Ректоратта ағымдағы жылы атқарылар шаралар сараланды
Әлемдік топ-университеттер қатарында белгілі дәрежеде алға жылжып, халықаралық деңгейде қалыптаса түскен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының алдында жаңа міндеттер мен талаптар қатары да артып отыр. Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында құрылымдық жаңаруды кешкен білім шаңырағының 10 қазанда өткен кезекті Ректорат мәжілісінде университеттің ағымдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспары жан-жақты қарастырылды. Жаңа мақсаттар мен міндеттерді бірінші проректор МұқамбетқалыБүркітбаев ректор баяндамасында белгіленген тапсырмалар негізінде баяндады.
Ағымдағы оқу жылының жұмыс жоспары оқу-әдістемелік жұмыс, ғылым және тәрбие бағытында өрбіді. Бірінші қозғалған мәселе оқу-әдістемелік оқулықтарды шығаруға арналды. Бұл бағытта университет баспасында кезекті көп күттірмес үшін өзге де баспаханаларға тапсырыс беріп, оқытушы-профессорлардың оқулықтарын жариялау және халықаралық стандарттарға сай келетін электронды оқулықтарды жасау қарастырылды.
Оқулықтардың басым саны мемлекеттік тілде жарыққа шығуы талап етіліп, олардың саны мен сапасына бірдей мән аударылу жүктелді. Бірінші проректор оқулықтарды бірізділендіруге бағытталған негізгі жұмыстарды атап өткеннен кейін кезекті бірлескен халықаралық білім бағдарламаларын дамытуды тілге тиек етті. Бұл тапсырманың жүзеге асуына магистранттар мен докторанттар үлесінің ерекше екендігі айтылып, шетелдік жетекші университеттермен қос диплом бағдарламасын дамыту керектігі де сөз болды. Ректораттың бұл мәжілісінде сонымен қатар қашықтықтан оқыту да назарға алынды. Ол ретте қара шаңырақтың оқытушы-профессорлар құрамы бейне дәрістер мен виртуальды зертханалық жұмыстар кешенін дайындап, шетелдік университеттермен бірлесіп онлайн жүйесінде конференциялар ұйымдастыру қажет. Ағымдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспарындағы оқу-әдістемелік бағыты бойынша оқытушы-профессорлар құрамының (ОПҚ) біліктілігін арттыру да маңыздылыққа ие. Ол ретте университеттегі ОПҚ үшін елімізде және алыс, жақын шетелдерде өтетін халықаралық конференцияларға, жиындарға қатысып, мақалалар жариялаудың үлесі зор. Ағылшын тілінде оқылатын пәндерді көбейтіп, ҚазҰУ оқытушыларына арналған семинарлар және шеберлік сыныптар ұйымдастырылып тұруы да айтылып, академиялық ұтқырлықты дамыта түсу де алдағы мақсаттарға жетудің сәтті жолы деп танылды. Сонымен қатар бірінші проректордың баяндамасынан белгілі болғандай, таныстыру-насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру, жұмысқа орналастыру бағдарламасын дамыту да университеттің жаңа құрылымында үлкен табысқа жетелемек.
Ал биылғы оқу жылындағы ғылыми жұмыстарға тоқталатын болсақ, Мұқамбетқали Бүркітбаев өз баяндамасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға басымдық берді. Заманауи ғылыми-зерттеу институттарын, орталықтарын және зертханаларын құру қолға алынып, жасалынған ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижелеріне аймақтық, облыстық тіпті, халықаралық деңгейде сұраныс туатындай жағдай жасап, сол жаңалықтардың бәсекеге қабілеттілін арттыру тапсырылды.
Сондай-ақ, университет оқытушы-профессорларының ғылыми жарияланымдарын халықаралық беделді басылымдарда жариялануына қол жеткізу қажетігі қозғалды. Сайып келгенде университеттің ғылыми-зерттеу әлеуеттін арттыру және ғылыми, инновациялық қызметтердің оқыту үдерісінде бірігуін қамтамасыз ету жоғарыда айтылған міндеттердің нәтижесіне үлес қосатындығы ректорат мүшелерінің назарына ұсынылды. Халықаралық байланысты нығайтып, шетелдік университеттермен қатынасты арттыру, халықаралық академиялық ұтқырлықты дамыта түсу де ғылыми бағытты жетілдірудің негізгі бағытына жатқызылды.
