17 қазан күні кезекті ректорат мәжілісі университеттің дамуында ерекше маңызды келісімшарттарға қол қою рәсімімен басталды. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен университет және тарих, археология және этнология факультеті, шығыстану факультеттері арасында, Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасы, ҚазҰУ мен шығыстану факультеті, Қазақстан Республикасы криминологиялық қауымдастығы, университет және заң факультеті басшылары әріптестік жөніндегі өзара үшжақты келісімшарттарға қол қойды. ҚР криминология қауымдастығы заң факультетінің 2-курс студенті Елнұр Еренатқа қауымдастық атынан арнайы шәкіртақы тағайындады. Ал Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің жедел криминалистік басқарма бастығы Мұхит Сүлейменов заң факультетіне тәлімгерлері тәрбиелеуде аса қажет көрнекілік оқу-криминалистік құрал-жабдықтарын сыйға табыстады.
Осы оқу жылында студенттерге арнайы стипендия тағайындау дәстүрге айналып келеді. Соның жалғасы бүгін де көрініс тапты. Экономика және бизнес жоғары мектебінің ең үздік деп танылған 3-курс студенттері Әйгерім Ожаубаева, Жұлдызай Асқарова, Эльмира Молдаш, Абзал Ерболғановтарға «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы» акционерлік қоғамы 100000 теңге көлемінде арнайы шәкіртақы сертификаттарын табыс етті.
«Эквитас» заң фирмасының Басин Юрий Григорьевич атындағы шәкіртақысы – заң факультетінің 3-курс студенті Арман Каждаровқа, профессор Галирашид Баймурзин атындағы шәкіртақысы – заң факультенінің 1-курс студенті Бауыржан Абдуллаға берілді. Сонымен қатар, Рима Жансараеваның жетекшілігімен Қылмыстық мәселелер орталығының шәкіртақысы тағайындалып, ол 2 курс магистранты Лилия Бисенгалиға, Халиков Қалимолла атындағы шәкіртақы – 2-курс студенті Әлдия Әсемқұлға, Қайыржанов Елеген атындағы шәкіртақы – 4-курс студенті Анастасия Хильманға табыс етілді.
Мәжіліс отырысы марапаттаулардан соң, әдеттегі қаралатын тақырыптарға кезек берді. Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Айжан Смаилова 27-29 қазан аралығында «Зерттеу университеттерін қалыптастыру және олардың Қазақстан Республикасының инновациялық дамуына қосатын үлесі» тақырыбындағы халықаралық семинар-кеңесіне дайындық жөнінде баяндама жасады. Өз баяндамасында семинардың бағдарламасы мен әрбір елден келетін қатысушылар туралы толық мәліметтер мен оларды күтіп алу жөнінде белгіленген жауапты факультеттерді айтып, бүгінге дейін жасалып жатқан жұмыстар туралы ақпар берді. Арнайы осы семинарға дайындалған «әл-Фараби университетінің достар клубы» төсбелгісінің дизайны таныстырылып, мақұлданған төсбелгі тапсырыспен жасалып жатқандығы белгілі болды.
Сонымен қатар, ректорат отырысы өткен ректор баяндамасында белгіленген тапсырмалар негізінде университеттің ағымдағы оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев баяндамасымен жалғасты. Онда бірінші проректор ректорат мүшелерін оқытушының индикативті жеке жұмыс жоспары жайында дайындаған кестемен жан-жақты таныстырды. Оқу жүйесінде жаңа технологияларды қолдану, оқытудағы мониторинг, ҚазҰУ-ға қабылдау сапасын жақсарту, жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламаларын дамыту және ғылыми-зерттеу деңгейімізді арттырып, заманауи ғылыми инфрақұрылым құру, әлеуметтік әріптестікті қолға алу және т.б. салада іске асып үлгерген әрі жоспарда жасалуы тиіс нақты істерге толық түсініктеме берілді. Баяндама оқытушы-профессорлар құрамының индикативті жеке жұмыс жоспарында қандай қағидаларды басты назарда ұстап, оның негізге алынатын тұстарын, жұмыстың тиімді де нақты бағыттарын айқындап көрсетті. Сондай-ақ, оқытушы-профессорлық құрам қызметінің рейтингтік жүйесі оқытушының индикативті жеке жұмыс жоспары, факультет пен кафедралардың да дәл осы жоспарының нәтижелі көрсеткіші арқылы белгіленетіндігі туралы айтылды.
Ректорат мәжілісін ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректор Тілекқабыл Рамазанов 28-30 қыркүйек аралығында Женевада болған іссапары туралы есебімен қорытындылады. Онда өзі барып танысып қайтқан ЦЕРН-нің (бөлшектерді жылдамдату жөнінен әлемдегі ең үлкен кешен) қай уақытта құрылғаны, қызметі, мақсаты, жұмыс құрамы туралы жеткізді. «Стратегиялық және ағымдағы басты мақсаттардың бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ атынан ҚР Білім және ғылым министрлігінің атына бірлескен ұсыныс беріп, ЦЕРН мен минстрлік арасында келісімшарт жасасуға мұрындық болу қажеттігі алдымызға мақсат болып тұр» дейді проректор. Бұдан өзге Тілекқабыл Рамазановтың іссапарының ҚазҰУ-ға тиімді тұстары жіктеліп айтылды. Сонымен бірге осы жылы Жоғары энергиялық физика және бөлшектерді жылдамдатудағы халықаралық жаздық мектепке ҚазҰУ-дың 9 студенті (магистранттар 1-курс: Исадықов Айдос, Жансейітов Данияр, Валиолда Динара, Дүйсембаев Дәулет, Блынский Петр, 5-курс студенттері: Насрулла Маржан, Чупраков Игорь, Тоқсаба Жанайдар Дауылбаев Шыңғыс) қатысып қайтқандығы туралы да ақпар берілді. Мұндай екіжақты байланыстар алдағы уақытта зерттеу бағытына ойысқалы отырған ҚазҰУ үшін тиімді бола бермек. Ректорат мүшелері отырыс соңында осындай қорытындыға келді.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі