"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі
05.10.2011 / 18:18
Алғашқы Президенттік шәкіртақы иегері атану үлкен міндет жүктейді
АЛМАТЫ. 5 қазан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алғашқы Президенттік шәкіртақы иегері атану үлкен міндет жүктейді. Бұл туралы Президенттік шәкіртақыны иеленген ҚазҰУ-дың қос магистранты Диляра Копытина мен Диана Бүрлібаева бүгін ҚазҰУ-де оқытушы, студенттермен кездесуі барысында айтты.
Кездесу барысында олар Елбасының қабылдау рәсімінде тек Президент ретінде емес, сонымен қатар, ғалым, академик ретінде де ой бөліскенін айтып, өздерін жас ғалым ретінде шынайы сезінгендерін айтып жеткізді. Барлық магистранттардың ғылыми жұмыстарымен жиналған қауымды таныстырып, олардың да зерттеп отырған тақырыптарын тарқатып айтты. Сондай-ақ, Президентпен кездесуден кейін ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловпен те жүздесіп, ҚазҰУ студенттері атынан «Әл-Фараби» мүсінін сыйға тартып қайтыпты.
«Біз, еліміздегі алғашқы Президенттік стипендия иегерлеріміз, бұл біз үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Барлық магистранттар мен студенттерге ғылыммен айналысыңыздар, ел ертеңі бүгінгі сіздің бастамаңыздан басталады», - деді кездесуде Диляра мен Диана.
Диляра Копытина - биология және биотехнология факультетінің «Биотехнология» мамандығының магистранты, ал Диана Бүрлібаева - география және табиғатты пайдалану факультеті «Гидрометеорология» мамандығының магистранты.
Диляра 2008 жылдан бастап Биология және биотехнология институтының негізгі ғылыми жобаларына қатысып, жұмыс істеуде. Биология бойынша республикалық ғылыми олимпиадасының 2009 жылдың жүлдегері. 2010 жылдан бастап биология және биотехнология факультетінің биотехнология кафедрасының магистранты. Ғылыми жұмысы маңызды жеміс-жидек дақылдарының вирустарынан туындайтын проблемаларды зерттеу мен жоюға арналған. Қазіргі кезде жүзім вирустарының қазақстандық тест-жүйелерін шығару жұмысымен айналысады.
Екінші стипендиат - Диана Бүрлібаева, бакалавриатта оқып жүргенде Алматы қаласының су тұтыну мен суды пайдалану мәселелерін зерттеп, сол жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің 1-ші дәрежедегі дипломымен марапатталған. Дипломдық жұмысы Ертіс, Есіл, Тобыл өзендерінің гидрохимиялық өзгеруін зерттеуге арналған. Қазіргі таңда география және табиғатты пайдалану факультетінің магистратурасында оқып жүріп, зерттеу объектісі ретінде Қазақстанның барлық негізгі өзендерін алып, осы ғылыми жұмысын жалғастыруда. 2008 жылдан бастап ҚР БжҒМ География институтының ғылыми жобаларына қатысушысы.