"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Жоғары мектептегі тәрбие: орындалатын тапсырма
31.03.12.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында адам капиталы сапасын арттыруды қамтамасыз етуге баса назар аударды. Білім беру жүйесінің алдына нақты тапсырмалар қойылды. Атап айтқанда, бұл оқыту үдерісінің тәрбиелік мәнін күшейту, білім беру саласының барлық мекемелерінде жастар бойына мемлекеттік құндылықтарды сіңіруді қамтамасыз ету міндетінен көрініс тапты.
Білім бере отырып тәрбиеле, тәрбиелей отырып білім бер
Әлемнің «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби бабамыз. «Адамға ең алдымен тәрбие берілуі тиіс: тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген екен. Расында, кәсіби білім, іскерлік қабілет пен тәжірибе маманның адамгершілік қасиетіне орай бір мезетте қоғам мен адамзатқа пайдасын да, сондай-ақ зиянын да тигізетін құралға айналуы мүмкін. Білім беру жүйесі жастардың бойына өз халқына, оның мәдениетіне деген сүйіспеншілік, отаншылдық пен толеранттылық және бейбітшілік дәстүрлеріне негізделген рухани-адамгершілік ұстанымдарын барынша сіңіруге ықпал етуі тиіс. Осыған орай бүгінгі таңда оқу үдерісінің гуманитарлық және гуманитаризациялық ресурстарына өте терең мән беру қажеттілігі туындап отыр.
ҚазҰУ-да бұл міндетті шешу университеттік білім беруді ізгілендіру (гуманитаризациялау) стратегиясын жүзеге асыру нәтижесінде орындалуда. Бұл стратегия студент-жастарға адамгершілік және азаматтық қасиеттерді өз бойларына сіңіруге мүмкіндік беретін гуманитарлық ортаны құруға бағытталған. Білім берудің модульді жүйесі негізінде құзыреттік тұрғыны енгізу бұл үдерістің құрамдас бөлігі болып табылады. Осылайша, бүгінде ҚазҰУ-дағы білім беру үдерісі болашақ мамандардың кәсіби және әлеуметтік-азаматтық құзыреттері арқылы көрініс беретін нақты нәтижеге бағытталған. Жас азаматтардың дүниетанымдарын, оның мәдени-ағартушылық, саяси, әлеуметтік, этикалық және т.б. қырларын қалыптастырудың қазіргі таңдағы мәселелерін қамтитын гуманитарлық пәндерді дайындау мен енгізуге де басым бағыт беріліп отыр. Оқытудың тәрбиелік мазмұны ҚазҰУ-да дамып келе жатқан білім беру технологиялары негізінде де жүзеге асуда. Олар оқытудың формалары арқылы да, мәселен, рөлдік, жағдайлық және іскерлік ойындар, әлеуметтік және коммуникативті тренингтер, өндірістік жағдайларды шешу, диалогтық-дискуссиялық әдістер, жобалар дайындау, «кейстер» әдісі және т.б. көрініс табуда. Тағы да маңызды фактілердің бірі - студенттердің зияткерлік жеке-даралыққа және бір топ шеңберінде техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық білім өкілдері бас қосып, пәнаралық жобаларды қалыптастыруға ұмтылуын қолдау болып табылады.
Білім беру жүйесін ізгілендіру стратегиясы шеңберінде корпоративті мәдениет феноменіне де ерекше көңіл бөлінуде. Университет қабырғасында студенттің бойына қандай құндылықтар мен адамгершілік нормалары сіңірілетіндігі көбінесе корпоративті мәдениеттің дамуы мен қалыптасуының жағдайына байланысты болып келеді. Себебі бүгінгі студент - ертеңгі маман «ұяда» көрген тәрбиесін ұшқанда өзімен бірге болашақ ортасына ала барады. Осылайша, университет жалпы қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың сапасына да өзіндік үлесін қосушы орта болып отыр. Жалпы алғанда көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды болып табылатын дәл осы нәтиже ҚазҰУ-да корпоративті мәдениетті қалыптастырудың маңызды құжаттары болып табылатын - оқытушының корпоративті мәдениет кодексі, студенттің ар-намыс кодексі, оқытушы мен студент туралы ережелерді дайындауда ескерілді. Университетте этика бойынша факультеттік комиссиялар белсенді жұмыс атқарады. Корпоративті құндылықтарды қолдау бойынша басталған қозғалыс студенттер арасына да кеңінен таралып кетті. Бұған студенттердің өз бастамаларымен кең көлемде жүргізіп отырған академиялық алаяқтыққа және этикалық келеңсіздіктерге қарсы бағытталған акциялары мен басқа да түрлі іс-шаралар дәлел бола алады.
Білім беру жүйесін ізгілендіру стратегиясы суденттермен жүргізілетін жұмыстарды міндетті түрде ғылыми-әдістемелік, әдістік және сараптамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді талап етеді. ҚазҰУ-да аталған қызметті тәрбие үдерісі бойынша құрылған 20-дан аса түрлі орталықтар қамтамасыз етіп отыр. Университет ректоры жанынан ізгілендіру кеңесі құрылған. Бұл кеңестің басты мақсаты - рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық және эстетикалық тәрбие беру мен мәдени-ағартушылық қызметтің тиімді формаларын іздестіру болып табылады. Тәрбие жұмысына жүйелі түрде мониторинг жүргізу мен диагностика жасауды социологиялық зерттеулер жүргізу және әлеуметтік инжиниринг орталығы қамтамасыз етіп келеді. Орталықтың қызметі студенттердің әлеуметтік бейімделу үдерістерін, оқытушылардың қызметі туралы ой-пікірлерін, еңбек, оқу, тұрмыс, бос уақытын ұйымдастырудың ұжымдық шарттары қаншалықты қанағаттандыратындығының деңгейін зерттеуге бағытталған. Зерттеу қорытындылары бойынша «әлсіз тұстар» анықталып, оқу-тәрбие үдерісін сәйкестендіруге бағытталған тиісті шешімдер қабылданады. Әлеуметтік-гуманитарлық технологиялар, патриоттық тәрбие беру, дінтанулық зерттеулер, еріктілер қозғалысын дамыту, тұлғаны психологиялық-педагогикалық сараптау және т.б. көптеген орталықтар да маңызды жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Аталған орталықтардың өз жұмыстарына студенттерді де тартып отырғандығын атап өту қажет. Нәтижесінде орталықтардың жұмысы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырудың қосымша формасына айналуда.
Әрбір студенттің тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін олардың білім алу мүмкіндіктерінің болуы ғана емес, сондай-ақ әр студенттің қолайлы жатақханада тұруы, жақсы жабдықталған спорттық және тренажер залдарында жаттығуы, өз университеті қабырғасында-ақ дәмді әрі біршама арзан бағада тамақтана алу мүмкіндігінің болуы шарт. Бұл мәселелердің барлығын шешу университеттің дамып отыратын гуманитарлық ортаны құру қызметінің де маңызды бөлігіне айналған. Осыған орай студенттердің әлеуметтік қоры қалыптасқан. Бұл қор университет тарапынан ғана емес, сондай-ақ оның түлектерінің, демеушілердің, әріптестердің қомақты қаржысы есебінен де құралуда. Қазіргі кезде 200-дей студент университет серіктестері тағайындаған шәкіртақылардың иегерлері болып табылады. Әлеуметтік жағынан әлсіз отбасынан шыққан үздік студенттер оқу ақысын төлеуде 10-нан 20 пайызға дейінгі жеңілдіктерге қол жеткізу мүмкіндіктеріне ие. Жетім және мүгедек студенттерге тұрақты түрде материалдық көмек көрсетіледі. Бүгінгі күні көптеген жастар өз беттерімен қаржы табу талабының алдында тұрғандықтан университеттердің өзі студенттерге жұмыс орындарын ұсына бастады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жыл сайын 300-ден аса студент оқу-көмекші мамандар ретінде, сондай-ақ түрлі қызмет көрсету саласында, студенттік құрылыс жасақтары қатарында жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Студенттер ғылыми жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына да белсенді түрде тартылуда, мәселен, университеттік ҒЗЖ қаржыландырудың жалпы көлемінің 10 пайызы студенттердің еңбекақысына бөлінген.
Студент әріптес ретінде
Студент тұлғасына әсер ететін тиімді тәрбие шараларын іздестіру мен жүзеге асыру ЖОО педагогикалық ұжымының жалғыз ғана міндеті емес. Негізгі жұмысты өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ студенттің педагогикалық әсерді қабылдап қана қоймай, өз бетінше әрекет жасап, тәрбие жұмысына белсенді қатысуға мүмкіндігі болатын ортаны құруға бағыттау да аса маңызды. Мұндай ұстанымды тәрбие жұмысын тең құқылы және тең дәрежелі әріптестердің өзара бірлескен әрекетінің үдерісіне айналдыра алатын әлеуметтік әріптестік қағидасы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қағида негізінде ҚазҰУ-да студенттік өмірдің бірқатар маңызды мәселелерін шешуде студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарына шешім қабылдауға қатысу бойынша өкілеттіліктер беру тәжірибесі енгізілген. Атап айтсақ, білім беру үдерісінің сапасын бағалау, студенттерді жатақханаларға орналастыру мен одан шығару, тәртіпті қадағалау, академиялық келеңсіздіктермен күресу, мәдени-көпшілік шараларды жоспарлау мен ұйымдастыру, тамақтандыру мен әлеуметтік-тұрмыс шарттарының сапасын қадағалу - студенттердің құзырында. Әлеуметтік әріптестіктің шынайы нәтижесі ҚазҰУ студенттерінің аса маңызды әлеуметтік-қолданбалы мәні бар бастамаларының көбеюінен де көрініс беруде. Осындай бастамалардың қатарында студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамытудың жол картасы, академиялық алмасулар бойынша студенттік орталық құру, басқа аймақтардан келген студенттерге қаладан тұратын үй табуға көмектесетін әлеуметтік желі құру, студенттердің қоғамдық рейтингісін енгізу, көпфункционалды студенттік интернет-портал жасау және т.б. көптеген жобаларды атап көрсетуге болады.
Студенттік ортада тәрбие үдерісін ұйымдастырудың тиімді жолы студенттік еріктілер қозғалысын дамыту болып табылады. Еріктілер жобаларын дайындау мен жүзеге асыру жастарды азаматтық қоғам құру ісіне тартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ олар білім беру, мәдениет, қоғамдық өмірдің салаларына қатысты түрлі мәселелерді шешу жолдарына қатысты тың идеяларды ұсынуға мүмкіндік алады. Егер тағы да ҚазҰУ тәжірибесіне сүйенсек, «Көмек» атты университеттік еріктілер қозғалысының, «ҚазҰУ-гринкампус» атты студенттік экологиялық қозғалысының, студенттік заң клиникасының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесін атап көрсетуге болады. Студенттерді еріктілер қозғалысына тартуды белсенді жастар студенттік сайт, кәсіподақ, университеттік газет пен радионың көмегі арқылы жүзеге асырып отыр. Еріктілер жұмысын одан әрі жетілдіру, тәжірибе жинақтау және пікір алмасу үшін, топта жұмыс істеу, көшбасшылық, коммуникативті дағдыларды қалыптастыру бойынша тренингтер ұйымдастырылып, қайырымдылық қорлары мен еріктілер қозғалысының өкілдерімен мастер-кластар өткізіледі. Үздік жобалар файндразинг бойынша кеңестік қолдау табады және нәтижесінде студенттік ұйымдар өз жұмыстарына қоғамдық қорлар мен басқа да сыртқы ұйымдар арқылы қаржы тартуға қол жеткізіп отыр.
Студенттердің шығармашылық қуатын тиімді салаға бағыттауға студенттермен жұмыс жүргізудің клубтық формасы да ықпал етуде. Мұндай тәжірибе бүгінде әлемнің барлық университеттерінің жүйесінде кеңінен қолданысқа енген. ҚазҰУ-да 250-ден аса клубтық бірлестіктер жұмыс атқарады. Олардың жұмыстарына университет студенттерінің жартысына жуығы толық тартылған. Олар патриоттық, кәсіби және ғылыми бағыттағы клубтар, көркемөнерпаздар үйірмелері, спорттық секциялар, көшбасшылар мектептері, әлеуметтік және ағартушылық клубтар. Қызығушылықтары бойынша клубтар мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарын дамыта отырып, біз студенттер қауымын жағымды шығармашылық негізінде біріктіреміз, оларды жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар-мен қанықтырамыз, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу қажеттілігін тәрбиелейміз. Аталған механизмдер жастар ұйымдарының студенттік ортадағы үдерістерге тигізетін оң ықпалын анағұрлым арттыра түседі. Сондай-ақ жастардың кез келген теріс ықпалды ағымдар мен ұйымдардың жетегінде кетпеуіне шынайы түрде балама бола алатын орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Педагогикалық тәлімгерліктің дәстүрлері мен жаңашылдықтары
