АҚШ-тың халықаралық патенті иегері

13 наурыз, 2023

Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Қасым Дускаев 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін инженер-гидролог мамандығы бойынша үздік бітіреді. Сабағы жақсы, өзі алғыр, зерек студентті ұстаздары Жер гидрологиясы кафедрасына жұмысқа шақырады. Осы кафедрада қызметке араласып жүргенде Қасым Қоянбайұлын әріптестері, ұстаз-ғалымдар одан әрі оқуға, білімін шыңдауға Ленинград политехникалық институтына жібереді. Ізденімпаз жас оқуға қиналмай түседі. Сөйтіп, Қасым Қоянбайұлы М.Калинин атындағы Ленинград политехникалық институтының Инженерлік мелиорация, гидрология және қоршаған ортаны қорғау кафедрасының аспиранты атанады.

Ол жақта да Қасым Дускаев оқытушылардың көзіне бірден түседі. Білім нәрімен сусындап жүріп-ақ, мәселен, су эрозиясын және өзен арналары мен каналдар тұрақтылығын болжаудың стохастикалық әдісін жасау жобасына араласады. КСРО-ның Ленинградты су тасқынынан қорғау жөніндегі мемлекеттік ғылыми бағдарламасын жүзеге асыруға қатысады. Тәртібі түзу, сабағы озат, жауапкершілігі жоғары білім алушыны ғалымдар институтқа алып қалуға тырысады. «Ленинградта оқып жүргенде аула сыпырушы болып жұмыс істедім. Өзімше нәпақа тапқан түрім ғой. Мұны білетін кейбір оқытушылар: «Бізде жұмысқа қал, кейін саған пәтер береді», – деді. Осы сөзді естігенімде намыстан жарылып кете жаздадым, мен пәтер алу үшін оқып, жұмыс істеп жүргенім жоқ қой. Мені елім, жерім, қара шаңырақ университетім «оқысын, білімін жетілдірсін, содан соң елге келіп қызмет етсін» деп жіберді емес пе? Ал мыналар «үй аласың» деп адамның намысына тиді. Ұстаздарымның сенімін қалай аяқасты етемін? Жоқ, еліме барамын, Отаныма қызмет етемін деп шорт кестім», – дейді Қасым Қоянбайұлы ағынан жарыла.

Оқуға барған жерінде, әсіресе шетте қалып қоймай, елге қайтуға, туған жерге қызмет етуге бүгінгі күннің жастары дайын ба? Бойда патриоттық, отансүйгіштік сезім қаншалықты? Міне, біз жастарға осы жағын баса түсіндіруіміз керек. Көрнекті ғалым Қасым Қоянбайұлының осынау әрекеті бүгінгі жастарға үлгі, өнеге болуы керек. Сол елге оралған 1986 жылдан бері Қ.Дускаев Қазақ ұлттық университетінен қол үзген жоқ. Өзінің қанаттанып ұшқан ұясында шәкірт тәрбиелеп, ғылыммен айналысып, адал қызмет етіп жүр. «Өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, қандай да бір белесті бағындырсам, ол менің университетімнің арқасы. Әлемнің танымал оқу ордаларында білім алушыларға дәріс оқыдым. АҚШ, Германия, Голландия, Ұлыбритания, Иран, Кипр, Испания және т.б. елдерде өткен халықаралық конференциялар мен семинарларға қатыстым, кейбіреуінде баяндама жасау мәртебесіне ие болдым. Осы сапарларымның бәрін менің сүйікті университетім қаржыландырып, қолдау көрсетті. Оған қалай разы болмайсың, қалай жан-тәніңмен беріліп жұмыс істемейсің», – дейді екеуара әңгімеде зерделі ғалым.

Қасым Қоянбайұлы – гидролог-ғалым. Еліміздегі су ресурстарын сақтау, қорғау, жетілдіру мәселелерімен айналысады. «Жаһандық климаттың өзгеруінен халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жылдан-жылға келелі проблемаға айналып келеді. Ғалымдар бұл жайында жиі айтып жүр. Енді нақты әрекет керек. Мысалы, Алматының су көздері бастауын тау өзендерінен алады. Ал тау мұздықтарының азаюынан, анығын айтқанда, шамадан тыс көп еруінен алдағы 25-30 жыл ішінде ауызсу тапшылығы басталуы бек мүмкін. Біз осыған дайын болуымыз керек. Ол үшін су ресурстарына деген көзқарасты өзгерткен абзал. Су тіршілік көзі деп тегін айтпаған ғой. Бақылау, қадағалау жүйесін жетілдірген жөн. Әлгі мұздықтардың еруінен қандай өзгерістер орын алады, олардың қарқындылығы қандай? Демек, бір сөзбен айтқанда, климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын жоспарлап, соны іске асыру керек. Суды үнемдеудің бір-ақ жолы бар, ол – тарифті көтеру. Әрине, тариф мәселесі – әлеуметтік түйткіл. Дегенмен су ресурстарын сақтаудың басқа амалын көріп тұрғаным жоқ. Халық суды пайдаланғаны үшін қымбат баға төлесе, сонда ғана нәтиже болмақ», – дейді гидролог-ғалым.

Әрине, судың, оның ішінде ауызсудың мәселесін маман-ғалымнан асып ешкім айта алмайды. Алдағы 25-30 жылды былай қойғанда, ауызсу түйткілімен осы күні-ақ бетпе-бет келіп отырмыз. Алысқа бармай-ақ, іргедегі Талғар ауданында қысы-жазы «су жоқ» деп мұңын шағып отырған халықтың зарын естиміз. Сондықтан осы кезден бастап қолдағы бар игілікті үнемдеудің жолын мемлекеттік деңгейде қарастырған абзал. Өйткені су шаруашылығы үлкен, келелі сала. Көктем келісімен елді мекендерді қар суы басады. Өзен-көлдер арнасынан асып, ел-жұртты әбігерге салады. «Кеңес кезінде мұндай мәселені естімейтін едік, бұл не сонда, биліктің әрекетсіздігі ме, жоқ әлде су көздерін, арық-жылғаларды жауып тастаған халықтың өзі кінәлі ме?» – деген сауалымызға Қасым Қоянбайұлы: «Бұған климаттың өзгеруінің тікелей әсері бар, бұл табиғи апат. Алайда топан су басты түйткіл емес, ең негізгісі ауызсу тапшылығы екенін есте сақтайық және ұқыпты пайдаланудың жолын қарастырайық», – деп қоршаған орта мәселесіне жанашырлық танытады.

Қасым Дускаевтың қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесі зор. Оның жергілікті басылымдарда 138 ғылыми жұмысы жарияланды. Өмірге алып келген өнертабысына елімізде үш патент берілген. Сондай-ақ АҚШ-тың халықаралық патентіне ие болған. Ғалымның сегіз монографиясы бар, шетелдік басылымдарда 30-дан астам мақаласы (Scopus және Thomson Reuters базасының басылымдарында) жарық көрген. «Су айналымы мен су ресурстарын бірлесіп басқару: білім мен бизнестегі қабілетін, біліктілігін және ықпалын арттыру» (530718-TEMPUS-1-2012-1- UK-TEMPUS-JPCR) халықаралық жобасына орындаушы ретінде қатысқан. 2006 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» атанды. Өткен жылы «Қазақстан гидрометеорология қызметіне – 100 жыл» медалімен марапатталды.

Көрнекті ғалым қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Іле-Балқаш проблемасын шешу, шағын өзендерді экологиялық сауықтыру жөніндегі, оның ішінде Балқаш көліндегі далалық экспедициялық зерттеулерге, Іле өзені атырабының су экожүйелеріне шаруашылық қызметінің әсерін бағалау мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты. «Табиғи және антропогендік факторлардың әсерін ескере отырып, оңтүстік-шығыс Қазақстанның таулы және тау бөктеріндегі аймақтардың су-эрозиялық қауіптілік дәрежесін бағалау», «Қалалардағы су объектілерінің жағдайына табиғи факторлардың және шаруашылық әрекет әсерін бағалау» және т.б. көптеген жобаларға атсалысты. Осының бәрі Қ.Дускаевтың мамандығына адалдығын, ел мен жердің экологиялық тағдырына алаңдайтынын көрсетеді. Бұл екінің бірінде кездесе бермейтін ғажап қасиет. Сірә, нағыз ғалым осындай болса керек.

 

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