«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі
Мемлекетіміз үшін адам құқығы ең маңызды фактор - С.Тұрсынов
АЛМАТЫ. 14 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Мемлекетіміз үшін адам құқығы ең маңызды фактор. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов бүгін ҚазҰУ-де «2010 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндамалардың таныстырылымы кезінде мәлім етті.
Адам құқықтарының сақталуы, қорғалуы әсіресе, әлемге бейбітшілік брендімен танылып отырған қазақ елі үшін үлкен сын. Әсіресе, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен тұста адам құқықтарының сақталуы қандай, не атқарылды, қандай дамытар тұстары бар деген сауал арнайы мекемелердің бірегей жауабына айналды. Осыған орай бүгін ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалығы тұсындағы адам құқықтарының сақталуын арнайы зерделеген баяндамаларымен бөлісті.
Аталған жиынға С.Тұрсынов, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клётцер, Ұлыбританияның Алматы қаласындағы Бас консулы Стивен Хиклинг және комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Виталий Воронов, Герман Нұрбаев, Комиссия сарапшылары Салтанат Байқошқарова, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және ғалымдар мен студенттер қатысты.
Бұл баяндамалар Елбасының, адам құқықтары жөніндегі халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алғандығы осы жиында айтылды. Баяндама Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Елшілігінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының техникалық жәрдемімен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеке таралыммен кітап ретінде басылып шыққан.
Сағынбек Тұрсынов халықаралық сарапшылар, комиссия мүшелері осы баяндамалар арқылы кеңесе отырып, тағы қандай ұсыныстар, міндеттер қажет екендігін, сол негізде жұмыстарды жандандыра түсуді қолға аламыз деп атап өтті. «Өткен жылдардағы есептерде адам құқықтарының бұзылуы сот үдерістерінде жиі кездесетін болса, 2010 жылы бұл олқылықтың орынына келгенін байқаймыз. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне шағымдану, әкімдердің, биліктің атқарушы және өкілді тармақтары органдары лауазымды адамдарының әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне шағымдану көп кездескен», - деп атап өтті ол.