Әлеуметтік серіктестіктің басымдықтары педагогтардың тәрбие жұмысындағы рөлін төмендетпейді, тіпті олардың тәрбие үдерісінен бас тартуларын да қарастырмайды. Керісінше, оқытушының негізгі миссиясының мәні білімді беруші ғана емес, студентті тәрбиелеудің белсенді агенті екендігімен де анықталады. Университеттегі кредиттік білім беру жүйесі жағдайында студент пен оқытушының өзара қарым-қатынасы жаңа бастаулар негізінде құрылып отыр. Мәселен, бір жағынан бастама, таңдау еркіндігі, жекедаралық және студенттің жеке жауапкершілігі, екінші жағынан оқытушының көмегі, ықпал жасауы мен қолдауы бірін-бірі толықтыруда. Педагогикалық тәлімгерлік студенттердің барлығы білім алу мен тәрбие үдерісінде негізгі жауапкершілік өздеріне жүктелетіндігін толық түсінбеу жағдайы мүмкін болатындығын да ескере отырып жүргізіледі. Осыған орай ҚазҰУ-да кураторлар институты жандандырылып, студенттік топтардың куратор-эдвайзерлері аса маңызды екі бағытты - тәрбие және академиялық кеңес беру қызметін қатар атқарып отыр. Мұндай ұстаным оқытушылар мен студенттердің қарым-қатынастарының тиімді жүйесін құруға, жастармен өмір тәжірибелерімен, өз білімдерін бөлісуге мүмкіндік береді. Куратор-эдвайзерлер әр студент немен әуестенетінін, қандай ортада өмір сүретіндігін, қандай әлеуметтік қиындықтары бар екендігін, оқудан тыс уақытын қалай өткізетіндігін білуге міндетті. Студенттермен жеке-дара жүргізілетін педагогикалық жұмыс жастар арасындағы тәуекелдігі басым топтарды анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай студенттер бірден күшейтілген бақылау мен үздіксіз жүргізілетін алдын алу жұмыстарына тартылады. Бұл топтағы жастарға өмір сүру жағдайы қандай да болмасын бір теріс пиғылды жолға түсуге бейім студенттерді жатқызамыз. Әрине, олар ең алдымен әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан әлжуаз отбасынан шыққандар, кез келген мәселені күш қолдану арқылы шешуге бейім жастар. Басқа аймақтардан келген, бірақ жатақханалардан
орын ала алмаған жастарға ерекше назар аударылады. Олардың көпшілігі қаланың шет әрі тынышсыз аудандарынан арзан пәтерлер жалдап тұруға мәжбүр. Мұндай жерлерде жастардың жағымсыз әрекеттердің ықпалына түсу мүмкіндігі өте жоғары. Мұндай проблемаларды дер кезінде анықтау және оларды шешуге оң ықпалын тигізу кураторлар институтының маңызды міндеттерінің бірі. «Куратор-эдвайзер - маңызды мәселелерді шешуде дос, тәлімгер және көмекші» формуласы негізінде жұмыс атқара отырып, университеттің 800-ден астам оқытушысы мақсатты түрде студенттердің тұлғалық даму траекториясын қалыптастыруға жәрдемдесуде. Куратор-эдвайзердің міндеттері оқытушының кәсіби деңгейінің де жоғары болуын талап етеді. Кураторлардың кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында педагогикалық технологиялар орталығы құрылған. Аталған орталық шеңберінде «Жоғары оқу орнында тәрбие үдерісін басқару», «Жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттары», «Тәрбие жұмысының оқудан тыс ұйымдастырушысы жұмысының технологиясы мен әдістері» атты тақырыптар бойынша курстар мен семинарлар өткізіледі. Мұндай семинарларға қатысу университет оқытушыларына әлеуметтік-педгогикалық технологияларды, тәрбие жұмысын ұжымдық және жеке-дара жоспарлаудың әдістерін игеру бойынша тәжірибе алмасуға, біліктіліктерін шыңдауға зор ықпал жасауда.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, қазіргі университеттегі білім беру үдерісінің көпқырлылығы тәрбие жұмысында метатехнологиялардан бастап жеке-дара әсер етудің микротехнологияларына дейінгі инновациялық технологияларды қолдануға кең мүмкіндіктер ашып отырғандығын көреміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы алдында ел Президенті қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша аса зор жоспарлар мен олардың тиімді жүзеге асатындығына деген нық сенім тұр.
Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры,
әлеуметтік ғылымдарының докторы, профессор