- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мая Шығаеваның 85 жасқа толған мерейтойына байланысты салтанатты құттықтау рәсімі өтті
Мая Шығаеваның 85 жасқа толған мерейтойына байланысты салтанатты құттықтау рәсімі өтті
25 қаңтарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимаратында ҚР ҰҒА және ҚР ЖМА академигі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультетінің құрметті кафедра меңгерушісі Мая Шығаеваның 85 жасқа толған мерейтойына байланысты салтанатты құттықтау рәсімі өтті.
Салтанатты шарада ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, академик Нәдір Нәдіров және басқа да профессорлар мен биология саласының ғалымдары және ҚазҰУ ұжымы жиналды. Ғалымды мерейтойымен құттықтаған Ғалым Мұтанов: «Мая Хежетдинқызы үлкен білім мен ғылымның иесі. Сіздің еңбегіңіз балығымызға өнеге. Сіздің бойыңыз ұстаздық және адами жақсы қасиеттерге толы. Қашанда қара шаңырақпен байланысыңыз үзілмей келеді. Бұл университет ұжымына зор мақтаныш», - деп атап камзол кигізіп, гүл шоғын ұсынды. Өз кезегінде Мұрат Жұрынов Мая Шығаеваға арналға ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқып, ғылым мен рухани әлемнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалымға министрлік тарапынан алғыс хат жолдады. Биология ғылымын дамытуда үлкен қадамдар жасаған, тек бұл ғылымды отандық емес алыс-жақын көрші мемлекеттерде де кең насихаттаған Мая Шығаеваға деген шәкірттері мен замандастарының жылы лебіздері толастамады. Бірінен кейін бірі сөз алып, алғыстарын жеткізді. Оның ҚазҰУ-дың дамуына қосқан үлесі бір төбе екендігін тілге тиек еткен академик Нәдір Нәдіров университеттің қай ректоры болсын Мая Хежетдинқызына зор ілтипатпен, асқан сыйластық сезімімен қарайтынын жеткізіп, ғалымды отандық ғылым мен жеңістің аңызы деп атады. .
Академик Майя Хажетдинқызы Шығаева 1927 жылы қаңтардың 21 жұлдызында Астрахан қаласында дүниеге келді. Еңбек жолын 1949 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін ҚазКСР ҒА микробиология және вирусология институтында аспиранттан директордың ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасарына дейін қызмет атқарды. 1958 жылы – кандидаттық диссертациясын, 1969 ж. – докторлық диссертациясын қорғады. 1975 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесіне қабылданады, 1996 жылы – ҚР Жоғарғы мектебі Академиясының академигі, 2003 жылдан ҚР ҰҒА академигі. Профессор М.Х. Шығаева – 300-ден аса ғылыми жұмысттың авторы, соның ішінде 10 монография, 3 оқу құралы, 2 оқулық, 2 брошюра, 43 авторлық куәлік иегері, “КСРО ойлап-тапқыры” белгісімен марапатталды. ҚР ЖАҚ Президумының мүшесі болды. Ұзақ жылдар бойы ол арнайы диссертациялық кеңестің мүшесі, ал қазіргі кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі. М.Х. Шығаева Хобарт-Вильям Смит колледжінде және Корнель университетінде (АҚШ), сонымен қоса еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында (Қарағанды, Петропавл, Павлодар және т.б.) микробиология мен биотехнологияның қазіргі заманғы мәселелері бойынша авторлық дәрістер оқыды. М.Х. Шығаева ғылыми және педагогикалық жұмысының жан- жақтылығымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Ол Кеңес Одағы әйелдері комитетінің мүшесі, Бүкілодақтық “Білім” қоғамы Президиумының мүшесі болды. Ғылым және білім саласын үгіттеудегі белсенділігі үшін С.И. Вавиловтың медалімен марапатталды, бейбітшілік күштің Дүние жүзілік конгресіне, Азия мемлекеттері әйелдер ұйымдары өкілдерінің халықаралық семинарына, Үндістан әйелдері семинарына қатысқаны үшін бірнеше Мақтау қағазымен марапатталды. М.Х. Шығаеваның ғылыми–педагогикалық және қоғамдық жұмыстарын мемлекетіміз жоғары бағалады. Ол ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, “Халықтар достығы” және “Парасат” ордендерімен, “В.И. Лениннің 100 жылдығына арналған” және “Еңбек ардагері” медальдарымен марапатталды. Жоғары оқу орнын өркендетуге қосқан үлесі үшін жоғары және арнайы орта білім министрлігінің “Жұмыстағы ерекше жетістіктері үшін” белгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Білім озаты” белгісімен марапатталды. 2000 жылы биография институты (АҚШ) “2000 жыл Әйелі” тұлғасын ұсынды. 2002 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік алқасымен, 2004 ж. «ҚР ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ал 2008 жылы ҚР астанасының дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Астананың 10 жылдығы» медалімен, 2009 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдығына орай «Үлкен Алтын белгі» медалімен марапатталды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі