсібилікке жетуіне үлкен бағдар берген білім ордасына ғана қолдау көрсетеді деген пайым бар екен. Бұл орайда, түлектер қоры эндаумент деген атауға ие. Ал, эндаументтің жақсы қызметі сол университет менеджментінің жүйелілігін байқатады.

Ғалымдар жоғары оқу мекемелерінің басқарудың жаңаша түрін қарастыру қажет екендігін айтты. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы Үздіксіз білім беру орталығының директоры Оралбай Дәрменов менеджменттің дұрыс болуы білім сапасының жақсаруына ықпал ететіндігін айтады. «Білім сапасын жақсарту үшін ұстаздарды, оқытушыларды қағазбастылықтан алыстату керек. Министрліктен келетін тексерістер қағаз жұмыстарын көбейтеді де, оқытушыны алаңдатып, оқыту үдерісіндегі уақытын зая кетіретіні жасырын емес. Оқытушы есеп-қисап, қағазбен уақыт кетіргенше, білім, ғылымға көп уақыт бөлуге міндетті. Ендеше менеджментті жақсартудың бір жолы - осы қағазбастылықты бір жүйеге келтіру керек деп есептеймін», - деген ойын жеткізді. Профессордың айтуынша, жоғары оқу орындары менеджментінің жақсаруына университеттермен қатар министрлік те тиімді жолдарды тәжірибеге енгізіп отыруы қажет.

Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп менеджментінің қазіргі жағдайы мен мәселелері барысында ғалымдар пікір алмасқаннан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Біліктілікті арттыру институтының директоры университетте өткен «Жоғары мектеп менеджменті» курсының 2 топтағы бірінші тыңдаушыларына мемлекеттік үлгідегі куәліктер табыс етті. Курсқа еліміздің әр өңірінен келген 27 тыңдаушы қатысты.