ҚАЗҰУ-ДА ҚР ҰҒА-НЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМДАР МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясы Әлеуметтік ғылымдар бөлімшесінің мәжілісі өтті.
Алқалы жиынға Ұлттық ғылым академиясын реформалау барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген келелі міндеттер арқау болды.
Жиында бөлімше төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы баяндама жасады. Онда «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 01.06.2022 жылғы тапсырмалары аясында ҚР ҰҒА әлеуметтік ғылымдар саласы қызметін орта мерзімді уақытқа реформалаудың міндеттемелері туралы» кеңінен қамтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде академия мәртебесінің өзгеруіне байланысты ауқымды міндеттерді алға қойған болатын. Осы орайда, бөлімше төрағасы жаңа қазақстандық қоғамды құру жолындағы жауапты да күрделі кезеңде әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласы мен оның өкілдеріне қойылатын талаптың бірнеше есе артқанына мән берді.
Сонымен қатар ҚР ҰҒА мәртебесінің өзгеруі жағдайында әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласының алдында тұрған міндеттерді шешу жолдарын іске асыру саланың дамуына үлкен серпіліс беретінін атап өтті.
«ҚР ҰҒА-ның әлеуметтік ғылымдар саласындағы таяу келешекке арналған реформалары шеңберінде ғалымдар әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ағымдағы жағдайын талдап, бірқатар міндеттерді шешуі тиіс», – деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ баяндамада бірнеше міндет ұсынылды. Олар: мемлекеттік, салалық және жеке ұйымдар қажеттілігін талдау, ҚР ҰҒА және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының конференциялық қызметін коммерциялық дамыту, қолданбалы білім беру өнімдерін дамыту және ұйымдастыру, ҚР ҰҒА сараптамалық-консультациялық қызметі саласындағы және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының коммерциялық өнімдері, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы жаңа редакциялық-баспа саясаты, қаржыландырудың стандартты емес көздерін тарту, ҒЗИ мен ҚР ҰҒА ғылыми-инновациялық инфрақұрылымының мазмұны мен қызметін жаңғырту және т.б.
Ғалымдар университеттік ғылымды өркендету, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-зерттеу жұмыстары мен ғылыми-технологиялық дамудың ұзақ мерзімді перспективаларын жетілдіру мәселелерін талқылады.
Алдағы уақытта отандық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның мемлекет пен қоғам дамуына қосатын үлесі күшейтіліп, нақты көрсеткіштер арқылы шынайы іске асырылатынын тұжырымдады.
ҚР ҰҒА-ның елді экономикалық және әлеуметтік-қоғамдық жаңғырту бағытындағы рөлі мен орны жоспарланған кешенді жұмыстар арқылы көрініс табатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі