ҚазҰУ ректоры Еуразиялық университеттер қауымдастығы съезінде баяндама жасады

2 наурыз, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Еуразиялық университеттер қауымдастығының ( ЕУҚ) XV съезінде баяндама жасады.


Форумды ЕУҚ президенті, академик, ММУ ректоры Виктор Садовничий ашып, съездің күн тәртібі мен негізгі бағыттарына тоқталды.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев съезд қатысушыларына жетекші университеттің бүгінгі қызметі мен жетістіктерін таныстырды. Білім ордасы  QS әлемдік рейтингінде 150-орын, Орталық Азия өңірінде алғашқы және Азия жоғары оқу орындары арасында 44-орында екенін атай келе,  оқу орнының ғылыми әлеуетіне тоқталды.

«Терең тарих, ғалымдар мен оқытушылардың жоғары кәсіби деңгейі арқасында университет жаһандық бәсекеге қабілеттілікке ие.  Бүгінде біз жаратылыстану-ғылыми, инженерлік-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы 16 факультеттен тұратын көпсалалы университеттік зерттеу кешеніміз. Ғылыми-инновациялық инфрақұрылымға 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық және 2 ұжымдық пайдалану орталығы кіреді. 140-тан астам ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары жұмыс істейді», – деді университет басшысы.

Сонымен қатар ҚазҰУ-да халықаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді және әлемнің 500 университетімен өзара тиімді ынтымақтастық орнағаны атап өтілді. Қазақстанның үзік жоғары оқу орны білім беру бағдарламалары мен ғылыми бағыттардың кең спектріне ие. Ол ЕУҚ-ға мүше үш елдің жоғары оқу орындарымен бірлескен 33 қос дипломды бағдарламаны іске асырады.  ҚазҰУ-дың 14 факультеті ЕУҚ-мен серіктес 9 ЖОО-мен әріптестік орнатқан.

«Біз Қазақстанның Еуразиялық университеттер қауымдастығына мүше жоғары оқу орындарымен халықаралық мәдени-білім беру серіктестігін интеграциялауға және дамытуға мүдделіміз. Осылайша, ҚазҰУ білім беру және ғылыми зерттеулерді дамыту саласында Еуразиялық университеттер қауымдастығымен өзара ықпалдастықтың артуына үлес қосады», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ съезге қатысушылар қауымдастыққа мүше университеттер ынтымақтастығының қазіргі таңдағы негізгі бағыттары мен міндеттерін талқылады.

Шара аясында бірқатар жоғары оқу орындары Еуразиялық университеттер қауымдастығына мүшелікке қабылданып, өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен  М.В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Келісім шеңберінде студенттер, қызметкерлер мен оқытушылар алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, академиялық кездесулер мен симпозиумдар ұйымдастыру, бірлескен зерттеу қызметін жүргізу қарастырылған.

Съезд нәтижесінде жаһандық сын-қатерлерге қатысты ЖОО стратегияларын үйлестіруге және ғылыми-білім беру бағытындағы ынтымақтастықты жандандыруға жол ашатын ортақ шешімдер қабылданды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі