«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

17 тамыз, 2011

АЛМАТЫ. 17 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 мың грантты иеленді,

деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Гранттың 2925-і бакалавриатта білім беруге арналса, 933-і - магистратура, 143-і PhD докторантураға берілген. Университетке Білім және ғылым министрлігі өткен жылмен салыстырғанда биыл оқу гранттарын магистратура мен PhD докторантураға екі есе көбейткен.

Қабылдау комиссиясына 2010 жылы барлығы 7,5 мың талапкер тапсырса, 2011 жылы 7,9 мың талапкер өтініш білдірген.

Сараптама нәтижесіне сүйенсек, талапкерлер тарапынан инженер мамандығына және ғылыми-жаратылыстану бағытына сұраныс артып отыр.

Сұранысты ескерген университет жаңа мамандықтар ашқан. Олар: нанотехнология, логистика, космос техникасы мен технологиясы, дизайн, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, геология және табиғатты пайдалану және т. б.

ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне айналуы оқу орнының барлық қызметін қамтыған. Түбегейлі ауысу ең әуелі факультеттерден басталған. Олар кластерлік тұрғыдағы негізге сай жасалған. Әсіресе, оқу мен ғылым кеңістігі кеңейгені талапкерлерді қызықтыруда екен. Мысалы, химия факультеті қазір «химия және химиялық технология» деп аталса, физика факультеті - «физика-техникалық», биология факультеті - «биология және биотехнология», география факультеті - «география және табиғатты пайдалану», тарих факультеті - «тарих, археология және этнография», филология факультеті - «филология, әдебиеттану және әлем тілдері» және т.б.

Сондай-ақ аталған университетте жаңа жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті ашылған.

ҚазҰУ-да студенттерді біліктілікті арттыру арқылы оқытудың жаңа модульдік технологиялары енгізіліп, бұл жұмыс берушілердің талаптарын да ескере отырып жасалынған.

Жаңа оқу жылында университет жанынан жоғары сынып оқушыларына арнайы мектеп-лицей ашылмақ. Еліміздегі беделді университетінде оқып, білім алғысы келетіндер үшін бұл үздіксіз білім алуда, әлемдік еңбек нарығында жоғары білікті маман болу үшін үлкен мүмкіндік: «мектеп-лицей - колледж - бакалавриат - магистратура - докторантура PhD».