«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

19 қазан, 2011

Тілекқабыл РАМАЗАНОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры: Ең басты мақсат - әлемдік топ-университеттердің қатарына ену


- Тілекқабыл Сәбитұлы, Елбасы биыл «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Біз университеттік білім мен ғылымды дамытуды жаңа деңгеймен қамтамасыз етуге міндеттіміз» деген болатын. Бұл үшін не істелінуі қажет? Осы бағытта жоғары білімнің қарашаңырағында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Елбасымыздың бұл идеясының астарында үлкен ой жатыр. Өйткені инновацияға негізделген экономиканы құру үшін ең бірінші бізге білікті мамандар керек.
Ал кәсіби мамандарды беделді университеттер дайындайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл бағытта ғылыми жетістіктер мен оқу үдерісі ұштастырылып, инновациялық құндылықтардың негізінде өте білікті де әлеуетті кадрлар даярланады. Жалпы, бұл - стратегиялық мәселе. Өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылуды басты бағдар еткен дамушы мемлекеттер осы жолмен жүруі керек. Университетте қандай шаралар атқарылып жатыр дегенге келер болсақ, біз зерттеу университетіне айналуға байланысты толық бағдарлама жасап шықтық. Трансформациялық бағдарламаның құны - 45 млрд теңге. Дәл қазіргі уақытта бұл құжат үкімет деңгейінде баяндалып, мақұлданды.
Бағдарламаға сәйкес университетте құрылымдық күрделі өзгерістер жүргізіліп, үлкен жұмыстар атқарылды. Мәселен, бұрын бес-алты оқытушыдан тұратын кафедралар көп болатын еді, біз сол құрылымдарды біріктіріп, үлкен мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталығымен пара-пар кафедралар жасақтадық. Жоғары оқу орнының негізгі өзегі, ғылыми айнасы, ол - кафедра. Осыған байланысты ендігі кезекте іріленген кафедра, жиынтықталған мамандықтардан кластерлер жасау алда тұр. Бұл жасалынған өзгерістерді ұжым жақсы түсініп жатыр. Шындығында бұл - біздің бүгін ғана жаңадан ойлап тапқан жобамыз емес, бұл - әлемдік тәжірибе. Яғни мұндай зерттеу университетіне айналуға біз бірден бара салған жоқпыз, әлемнің көптеген жоғары білім ордалары мен білім нарығын кеңінен зерттеп барып келіп отырмыз.
Өз кезегінде ғалымдардың шоғырлануы да өз жемісін бере бастады. Бір мысал айтайын, жақында ғана Білім және ғылым министрлігінің тарапынан үлкен жобаларды жүзеге асыруға байланысты байқау жарияланды. Мұндай жобаларға бұрындары гуманитарлық сала мамандары тарапынан ұсыныс беру өте төменгі деңгейде болатын, өйткені жақсы бір тақырыпты тұжырымдау үшін бірнеше ғылым докторлары мен профессорлардың күші керек. Іріленген орталықтардың жемісі сол, университет ұжымындағы мамандар тек қана гуманитарлық салалар бойынша құны 300 млн теңгені қамтитын түрлі жобаға қатысуға ниет білдірді. Жалпы соңғы үш айдың ішінде университет тарапынан жарияланған әртүрлі байқауға 22 миллиард тенгеден астам қаражатты қажет ететін жобалар ұсынылып отыр. Бұл біздің әлеуетіміздің зор екендігін және университетімізде істелінген құрылымдық өзгерістердің тиімділігін көрсетеді.
Елбасы өз Жолдауында алдымызға «2020 жылға дейін еліміздің екі университеті әлемдік топ-университеттердің қатарына кіру керек» деген меже қойды. Біздің тікелей жетістігіміз, осы Елбасымыз қойған міндеттерді орындау бағытындағы жұмыстардың нышаны деп ойлаймын. Бұдан ары қарай да қарқынды дамуды мақсат тұтып отырмыз.
-
Жақында ҚазҰУ бір жыл ішінде әлемдік QS топ-университеттер рейтингінде 200-орынға алға жылжығаны туралы ақжолтай жаңалық естідік. Әлем университеттерінің қатарында 401-450 дәрежеге ену туралы нақтырақ айтып берсеңіз...
-
Иә, бұл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін ғана емес, жалпы Қазақстан ғылымы мен білімі үшін маңызы зор жаңалық. Әлемнің 700 үздік университетінің арасында жүргізілетін Quacquarellі Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің рейтингісіне Қазақстан ЖОО көшбасшысы ҚазҰУ бірінші рет 2009 жылы қатысып, сол кездің өзінде-ақ 601-650 шептен орын алған болатын. Сол бастама университетке серпіліс беріп, жоғары талаптар қойды. Нәтижесінде, QS агенттігінің биылғы мәліметіне сай ҚазҰУ дүниежүзіндегі университеттер көрсеткішінде 200 орынға жоғарылады. Яғни ҚазҰУ бір жыл ішінде топ-университеттердің 401-450 сатысына көтерілді. Бұл ретте ҚазҰУ әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азиядағы тұңғыш университет болып саналады.
QS
рейтингін жүргізуде жұмыс берушілердің ұсыныс-талаптары, ЖОО қызметкерлері мен студенттері ғылыми жұмыстарының дәлелге алыну индексі, жалпы ғылыми-зерттеу іс-әрекеттері ескеріледі. Сондай-ақ академиялық абырой, бедел индекстері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттердің арасалмағы, шетел оқытушылары мен студенттерінің үлесі секілді «субъективті» көрсеткіштер де назардан тыс қалмайды.
Әлем жоғары оқу орындары QS халықаралық рейтингін қатарынан екі жыл бойы Кембридж университеті (Ұлыбритания) бастап келеді. Екінші орынды Гарвард (АҚШ), ал үшінші орынды Масачусетс технологиялық институты (АҚШ) алған. Әлемнің үздік 20 университетінің қатарына 13 америкалық, 5 британдық жоғары мектеп кіреді. Сондай-ақ бұл топтың құрамында 17-орынды Канаданың McGіll Unіversіty, 18-орынды Швейцарияның Федеральды технологиялық институты иеленген. Осыдан-ақ бұл рейтингінің қандай маңызы бар екенін бағамдай беріңіз.
- QS
рейтингінде алға жылжуымызға қандай факторлар әсер етті?
-
Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да қолданбалы және іргелі зерттеулер бойынша 250-ден астам жоба қолға алынған. Казақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай қарашаңырақта «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына - 20 инновация» атты маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаларды жүзеге асыру үшін университетте ғылыми-зерттеу, тәжірибелік құрастыру жұмыстарының нәтижелері және технология трансферті атты орталық құрылып, коммерциализациялау және лицензиялау кеңсесі ашылды, технопарк жұмысы толықтай жаңғыру үстінде.
Университетте іргелі және қолданбалы зерттеулерге инвестиция тарту, олардың нәтижелерін импакт-факторы жоғары ғылыми басылымдарға жариялау және әлемдік ғылым-білім кеңістігіндегі ықпалдастықты арттыру басты бағыт болып қарастырылған. Бұл болашақта әлемдік рейтингте қарашаңырақты биік нәтижеге қол жеткізіп, бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, халықаралық деңгейдегі беделін айқындай түспек.
Жалпы, әлемде зерттеу университеті болу үшін белгілі қағидалар бар. Мәселен, бірінші кезекте, білім ошағы ғалымдарының шетелдік, әлемдік импакт-факторы жоғары арнайы журналдарға жарияланатын мақалалары көп болу керек. Екіншіден, ол мақала тек жарияланып қана қоймай, оны әлемдік ғылыми қауымдастық пайдалану қажет, сілтеме көрсеткіші (Хирш көрсеткіші) деген тағы бар. Онда ғылыми нәтиженің қолданыс аясының кеңдігі, пайдалылығына байланысты мәселелер де сараптан өтеді. Жасыратыны жоқ, осы екі фактор бойынша елімізде біздің университеттің алдына ешқандай ЖОО және ғылыми мекемелер шыға алмайды. Биылғы жылы тұжырымдалған импакт-факторымыз 140 бірлікті құрады. Алайда орта деңгейдегі университеттерде бұл көрсеткіш 500-ге таяу. Бұл бізге әлі де болса, үш есеге өсу керектігін көрсетеді. 2007 - 2008 жылдардан бергі университетіміздің даму деңгейіне көз жіберсек, өсу қарқыны екі-үш есеге артқанын байқауға болады. Амандық болса, 2015 - 2016 жылдары орташа университеттердің қатарына қосыламыз деп алдымызға жоспар қойып отырмыз.
