"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси апталық

19 сентября, 2011

Қайрат ЖҮСІПОВ: Біз университеттің даму бағытының үш негізгі күшін анықтадық

Қайрат Жүсіпов - қашанда уақыт ағымымен ілесіп, өмір сапынан қалмайтын жандардың бірі. Оның өмір жолы қазақ елі тәуелсіздігінің қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Қандай қызметте болсын, Отанына адал қызмет етуді түпкі мақсат етіп қойды.

- Қазіргі кезде Қазақ ұлттық университетінде үлкен өзгерістер болып жатыр...
- Біз университеттің даму бағытының үш негізгі күшін анықтадық, олар - басқару жүйесі, білім беру үдерісі және заманауи талаптарға сай ғылым жүйесі. Қазақ ұлттық университеті ғылыми-зерттеу университетінің моделіне жақындап қалды. «Зерттеу университеті» терминінің өзі ЖОО-ның ерекше даму бағыттарын белгілейді. Олар - қазіргі қоғамның жаңаша біліммен қаруланған мамандарға сұранысын қанағаттандыру, ғылымның жетістіктерін экономиканың нақты секторларында жүзеге асыру және еліміздің адамзаттық құндылықтарын қалыптастыру. Қазіргі уақытта ғылыми-техникалық идеялар мен зерттеулер, жоғары технологиялар мен көп салалы ғылым өнімдері, кадрлардың интеллектуалдық және білім потенциалы - ұлтымыздың инновациялық қабілеттілігінің көрсеткіштері ретінде экономиканы тұрақты дамытудың қозғаушы күштері болып табылады. Көптеген дүниежүзі елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, білімге негізделген тиімді экономикаға көшуде әрқашанда университеттер жетекші рөл атқарған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 75 жыл бойы негізгі білім ордасы болумен қатар, нақты ғылыми зерттеулерді де жүзеге асырып келеді. Ғылым мен білімді және инновацияны шоғырландыру негізінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға қойып отырған ең басты міндет - университет түлектерінің дүниежүзінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы.
- Қайрат Зияұлы, сіздің мемлекеттік құрылымдарда, прокуратура және сот жүйесінде жұмыс істеген үлкен тәжірибеңіз бар. Ал қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аппаратының жетекші қызметіндесіз...
- Мен құқық қорғау органдарында жұмыс істедім. Мені сыйлы азаматтар шақырған соң, іскер адамдармен бірге жұмыс істеудің өзі үлкен мақтаныш. Аппарат басшысы қызметіне келу мен үшін үлкен абырой болды, өйткені мен Қазақ мемлекеттік университетінің 1973 жылғы түлегімін, әрі осындай қасиетті білім ордасында білім алғанымды әрқашан мақтан тұтамын. Менің өмірім, еңбек жолым осы университетте алған біліміммен тығыз байланысты болды, енді міне, туған университетімнің алдындағы борышымды өтейтін уақыт та келіп жетті ғой деймін. Университеттің әдемі ғимаратына кіргенде, әлі күнге дейін студенттік кезімдегі сияқты бір толғаныс күй бойымды билейді. Себебі бұл жерде мен оқыған кезде декан болған академик Сұлтан Сартаев, атақты заңгер Салық Зиманұлы Зиманов және У.Шалекенов, Т.Кәкішев сынды ғұламалар, солардың ізін басқан Қ.Жұмағұлов сынды ұстаздар әлі күнге дейін еңбек етіп жүр.
Мен туған ұяма, жер шеңберін бір айналып келіп, қайта оралған сияқты боламын. Аппарат жұмысы маған жақсы таныс. Мен Жоғарғы сотта, Бас прокуратурада, Білім және ғылым министрлігінде, Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінде аппарат басшылығы қызметтерін атқардым. Қазір өзім еңбек етіп жүрген ректор аппараты қызметінің негізгі бағыттары: Білім және ғылым министрлігінің, университет ректорының бұйрықтары мен өкімдерінің және заңдардың бұлжытпай орындалуын қадағалау, университеттің барлық бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру болып табылады.
- Сіз республикаға белгілі заңгерсіз, қазіргі қолданыстағы тілмен айтқанда, мемлекеттік менеджерсіз. Ал оқытушылық қызметпен айналысып көрдіңіз бе?
- Қай қызметте болсын, жастар аудиториясында жиі болатынмын. Мен кезінде. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті ректорының кеңесшісі, Астана қаласындағы Медицина университетінің проректоры қызметтерін атқардым. Оқытушы болып жұмыс істеген жоқпын. Заң ғылымдарының кандидаттығы дәрежесін алуға ұсыныстар болды. Менің ойымша, ғалым болу - бұл Алланың берген сыйы. Сол себепті тек ғылыми дәреже алу үшін ғана диссертация қорғау дұрыс емес. Адам, ең алдымен, өз ісінің шебері, қоғамда өз орны бар әрі сұранысқа ие маман болуы тиіс. Ал мен кәсіби маман болудағы мақсатыма толық жеттім деп ойлаймын, жиырма жыл бұрын генерал болғаным да бар. Балаларыма және немерелеріме өмірлік тәжірибемнен айтарым көп.
Егер ғылым мен ғалым туралы айтатын болсақ, біздің университеттің интеллектуалдық қуаты мықты: 2 мыңнан аса жоғары білікті оқытушылар, оның ішінде 11 академик, инженерлік және басқа академиялардың 53 академигі, 300 ғылым докторы, 700 доцент пен ғылым кандидаттары, 40 PhD докторлары бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - республикадағы өзіндік жеке ғылыми ұйымдар жүйесі бар бірден-бір оқу орны. Бізде 25 ғылыми-зерттеу институты және ғылыми орталықтар, сонымен бірге ғылыми-техникалық парк, Ұлттық нанотехнологиялық зертхана жұмыс істейді. Классикалық түрдегі жоғары оқу орнын зерттеу университетіне айналдыру үшін факультеттер кластерлік негізде мынадай бағыттар бойынша құрылды: өмір, биотехнология және қоршаған орта туралы ғылым, химиялық-технологиялық және физикалық-техникалық ғылымдар, нанотехнологиялық және материалтану ғылымдары, математикалық және компьютерлік ғылымдар, ақпараттық және космостық технологиялар ғылымы, инжиниринг және көп салалы ғылымдар технологиясы, заң ғылымдары және қазіргі құқық, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және технология, инновациялық бизнес, халықаралық қатынастар және әлемдік экономика ғылымдары.
Университет өмірін барлық бағытта қайта жетілдіруді көздейтін бағдарлама профессорлар мен оқытушылардың және қызметкерлердің талқылауына ұсынылды. Университет ректоры, академик Ғалым Мұтановтың басшылығымен өткізілген бұл жұмыс университет ұжымының, ректораттың және ғылыми кеңестің қолдауын тапты. Түбегейлі қайта құру бәсекеге қабілетті кафедраларды құру арқылы жүзеге асырылатынын бәрі де жақсы түсінеді. Өйткені осындай кафедралар жоғары оқу орнының басты оқу және ғылыми құрылымдық бөлімі болып табылады. Қазіргі заман талабына сай олардың университет қызметіндегі рөлін барынша өзгерту қажеттігі туып отыр. Қазіргі кезде кафедраларға барлық өкілеттіліктер берілген. Олардың материалдық және ғылыми-лабораториялық базaсын нығайтуы және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалған.
Университеттің жұмысын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды шаралардың алғашқы жетістіктері де белгілі болды. Quasguarellі Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігі - дүниежүзі университеттері дамуының сапалық көрсеткіштерін бағалау саласы бойынша ең беделді ұйым болып табылады. Қазақ ұлттық университеті бір жыл ішінде 200 орынға жоғарылап, 401-450-ші дәрежеге енді. Осылайша ол Орта Азия ЖОО ішінде бірінші болып, орта дәрежелі топ-университеттердің қатарынан көрінді. QS рейтингісі дүниежүзінің 700 үздік университетін құрайды. Алғаш рет біздің университет бұл рейтингке 2009 жылы қатысып, 601-650-ші орында болды. Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз қазақстандық агенттік өткізетін Қазақстандағы ЖОО-ның бас рейтингісінде де ҚазҰУ бірінші орында.
- Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуып, заңгер болғаны бар ма?
- Иә, балалардың бәрі де өз ата-аналарына ұқсағылары келеді. Қызым Әйгерім Қазақ сәулет-құрылыс академиясының аспирантурасында оқи жүріп, Қазақ мемлекеттік заң академиясының заң факультетін қосымша бітіріп алды. Ол - экономика ғылымдарының кандидаты, оқытушы және ағылшын тілі бойынша кәсіби аудармашы дипломы бар. Қызым Айсұлу медицина жағында қызмет етеді, әрі ғылыммен айналысады. Жапониядағы медицина университетінің PhD докторанты. Ал ұлым Нұрсұлтан Қытай елінің заңдарын оқып-үйренуде. Ол қытай, ағылшын, түрік тілдерін жақсы меңгерген. Менің мақсатым - тек өз балаларымның ғана емес, университетіміздің барлық студенттерінің жақсы білім алуына көмектесу.
- Сіз жоғары лауазымды қызметтерде болдыңыз, атап айтқанда, облыс прокуроры, республика прокурорының орынбасары, облыстық соттың төрешісі, республикадағы бірінші әкімшілік соттың төрағасы, жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Мемлекеттік комиссиясының мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Компартиясы ОК-нің аппаратында, республиканың Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы. Сіз үшін не қымбат және көбірек есте қалған сәтіңіз?
- Мен республикамыздың Жоғарғы Кеңесінің шақырылымына 2 рет халық депутаты болып сайландым. Он екінші шақырылым - мен үшін солардың ішіндегі ең маңыздысы. Жас тәуелсіз еліміздің тағдырын шешетін құжаттар да сол кезде қабылданған болатын. Бұл құрамдағы депутаттар жоғары кәсібилігімен ерекшеленіп, Қазақстан тарихында есімдері мәңгілікке қалды. Парламентте өзімнің тәлімгер ұстаздарым - ректор, академик Өмірбек Жолдасбековпен, ғалымдар - Салық Зимановпен, Сұлтан Сартаевпен, жас оқытушы (сол жылдары) Николай Акуевпен және басқа да мен бағалайтын адамдармен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.
- Жақында «Азия мониторинг» газетінде екі түрлі мақала шықты. Осы туралы не айтар едіңіз?
- Иә, жақында бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті зерттеу университетіне өтудің алғашқы қадамын жасады Соның бірі заманның жаңа талабына орай, оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім саласын дамытуға байланысты талаптарын орындау ниетінде университетте кафедралар біріктіріліп, оның бірқатар жаңа басшылары тағайындалды. Міне, осыған байланысты кейбір түсініспеушіліктер пайда болып, баспасөзде пікірталас болғаны рас. Алайда бұл мәселе ғылыми кеңесте оң шешімін тапқан болатын. Осы жағынан айтарым, ешқандай дау жоқ, қайта реформаны оқытушылар құрамы жылы қарсы алды. Соның ішінде 2011 жылы тұңғыш рет экономика факультетінде құнды қағаздармен жұмыс істеу орталығы ашылды. Сонымен қоса журналистика факультетінде Т.Қожекеев атындағы үлкен акт залы, студенттердің баспасөз орталығы және танымал журналист түлектердің фото галареясының ашылу салтанатына ие болды. Бұлардың барлығы қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жабдықталған. Бұдан өзге де университет басшылығымен модернизациялау мақсатында іс-шаралар жүргізіліп, көптеген жұмыстар жалғасын табуда. Біз мұндай жетістіктерге ел болып қуануымыз қажет.

- Әңгімелескен
Жолдасбек ДУАНАБАЙ