«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

23 тамыз, 2011

23.08.2011 / 14:33

ҚазҰУ-да бірінші рет ашық түрде кафедра меңгерушісі лауазымына тағайындау байқауы өтті

АЛМАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорат мәжілісінде кафедра меңгерушісі лауазымына тағайындау байқауының нәтижесі жарияланды, деп мәлімдеді университеттің баспасөз орталығы.

Байқаудың өтетіндігі туралы университеттің «Қазақ университеті» газетінде және «Казахстанская правда» басылымында жарияланған болатын. Байқауға өтініш білдіргендердің арасында барлық қойылған талаптарға сай келген 120-дан астам үміткер қатысқан. Нәтижесінде университеттегі кафедра меңгерушілерінің саны 63-ті құраған. Орташа жас мөлшері 51 жасқа сай келеді екен.

Ректорат мәжілісінде байқау нәтижесі жарияланып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры мен кафедра меңгерушілері жұмыс келісімшартына қол қойған.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жаңа оқу жылында жаңа қызметке тағайындалған кафедра меңгерушілерін құттықтап, бұрынғы кафедра меңгерушілерінің табысты атқарған еңбектеріне алғыс білдіріп «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Ректордың айтуынша, ҚазҰУ-дың Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында кафедралар іріленіп, нәтижесінде мамандардың әлеуеті артқан. «Кафедралардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өз кезегінде университеттің бәсекеге төтеп беруін нығайтады. Сол арқылы біз білім ордасын әлемдік биік сатыға көтеруіміз керек. Ол үшін шығармашылық пен жаңашылдыққа бай, мәдени орта қалыптастыруымыз керек. Бүгінгі тағайындалған кафедра меңгерушілерімен осы ортаны қалыптастырамыз деген сенім зор. Ғылыми кластерлер негізінде кафедралар іріленіп, факультеттердің атауы өзгеріп, оқу ордасы жаңарып, жаңғырып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жаңа оқу жылын басқарудың жаңа үлгісімен бастамақ. Бұл үлгі оқу орнының әлемдік зерттеу университеттері қатарына енуіне мүмкіндік береді», - дейді Ғалымқайыр Мұтанұлы.

Професор Қансейіт Әбдезұлы байқаудың ашық, жариялы түрде өткендігін, оған университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен қатар еліміздің өзге де жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысқандығын жеткізді. «Іріктеп, таңдау күрделі өтті. Нағыз мықты деген ғалымдар бақ сынасты. Бұл байқауды университет жолындағы үлкен бір тарихи белес деп айтуға болады. Мұндай реформалар жай өзгеріс үшін емес, университет беделін асқақтатып, еліміздің білімі мен ғылымын дамыту үшін жасалынып жатқан үлкен ғылыми күш болады», - дейді професор.

Ректорат мәжілісінің мүшелері де университет саннан сапаға көшкенін айта келе, оның тарихында бірінші рет кафедра меңгерушісі ретінде келісім-шартқа қол қойған мамандар бұл құжат кафедра меңгерушісінің құқықтық, саяси-моральдік мәртебесін көтеретіндігін жеткізді.