"Егемен Қазақстан" газеті

19 ақпан, 2014

Ұлықтау ұлағаты

Өмірімізде күнде бір жаңалық. Бір жаңалық болса мейлі-ау, бір­неше жаңалық. Бәрі де бүгінде қадірін біліп те білмей, білсек те қасиет тұта ал­май келе жатқан тә­у­ел­­­­­­сіздіктің арқасы. Ол не жа­ңа­­лық? «Өнегелі өмір» сериясы ашы­лып, серия бойынша жиырма бес кітап жарық көріпті. Ұйым­дастырған, ұй­ымдастырған да іске қос­қан – қарашаңырақ білім ордасы – әл-Фа­ра­би атын­дағы Қазақ ұлт­тық уни­верситеті. Өзіміз түлеп ұшқан ыстық ұямыз.

«Өнегелі өмір» арнайы серия­ға айналып, Ұлттық жоғары мек­­теп шаңырағында жарық кө­ріп отыр. Бақандай жиырма бес кітап. Жиырма бесінші кітап қазақ әдебиеті тарихын «Түрік қағанатына» де­йін ілгерілеткен табанды ғалым Бей­сембай Кен­жебайұлы өмірі, ком­мунистік партиядан көрген құ­қайы, өз ұлтына қызметі туралы. Ал, қалғаны?

Салық Зиманов, Хайыржан Бекхожин, Өмірбек Жолдасбеков, Олжас Сүлейменов, Әбікен Бек­тұров, Өмірзақ Сұлтанғазин, Батыр­­­бек Бірімжанов, Есмағам­бет Ыс­майылов, Асабай Мамы­тов, Тауман Амандосов, Кенже­ғали Сағадиев, Матипулла Әже­нов, Сұлтан Сартаев, Ма­рат Бар­ман­құлов, Зейнолла Қаб­долов, Ленин­шіл Рүстемов, Әзіл­хан Нұр­шайы­қов, Серікбай Бей­сембаев, Ольга Сонгина, Көп­жасар Нәрібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Камал Сма­йылов, Темір­бай Дарқанбаев өмірі жайында.

Арнайы серия жасақтауда университет ректорынан (Ғ.Мұтанов) бастап, қатысқан мамандардың қайсысы да талғампаздық та­нытқан.

Серия өнімдері болған соң мұ­қабасы бірдей. Қаз МҰУ-дың зәу­лім қалашығы. (Ол қала­шықты салуда арыстан-тұлға Өмірбек Жолдас­беков айрықша іскерлік танытып еді-ау, шіркін!) Университет атын алып даму жолында келе жатқан орта ғасыр ойшылы әл-Фараби мү­сіні. Толқын-толқын ақша бұлт, зең­гір көк… бояулар орнымен таңдалған.

Еңбектердің композициялық құрылымы да қызық. «Жизнь замечательных людей» сериясы өнім­дері белгілі бір автор (кейде мойын­серігімен) жазған деректі-ғұмырнамалық дүние болып келе­тін. Қолымыздағы еңбектер сәл бас­қашалау. «Бас редактордың кіріс­пе сөзі», тұлға өміріне шағын барлау, тұлға өмірін дәйектейтін архивтік деректер ксерокөшірмесі, тұл­ға еңбектерінің қысқаша биб­лиографиялық көрсеткіші, өзі (тұлға) жайында – қиналысты сәт­тер­ді жазып қалдырған жан сыры (әр деңгейде іздене жазған арыз, шағым хат, күнделік), алғы буын, заман­дастары бағалау-мақалалары, кейінгі буын (шәкірт­тері) сағыныш сазына бөленген естеліктері…

Кітапқа енген дүниелердің дені мемуарлық жазбаға саяды.

«Сол жылдың (1939ж.) қыр­күйек айында Қазақ ком­мунистік журналистика институтына түстім, институт тарағаннан кейін 1941-1942 оқу жылы Қазақ мемлекеттік университетіне келіп, филология факультетінің журналистика бөлімін мерзімінен бұрын тәмамдадым. Оқуды аяқ­тағаннан кейін Қазақстан Компартиясы ОК бюросының 1942 жылы 27 наурыздағы шешімімен Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінің редакторы болып бекітіліп, 1942 ж. 1 сәуірінен 1945 ж. 1 мамырына дейін жұмыс істедім» (8-бет).

«ҚКП ОК бөлімінің жолдамасымен С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұ­мыс істей бастадым. 1945-1947 жылдары журналистика факуль­тетінің деканы және аға оқы­тушы болдым. 1950-1952 жыл­дары филология журналис­тика бөлі­мінің меңгерушісі, 1948 жылдан бастап, қазақ журналис­тикасы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еттім» (8-бет). Қа­зақ журналистикасының біре­гей тұл­ғасы Хайыржан Бек­хожиннің сөзі.

Қарапайым ақпарат. Алайда, оқып отырғанда көз алдыңа қи­ын жылдар елестейді, Қаз МҰУ-дың қалай құрылып, қалай қалып­тас­қаны байқалады.

