Дәстүр сабақтастығы жалғаса береді
Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше мән берді. Елбасы өз сөзінде: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды!» деген ой айтты. Біз Елбасы Жолдауында айтылған мемлекеттік тіл мәселелері төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Қазыбекпен жолығып, әңгіме өрбіткен едік. Әңгімелесу барысында Гүлмира Құдайбергенқызы факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері жөнінде де ойларын ортаға салды. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Елбасы жақында Қазақстан халқына арнаған өзінің кезекті Жолдауында еліміздің-әлеуметтік экономикалық даму бағыттарымен қатар мемлекеттік тілдің мәселесіне де ерекше мән бергені белгілі. Осыған қатысты өз ойыңызды білсек.
– Елбасы Жолдауда атап өткеніндей, қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Мемлекеттік тілді үйренуші өзге ұлт өкілдерінің саны былтырдың өзінде 10 пайызға өскен. Мұндай көрсеткіштер, біріншіден, елімізде мемлекеттік тілдің қажеттілікке айнала бастағанын білдірсе, екіншіден елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі әрі нәтижелі тіл саясатының жемісі дер едім. Өзіңіз салыстырып көріңізші, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында мемлекеттік тілдің жағдайы қандай еді, ал бүгін қандай? Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейін, ол республика аумағында кеңінен қолданыла бастады. Құқықтық-заңнамалық тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілдің дамуына бүгінде ешқандай кедергілер жоқ. Ендігі шаралар сол заңдарымызда, бағдарламаларымызда көрсетілген мәселелерді одан әрі жетілдірумен байланысты. Қазақ тілінің интернет тіліне айналуы шын мәнінде ана тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін көрсететін бірден-бір фактор дер едім. Әрине, елімізде алғаш компьютерлер келіп жаппай қолданысқа ие бола бастаған кезде компьютерлік жүйелердегі қазақ тілінің жағдайы онша мәз емес еді. Келешекте бұл мәселе қалай болар екен деген ой әрқайсымызды мазалағаны да рас. Ал бүгінде қарап отырсақ, ғаламторда қазақ тілін қолданушылар саны күн сайын артып келеді. Ғаламтор әлемдік жүйе болғандықтан, қазақ тілінде хат-хабар алмасып, ақпарат іздеу, оларды қорыту, өңдеу, өзге ресурстарға тарату кеңінен қанат жаюда. Қазақ тілі тек Қазақстан аумағында ғана емес, алыс-жақын шетелдерде өмір сүретін қандастарымызды да бір-бірімен байланыстырып отыр. Демек, ғаламтордың мүмкіндіктері қазақ тілінің одан әрі дамып, аясының кеңейе түсуіне септігін тигізуде.
– ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті университеттің алдыңғы қатарлы факультеттерінің бірі екені көпшілікке мәлім. Осы ретте өзіңіз басқарып отырған факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз.
– Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің тарихы қаншалықты бай болса, дәстүрі мен өнегесі де соншалықты бай әрі терең. ҚазҰУ-дың филология факультеті деген кезде, біз ең алдымен кезінде осы факультетте еңбек еткен, мыңдаған шәкірттердің санасына сәуле түсіріп, жүректеріне нұр құйған ұлы Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов есімін айтамыз. Мұхтар Әуезовтің салып кеткен өнегелі жолы, қалдырған ізі, дәріс оқыған залдары әлі күнге дейін ұлы тұлғамыздың бейнесін көз алдымызға келтіріп тұрғандай болады. Факультетіміздің ғылым ордасына айналуына айрықша еңбек сіңірген алғашқы ұстаздар Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, Ісмет Кеңесбаев, Шора Сарыбаев, Қажым Жұмалиев, Темірбек Нұртазин, Кәкен Аханов, Зейнолла Қабдолов және тағы басқа ұлағатты тұлғаларымыздың есімдерін мақтанышпен айтуымызға болады. Олар – тек факультетіміздің ғана мақтаныштары емес, сонымен қатар халқымыздың да ардақтыларына айналған тұлғалар. Міне, осы танымал тұлғалар салып кеткен өнегелі жол, шығармашылық дәстүр бүгінде толығымен сақталып келеді.
Факультетімізде 8 кафедра бар. Атап айтқанда, қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы; шетел филологиясы және жалпы тіл білімі; қазақ филологиясы; орыс филологиясы, орыс және әлем әдебиеті; мемлекеттік тіл; гуманитарлық, сондай-ақ жаратылыстану факультеттеріне арналған шет тілдер кафедралары.
Ұжымымызда 50 ғылым докторы мен профессорлар, 90 ғылым кандидаттары мен доценттер қызмет атқарады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының 1 корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының 6 толық мүшесі (академик), Қазақстан Жазушылар одағының 15 мүшесі бар.