Ғылыми бағытты топшалағаннан кейін ҚазҰУ-дың бірінші проректоры биылғы оқу жылында тәрбие саласына қойылатын міндеттер мен мақсаттарды тізбектеп, нақтылап өтті. Онда басымдық куратор-эдвайзерлар жұмысын дамытуға беріліп, факультеттік, университеттік деңгейде өткізілетін тәрбиелік бағыттағы семинар, дөңгелек үстел, кафедра күндері сияқты шаралардың санын арттыру, студенттердің үйірмелер мен клубтарға қатысуын көбейту, насихаттау жұмыстарын жетілдіре түсу керектігі баяндалды. Сонымен қатар, бірінші проректор ректорат мүшелерімен тек оқу ғимараттарында ғана емес, жатақханаларда да тәрбиеге баулитын іс-шаралардың өткізілуіне жете назар аудару қажеттігі туралы кеңесті. Студенттердің азаматтық-патриоттық, мәдени және эстетикалық тәрбиесін арттыру да университеттің сапалық көрсеткішінде аса маңызға ие болатындығы және мұндай тәрбие жолдарының болашақ мамандарды тәрбиелеудің ұтымды жолы екендігі сараланды.
Ағымдағы оқу жылы тек жақсы білім сапасы мен қолайлы жатақханамен ғана қамтып қою емес, студенттерді, қызметкерлерді салауатты өмір салтымен де қамтамасыз ету жағынан ерекшеленбек. Университетте СПИД-ке, шылымға қарсы акциялар мен іс-шаралар, студенттерді саламаттылыққа тәрбиелейтін жұмыстардың дер кезінде, лек-легімен ұйымдастырылуын дамыту қажеттігі айтылды.
Бұдан өзге университет имиджін әлі де жан-жақты насихаттап, дамыта түсу керектігі ректораттың басты талабы болды. Бұл бағытта білім мен ғылымның қара шаңырағы, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің беделін елге танытып, атқарылып жатқан жаңалықтар мен жасампаздық жетістіктер жөнінде қалың бұқараны таныстырып отыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында көбірек материалдар жариялану керектігі айтылды.
Ректор баяндамасында белгіленген тапсырмалар негізінде университеттің ағымдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспарын баяндаған бірінші проректор М.Бүркітбаев 2011-2012 оқу жылында атқарылатын жұмыстардың сапасы мен көрсеткіші соңғы бес жылда жеткен нәтижеден де асып түсуі қажет деген ойымен бөлісті.
Биылғы оқу жылын жаңа белестермен бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл баяндаманың жүктеген мақсат-міндеттерін сапалы түрде орындап шыққан жағдайда топ-университеттер рейтингінде биік дәрежеге көтеріле түспек. Барлық күш-қайрат осы бағытта барынша аса жоғары қарқынмен жұмсалуы керек.
Ректорат мүшелері 2011-2012 оқу жылына арналған университ ұжымының жұмыс жоспарымен жетік танысқаннан кейін өзара ой бөлісіп, бұл міндеттерді атқаруға жұмылған жұдырықтай ынтымақтаса кірісу қажет деген тұжырымға келді. Ондай қарқынды қадамға ұжым дайын екендігін жеткізді. Ректор Ғалым Мұтанов жоспарды орындауда шетелдік әріптестікті дамыта түсу, мемлекеттік тілдегі оқулықтарды шығаруды арттыру қажеттігі туралы айтып, алдағы асуды алу барысынд ұжымға сәттілік тіледі.
P.S. Ректорат мәжілісінде тағы ерекше қуанышты жағдай болды. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиевтің өзі арнайы Астанадан келіп, ең білімді деген студенттерге өзінің атынан тағайындаған шәкіртақыларды ұсынды. Бұл білікті студенттерге арналған Кенжеғали Сағадиев атындағы шәкіртақы алдағы он жылда беріліп тұрмақ. Сондай-ақ, ректорат отырысында Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Айжан Смаилова 27-29 қазан күндері «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» тақырыбында өтетін халықаралық семинар-кеңесіне дайындық жөнінде баяндап, жоспар-жобаларымен бөлісті.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі