- Басты бет
- Жаңалықтар
- Білім беру сапасын жетілдіру және әлемдік білім беру кеңістігінде кірігу жолдары
Білім беру сапасын жетілдіру және әлемдік білім беру кеңістігінде кірігу жолдары
2009 жылдың 28 қаңтар күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Болон үдерісіндегі жоғары білім берудің сапасын жетілдіру: болмысы, мәселелері және келешегі» атты оқытушы-профессорлар құрамының 39 ғылыми-әдістемелік конференциясы мен «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» форумы өтеді.
Конференция мен форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75-жылдығына арналған.
Жақын болашақта республикадағы жоғары білім беруді реформалаудың негізгі кезеңдері аяқталып, соңғы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін Болон келісіміне қол қоюды жоспарлауда.
Осы уақытқа дейін бұл бағытта университетте не жасалынды? Жақын болашақта не істеу керек? Біздегі білімнің бәсекеге қабілетті және тартымды болуы үшін не қажет? ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамының әдістемелік жұмыстарын қандай бағыттарда жетілдіру қажет? Ғылыми-әдістемелік конференция осы өзекті мәселелерді талқылауға арналады.
Республикадағы жоғары білім берудің флагманы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу үдерісінің көшбасшысы болып табылады.
Конференцияның мақсаты - әлемдік білім беру кеңістігіндегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кірігу жолдарының тиімділігін анықтау және Болон үдерісі ұстанымына сәйкес жоғары білім беру сапасын жетілдіру.
Конференцияның міндеті - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы Болон үдерісі ұстанымдарының жүзеге асу жолдары тиімділігін анықтау және пікір алмасу; бәсекеге қабілетті мамандардың біліктілік шеңберін анықтау және Болон үдерісінің талаптарына сәйкес көпсатылы білім беруді дамытудың келешегін бағамдау; халықаралық стандартқа сәйкес білім беру сапасын жетілдіруде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларының инновациялық, педагогикалық тәжірибесін ортаға салу және толықтыру.
Конференция үш секция бойынша жұмыс жасайды: «Болон үдерісі аясында бакалавриат-магистратура-доктарантурадағы оқу үдерісін жетілдіру»; «Болон үдерісі ұстанымдарына сәйкес жүзеге асатын білім берудің сапасын бағалау көздері мен инновациялық әдістері»; «Білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын аккредитациялау - әлемдік білім беру кеңістігінің интеграциясы факторы ретінде».
Конференция аясында университет тарихында алғашқы рет «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» форумы өткізіліп, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» Республикалық сайысының университет ішндегі кезеңі бойынша жеңімпаздарды марапаттаудың рәсімі жоспарланып отыр. Оқытушылар қызметі оқыту, ғылыми-әдістемелік, тәрбие жұмысы, ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстарға қатысу белсенділігі, т.б. талаптарға сай бағаланды және «Оқытушы - студенттердің көзімен» сауалнамасы негізінде анықталды. Университеттің 13 факультетінің 115 оқытушысы 2008 жылдың үздігі деп танылды.
Конференция жұмысында ҚР Парламант Мәжілісінің депутаты, мәдени-әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Динара Нукетаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және одан кейінгі білім беру департаментінің директоры Серік Өмербаев, қатысады. Шетелдік қонақтардың ішінде Кластер бюросының басшысы және Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша ЮНЕСКО-ның Өкілі Tarja Virtanen, профессор Alex Danilovich, Ph.D (Канада), Пусан университетінің профессоры, (Оңтүстік Корея) Янг Мун бар.
Конференцияның ашылуы 2009 жылдың 28 қаңтар күні сағат 10.00-да басталып, сағат 12.00-де форум жұмысымен жалғасады. Екі шара да Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында (әл-Фараби даңғылы 71) өтеді.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі (727) 247 05 67