Біздің ең басты мақсатымыз – студенттерімізге, магистранттарымыз бен докторанттарымызға сапалы білім беріп, еліміздің ертеңіне қажетті білікті мамандарды даярлау. Факультетімізді тәмамдаған түлектер ешуақытта жұмыссыз қалмайды. Барлығы өздерінің алған мамандықтары бойынша, ғылым мен білім, аударма саласы, мемлекеттік қызмет, журналистика және тағы да өзге маңызды салаларда еңбек етуде. Бір сөзбен айтқанда, филология факультетінің ұстанған бағыты аға ұрпақ өкілдері қалыптастырған дәстүрді берік ұстанып, заман талабымен үндесе дамып келеді. Бұған университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың жасап отырған қамқорлығы аз емес.
– Сізді филолог ретінде қазақ тілінің қандай мәселелері толғандырады?
– Бүгінде әлем елдерінің дамуы жедел қарқынмен жүруде. Сол себепті де ХХІ ғасырды біз ақпараттың, инновациялық технологиялардың ғасыры деп жүрміз. Осындай кезде, ең алдымен ғылымның, ғылыми жетістіктердің, яғни технологияның тілі қандай болса сол тілдің үстемдігі басым болары сөзсіз. Ол тіл бүгінде ағылшын тілі болып отыр. Ағылшын тілі дүниежүзі бойынша көптеген елдердің ең көп қолданылатын тіліне айналуда. Осы тілде шығарылып жатқан өнімдер қаншама. Міне, осындай мәселелерге ой жіберген кезде, тіл мәселесінде ойланатын, ойлануға тиіс сауалдар көбейе түседі. Екіншіден, өзіңізге белгілі, Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болған кезінде қазақ тіліне деген орыс тілінің үстемдігі күшті болды. Мұны да жоққа шығара алмаймыз.
«Ал енді ана тіліміздің бүгінгі жағдайы қандай? Оның қандай өзекті мәселелері бар?» дегенге келсек, ең алдымен айтарымыз, ол – қазақ тілінің Ата Заңымызда жазылған мемлекеттік тіл деген мәртебесіне сай болуы. Осыған барлық алғышарттар жасалып отырса да, мемлекеттік тіліміздің дамуына әлі де ерекше серпін бере түсуіміз қажет деп ойлаймын. Ол үшін қазақ тілінде оқытатын мектептер санын көбейтіп, қазақ тілінде жарық көретін кітаптар мен оқу құралдарын көптеп шығаруға көңіл бөлуіміз керек. Бұл – бір. Екіншіден ол, әрине, қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту мәселесі. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзін біз әлі де іс жүзінде іске асыра алмай келеміз. Бүгінде екі қазақтың бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп тұрғанын көргенде еріксіз осындай ойға келесің. Ал сонда олардың бір-бірімен қазақша сөйлесуіне не кедергі? Тек қана орыс тілі ме? Міне, осындай мәселелерге терең психологиялық-лингвистикалық зерттеулер жасалуы керек деген ойдамын. Тіліміздің дамуына кедергі неде? Осы мәселенің басын ашып алсақ, біздің әрі қарайғы бағытымыз айқындала түспек.
Тіл – халықтың байлығы, басты қазынасы. Оған рухани байлық әрі ұлттық құндылық ретінде қарауымыз керек. Қазақ тілі түркітілдес халықтардың ең бай тілдерінің біріне жататыны белгілі. Ал бүгінгі ұрпақ сол байлықты қаншалықты бағалап, қадіріне қаншалықты деңгейде жетіп отыр деген мәселе әрқайсымызды ойландыруы тиіс. Бүгінгі сөйлеу, жазу тілі өзгеріске түсуде. Бұл өзгерістердің тілімізге келтіретін қандай теріс әсері бар? Бұл мәселе де жан-жақты зерттеп, зерделеуді қажет етеді.
– Қазақ тілінің орфография, орфоэпия мәселелері жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақ тілінің орфография, орфоэпия, т.б. мәселелері күнделікті өмірімізбен тығыз байланысты болғаннан кейін қай кезде де өзекті болып қала бермек. Мұны айтып отырғаным, кез келген адамның сауатты жазуы, әуезді сөйлеуі қазақ тілінің заңдылықтарына сай келмесе, ол адамды өз тілін толыққанды біледі деп айтуға бола ма? Бүгінгі таңда жазба тілінің даму дәрежесі сөйлеу тілінің даму дәрежесінен бір де кем емес. Көптеген баспа өнімдері, газет-журналдары жарыққа шығуда. Филолог болғаннан кейін, осы баспа өнімдеріндегі тілдің сауатты, келісті жазылуына, сөздердің өз орнымен қолданылуына назар аударуға тура келеді. Сонда байқайтының, шұбалаңқы жазылған сөйлемдерді көресің, грамматикалық қателерді, тіл заңдылықтарына сай жазылмаған сөздерге тап боласың, бір сөздің әртүрлі нұсқада жазылып жүргенін байқайсың. Қазақ тілін білу өз алдына, ал оның заңдылықтарын, қарапайым ережелерін ұстану, сол заңдылықтар мен ережелерге сай жазып, сөйлей білу мәселелері үнемі үйренумен, ізденумен, оқумен келетіні белгілі. Бұл жолда «өзімбілемдікке» салынып, тілімізді қалай болса солай, қолданып, жаза беретін болсақ, оның келешек тағдыры не болмақ? Мұнымызбен тілімізге зиян тигізіп алмаймыз ба? Ертеңгі келер ұрпаққа ана тілімізді қандай күйде аманаттаймыз? Бұл да ойланатын мәселе.