Сонымен қатар сілтеме көрсеткішіне келсек, біздің университетте 150-дей ғалым халықаралық Thomson Reuters агенттігінің мәліметіне сәйкес Хирш сілтеме көрсеткішіне ие болып отыр. Тағы да қайталаймын, осындай көрсеткіш еліміздің ешбір ЖОО немесе ғылыми-зеттеу институттарында жоқ. Әлемде мұндай көрсеткіші бар ғалымдар жоғары бағаланады. Шетелде ғылыми зертхана, ғылыми институтты немесе белгілі бір жобаны бағалау үшін ең бірінші осындай көрсеткіштер назарға алынады. Сондай-ақ қазіргі уақытта бізге жетіспей жатқан «академиялық қозғалғыштық» деген қағида бар. Яғни беделді университеттермен тәжірибе алмасу, оқытушылар, студенттер алмасу дегендей. Осы жерде мысал ретінде айтып кетейін, жақын арада Женева қаласында орналасқан халықаралық ядролық орталықта (CERN) университетіміздің ең үздік 9 студенті дәріс алып, білімдерін шыңдап қайтты. ҚазҰУ-дың студенттері шетелдік танымал университеттерге жиі барып жатқанымен, бізге шетелдік студенттердің келу барысы төмендеу болып тұр. Бұл мәселені шешу де зерттеу университетіне айналу бағытына әсер ететін негізгі фактор болып табылады.
-
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ классикалық үлгіден зерттеу университетіне айналуды басты мақсат етіп отыр. Бұл бағытта қандай ауқымды шаралар атқарылуда?
-
Университетіміздің ректоры, академик Ғалым Мұтанов жаңа үлгідегі университетке айналудың бес принципін ұстанып отыр. Олар - инновацияға негізделген білім, инновациялық инфрақұрылым, жаңаша ойлау қабілеті мен ұжымдық мәдениет, бәсекеге негізделген орта және басқарудың қазіргі заманға лайықталған жүйесі. Осы аталған шарттарды шынайы түрде жүзеге асыру үшін университет ұжымы классикалық үлгідегі оқу орнынан ұлттық зерттеу университетіне айналудың бағдарламасын жасап шығарды.
Зерттеу университетінің басты миссиясы - онда іргелі және қолданбалы ғылыми жетістіктер жоғары деңгейде болу керек. Сол ізденістердің нәтижесін оқу үдерісіне енгізіп, сол негізде жоғары технологиялар жасап, инновациялық құндылықтарды дүниеге әкелу қажет. Студенттерді осы сатылардан өткізсек, олар болашақта еліміздің кадрлық әлеуетін толықтай қалыптастыра алатын болады. Университеттің ғылымы жай ғылым болуға тиісті емес. Ғылым деген жаңа идеялы білім ретінде оқу процесіне енгізіліп, ол үшін әрбір белгілі ғалымның ғылыми жетістіктері негізінде авторлық бағдарлама жасалынғаны жөн. Ғылым экономикаға пайда әкелу жағын басты назарда ұстауы тиіс, ал ол үшін инновациялық құрылым керек.
Қазіргі күнде біраз тиімділігі жоғары жобаларды іске асырудамыз. Мәселен, Ұлттық инновациялық қор жариялаған байқауда екі ай бұрын жеңімпаз деп танылып, коммерциализациялау кеңсесін құрдық. Сол негізде металлургия саласында және парфюмерия, косметика өндірісінде үлкен жобаларды жүзеге асыру үстіндеміз.
Былтырғы жылдың қараша айында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қабылдаған жаңа бағдарлама бойынша, ҚазҰУ-да инновациялық кластер құру жоспарланған. Бүгінгі таңда сол инновациялық кластердің техникалық және экономикалық сараптамалары жасалып, негіздемесі дайын болды. Оған байланысты келесі жылы қарашаңырақта жаңадан технопарк, бизнес-инкубатор салынып, өндіріс алаңы жасақталады. Негізгі алға қойылып отырған мақсат - біздің ғалымдарымыздың жетістіктерін, нәтижелерін сол жерде іске асырып, тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды жасап немесе ары қарай өндіріс зауытында жалғастыру және лицензия сатып бизнес-инкубатор арқылы қаржылық пайда табу. Нақтырақ айтсақ, кіші сериалы өндіріс жұмыстары жүзеге асады. Бұл бастамалар қазірдің өзінде жасалынып та жатыр. Мысалы, жылу электр орталықтарын жағу үшін мазут керек, оның бағасы өте қымбат, біз осы мазутты плазматронмен толықтай алмастыру жобасын ұсынып отырмыз. Осы негіз арқылы миллиондаған ақша үнемдеуге мүмкіндік бар. Жоба Алматы қаласының 2-жылу электр орталығында тәжірибеден өткізіліп, өндіріске еңгізілді. Бұл ғалымдарымыздың экономиканың дамуына қосып жатқан қомақты үлесі дер едім. Мұндай шаралар біздің классикалық үлгіден зерттеу университетіне айналу бағытындағы жұмыстарымыздың бір парасы ғана.