Бір қуанатыным, қазақ тілі ғылым ретінде өзінің берік тұғырын қалыптастырды. Тіл мәселелері жан-жақты зерттеліп, зерделеніп келеді. Бірақ бізде осы филология ғылымының жетістіктерін, ғалымдарымыздың тілге қатысты ой-пайымдарын, теориялық тұжырымдарын өмірде пайдалану, тәжірибеге ендіру мәселесі кенжелеп келе ме деп ойлаймын. Мұны айтып отырғаным, сауатты жазу, сауатты сөйлеу әрбір мәдениетті, жоғары білімді азаматтың артықшылығы болуы керек. Бүгінгі телекөрсетілім тілі мамандар тарапынан аз сыналып жүрген жоқ. Телекөрсетілім болсын, радио болсын, ол халықтың көз алдындағы дүниелер. Телеарнадан тараған сөз бірден есте қалып, санаға сіңіп кетеді. Сондықтан тіл жағынан БАҚ өнімдеріне қойылатын талап аса жоғары болуы керек.
– Қазақ тіліндегі диалект-сөздерді жинау, жүйелеуге студенттік экспедициялардың да атқаратын көмегі аз болмаса керек. Сіздерде бұл мәселе жолға қойылған ба?
– Біз факультетімізде тәлім алатын студенттерімізге қазақ тілінің теориялық, практикалық негіздерін үйретумен қатар, олардың мәнерлеп сөйлеу, оқу, жазу, ойын дұрыс жеткізе білу мәселелеріне ерекше мән береміз. Өйткені олар өздерінің оқыған мамандықтарына қай жағынан лайық, басқаларға үлгі болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, студенттік экспедицияларды біз міндетті түрде ұйымдастырып отырамыз. Мұндай жол сапарлардың пайдасы көп болмаса, аз болмайтыны белгілі. Студенттеріміз ел-елге, жер-жерге экспедицияға шыққанда халық арасынан өздері бұрын-соңды естіп-білмеген сөздерді естіп, жазып әкеледі. Сапар барысында сөздердің шығу төркініне ғана емес, оның тарихына, беретін өзіндік мағынасына, қолданылу мәселелеріне де мән береді. Сонымен қатар ауыз әдебиеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрып мәселелері бойынша да бірқатар қазыналар жинақталады. Мұның бәрі студенттерімізге өте пайдалы. Өйткені тілді халықтың білгеніндей білу мүмкін емес. Сол себепті де халқымыздың тіл байлығын игеруге, танысуға арнап ұйымдастырылатын экспедициялардың мәні қашанда зор. Бұл біздің факультетімізде жолға қойылған.
– Бүгінде қазақ тілін түркітілдес елдердің ғалымдарымен бірлесе зерттеу мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық деңгейдегі байланыстары жоғары деңгейде. Факультетіміздің халықаралық дәрежедегі байланыстары да жақсы дамып келеді. Ғылыми және педагогикалық байланыстарымыз халықаралық деңгейде жолға қойылған. Мәселен, Түркия, Франция, Англия, Ресей, Польша, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. елдердің ғылыми орталықтарымен әріптестік байланыс орнаған.
Бүгінде түркітілдес халықтардың бірігіп зерттейтін мәселелері аз емес. Қазіргі таңда түбі бір түркі елдері өздерінің тарихын, тілін, ділін, салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін жаңаша зерттеуге, ғылымның жаңа парадигмаларына сай зерделеуге мән беруде. Мұндай үрдіс, әсіресе тәуелсіздік алған жылдардан кейін басталды. КСРО кезінде Одақ құрамында болған барлық бауырлас халықтарды бір қалыпқа түсіру, бірегейлендіру, бірдей ету амалдары жасалса да, бүгінде сол кезде жіберілген олқылықтар қайта қалпына келіп, ғылымның жаңа бағыттары көрініс таба бастады. Тіл мәселесіне келетін болсақ, түркі халықтарын өзара тамырластырып, байланыстырып жатқан ол, әрине, оның тілі. Сондықтан түркітілдес елдердің өзара ықпалдаса отырып, жұмыс атқаруы, яғни тіл мәселелерін жан-жақты зерттеуге күш салуы, тіліміздің жаңа сапаға көтерілуіне көп жол ашады.
– Әңгімеңізге рахмет. Білім беру мен тәрбие беру саласындағы қызметтеріңізге сәттілік пен жетістік тілейміз!
Әңгімелескен
Дәуіржан Төлебаев