-
Жаңадан қабылданған «ҚР ғылым туралы» заңы университетке қандай жауапкершілік жүктейді?
-
Ақпан айында қабылданған «Ғылым туралы» заңдағы ең басты өзгеріс - еліміздегі ғылымды басқару және оны қаржыландыру принциптері. Осыған орай ағымды жылда Білім және ғылым министрлігі көп институттарға базалық қаржыландыру қағидаларын енгізіп, біздің тоғыз ғылыми-зерттеу институтымыз осы негізде қаржы алды. Екіншіден, үлкен даму стратегиясына қажетті бағдарламаларды қаржыландыру мәселесі нақтыланды, үшіншіден, Ұлттық ғылыми кеңестер құрылды. Ол ұлттық кеңестерде ғылыми жобалар сарапқа түседі. Енді жүйе бар, тек қаражат керек және сол қаражатты жоғарыда айтылған әлемдік принциптерге сәйкес әділдікпен бөлу ұстанымын ұстану қажет деп ойлаймын.
Жаңа заңда жақсы үрдіс бар, ол - қоғамдық ойдың университеттерге ауысуы, яғни өркениетті елдердегідей ғылым университеттерде жасалатын болды. Қысқаша айтқанда, қабылданған жаңа заң ғылымға жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп отыр. Енді осы жаңа талаптарға сәйкес біз де үлкен жаңалық күтіп отырмыз. Ол - бүгінгі күнде қол жеткізгіміз келіп отырған «Ұлттық зерттеу университеті» туралы жаңа заң қабылданса деген тілек. Бұл заңның жобасын біз университетімізде жасап, оны Білім және ғылым министрлігіне жолдадық.
-
Қазіргі таңда еліміздегі ірілі-ұсақты өндіріс орындарының қанша пайызы өздерінің жұмыстарын ғылыми тұрғыдан жетілдіруге мүдделі деген сұраққа нақты жауап беруге бола ма? Олардың тарапынан ғылыми жобаларды қолдау, ұсыныстар жасау мәселесі қандай деңгейде?
-
Өкінішке қарай, олардың тарапынан сұраныс жоқ деуге болады. Бірақ бұл бағытта мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан жұмыстар көп. Біздің мемлекетте ғылыми-техникалық саясатты сараптап, жоспарлайтын жоғары ғылыми техникалық комиссия бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бұған бұрын министрлер төрағалық ететін болса, соңғы жылдары премьер-министрдің өзі жетекшілік ете бастады, яғни комиссияның деңгейі көтерілді. Бұл комиссия құрамына ірі деңгейдегі ұлттық компаниялардың басшылары мен өкілдері енген.
Кезінде біз осы саладағы Финляндия елінің тәжірибесін зерттегенбіз, қазір бұл ел өте қарқынды дамып отыр. Финляндияда ғылымға ішкі жалпы өнімнің 4,5% пайызы бөлінеді, ал дамыған, кемелденген Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш екі немесе үш пайызды құрайды. Есіңізде болса, Финляндияда 90-жылдары экономика қатты құлдыраған болатын, Ол кезде бұл мемлекет тек шикізат өндірумен айналысқан, бірақ олар тез естерін жиып, үлкен нәтижелі жұмыс жасады, ол не дейсіз ғой? Ол - ғалымдар мен ұлттық компаниялардың басшылары ел экономикасын көтеріп, ортақ мақсатқа жұмылу үшін бір үстелдің басында бас қосты, компания өкілдері өздеріне қажетті нәрселерді атап айтты, яғни өз сұраныстарын жасады, ал ғалымдар өздерінің қолдарынан не келетінін жеткізді. Бұл жерде басып айтатын мәселе, Үкімет компания басшыларына қатаң талап қойды, яғни оларға өз елдерінде ғана жасалған жаңа технологияларды пайдаланып, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін өндірісте пайдалану шарты алға тартылды. Осылайша, олардың экономикасы қазіргі күнде өте жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Оған мысал ретінде қазіргі заманда әлемге аты белгілі «Nokікомпаниясының жұмысын айтуға болады. Біздің еліміз осындай тәжірибеден тәлім алса, яғни ірі ұлттық компаниялар ұлттық ғылымға бет бұрса, экономикамыз қарыштап дамыр еді деп ойлаймын.
-
Ғылым саласындағы дәстүрлі ғылыми мамандар даярлау үрдісінің тоқтатылып, жаңа бағытқа көшуге қалай қарайсыз? Жаңа ғасырдың ғалымдарын даярлауда біраз талаптар күшейтілді, осы туралы не айтасыз?
-
Ескі жүйені жаман болды деп айтуға болмайды. Ол кезде де толыққанды ғылыми мамандар әзірлеуге негізделген тұжырымдама болды. Дегенмен оның да олқы тұстары кейінгі кездері ашық біліне бастады. Мәселен гуманитарлық, заң, педагогика саласында көптеген кемшіліктер орын алды, яғни мамандардың біразы биыл кандидат болса, бір-екі жылда доктор болып кететін фактілер жиі ұшырасты. Ізденушілік институты өз-өзін әшкереледі, екінің бірі ғылым кандидаты, екінің бірі доктор болып кетті.
Бірақ бұл жерде кейінгі кезде айтылып жүрген «ғылыми мектеп дәстүрі үзіліп кетеді» деген ойдың да қателігі жоқ. Бірақ мойындауымыз керек, қазір ескі жүйе жойылды, жаңа жүйеге көштік. Алайда ол әлі толық сипатта деп айта алмаймыз. Мысалы, магистратураны, PhD-ді бітірген адам әлі толыққанды ғалым деп саналмайды. Сондықтан біз былтырдан бері Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар беріп жатырмыз, онда әлемнің танымал университеттерінде енгізілген «постдокторантура» деген ұғым жөнінде. Өйткені кемелденген елдерде үлкен қомақты ғылыми нәтижелер сол постдокторанттардың қолымен жасалады. АҚШ-та постдокторантура үш жылдан жеті жылға дейін оқытылады, ғалымдар негізгі ғылыми жобалармен айналысады, импакт-факторлы журналдарда мақала жариялап, қомақты ғылыми жетістікке жеткеннен кейін профессорлық конкурсқа түседі, содан кейін ғана мәртебелі атаққа қол жеткізеді. Егерде біз елімізде жақын арада постдокторанттарды дайындауға кіріспесек, 10-15 жылдан кейін жоғарғы білікті ғылыми кадрлар сарқылады. Сонымен қатар әлемдік тәжірибеде «зерттеуші профессор» деген де ұғым бар. Олардың жалақысы өте жоғары, оқытушылық жүктемесі өте аз, тек арнайы курстардан дәрістер оқиды. Оның өз зертханасы болады, осылайша олардың жеке ғылыми нәтижелерге қол жеткізу жолында аянбай еңбек етуіне барлық мүмкіншілік жасалады. Ғалым өз саласында белсенді жұмыс атқарып, іргелі зерттеулерге қомақты қаржы тарта алатын қабілетке ие болып, сонымен қатар импакт-факторы жоғары журналдарға өз еңбектерін жариялап, жоғары деңгейдегі сілтеме көрсеткіштеріне қол жеткізетін тұлға болуы тиіс. Біздің елімізде ғылыми кадрларды даярлаудың осы сатысы жетіспей тұр. Бұл бағытта қазір арнайы құжаттар дайындап жатырмыз, оны амандық болса министрліктің алдына ұсынып көреміз.
-
Соңғы кездері шетелден шақыртылып жатқан оқытушылар мен профессорлардың біліктілігі мен кәсібилігіне қатысты сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдік ғалымдарды қандай талаптар бойынша іріктеп алады?
- Қазір университетімізге келіп жатқан PhD-ға жетекшілік ететін шетелдік ғалымдарға мынандай талаптар қойып отырмыз. Бірінші - олардың жоғары импакт-факторлы журналдарда мақалалары жарияланған болуы керек, содан кейін сілтеме көрсеткіштері жоғары болуы қажет.
- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескендер

Орынтай ОШАНОВА,
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