Көзі тірісінде жазылған Ә.Мар­­ғұланның «Отзыв» аталатын дис­сертацияға пікірі, шынайы тарихшы Е.Бекмахановтың «Ценное ис­следование», Б.Кен­жебайұлы, Т.Қо­жакеевтің «Игі қадам», кейін арнайы жазылған Т.Кәкішевтің «Баға жетпес байғазы», Ә.Ыдырысовтың «Хайрекең», С.Қозыбаевтың «Ко­рифей отечественной журна­лис­­тики», Т.Жұртбаевтың «Та­ғы­лым мен аманат» атты еске алу мақа­ла­ла­ры, бәрі жиылып ке­ліп шежіре ға­­лым Хайыржан Бек­хожинді қайта «ті­­­ріл­тіп», көз ал­дымызға алып келеді.

«…соңғы жылдары «Заң» ме­диа-корпорациясы сараптап, жарық­қа шығарған академик Салық Зима­новтың 10 томдық шығармалар жина­ғын рухани өміріміздің аса құнды табысы деуге негізіміз бар. Бұл – біздің ұлттық заңгерлеріміздің қатарында шыққан еңбегі он томға топталған тұңғыш шығармалар жинағы. Мәселе, оның тек кө­лемі мен шығармаларының санын­да ғана емес, мазмұнында. Ғалым­ның он томдығының әр­қайсысы, тіпті, әрбір еңбегінің өзі бірнеше мақала, зерттеу­лерге арқау боларлық дүние­лер» (Қ.Сұлтанов, «Ұлт келбеті», 37-бет).

Азамат, ғалым, қайраткер Са­лық Зиманұлын тұлғалайтын пікір. Ол аз болса, теңдес-тере­зелес академик Зейнолла Қабдол Сәкең 70 жасқа келгенде жапан жәмағатқа жар сала айқайлап айтқысы келеді. Сәкең бірақ оған ырық бермейді. (З.Қабдол, «Аты­раудан түлеп ұшқан ойшыл-оқымысты», 134-137-б.).

Қазақтың екі тұлғасы, серия­ның екі кітабы туралы аз-кем әңгімеледік. Үшінші тұлға тура­лы айтып көрелік. Ол кітап «Батыр­бек Беремжанов» аталады. Неге «Беремжанов»? Әкедей әзіз Бейсекең (Кенжебайұлы) арқа­сында азды-кем кездескен, әңгі­месін тыңдап үлгерген тұлға еді Батекең. Тұлғаға қоса тек, текті деген ұғымды да қосарлауымыз керек болар Батырбек Ахметұлы портреті ашылуы үшін. Тұлға тегі «Беремжанов» емес, Бірімжанов! Баспагерлер паспорттық ресми құжаттан аса алмай «тілін шайнап» отыр. Қателік содан кеткен. Республикада химия ғылымының негізін қалаушылардың бірі болып өмір сүріп, жылдар бойы Қаз МҰУ-ден іргесін бір бөлектемей абыройлы еңбек етіп, сөздің ұлы мағынасында ағартушы болып өтіп еді, жарықтық. Батекеңдей ай жүзді азаматтың өмірі мен қызметін қызықты баяндайтын жақсы, жан-жақты созымды материалдар шоғы­ры беріліпті. Әкесі – Ахмет Бірімжанов Қазан университетінің заң факультетін бітірген білімді жан. Қазан уни­верситеті. Онда В.И.Ленин, Керен­ский сияқты тұл­ға­лардың оқығанын қайтерсіз!

1919 жылы бала Батырбектің өз үйінде Аққағаз Досжановадан (Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер әйел, атында Ташкентте «Ана мен бала институты» бар), Лиза Бөкей­хановадан (Әлиханқызы. Кейін Семашко атындағы медицина инс­ти­тутының профессоры) қара танып, білім ала бастауының өзі не тұрады?!

Батекеңнің өз өмірін баяндайтын жазбасы сол кездің өзінде қан тамыры ұлт деп бүлкілдеп соғып тұрған тамаша материал екен. Мемуар толы маңыз, тың деректерге толы. Шегеннің (Бірімжанның әкесі) қызы – Айжан Алтынсарыға ұзатылады. Одан Ыбырай туады (52-53-беттер). Анасы атақты Сей­далин Әлмұхамедтің қызы Гүл­жау­хар болып шығады.

Мұхтар Әуезовтің 80 жыл­ды­ғына байланысты химик Б.Бі­рім­жановтың студенттермен кездесу кешінде сөйлеген сөзін беріпті құрас­тырушылар. Қандай тамаша! Кәнігі әдебиетшіше сөз саптайды Батекең жарықтық!

1957 жылы әп-әжептәуір балл жинап, бірақ талапкердің көптігіне байланысты оқуға түсе алмаған бозбалаларды бір аудиторияға жи­ып Батырбек аға әңгіме өт­кізді дейді. Әрқайсысының тағды­ры­на алаңдап, келешегінен үміт­тендіре сөйлеп, жандарына жақын­дап өміртаным әңгімесін айтып шуақ­тандырып шығарып салыпты. Ынтыға тыңдаған, Батекең әңгіме­сінен кейін химия ғылымына ынта-ықыласы барынша ауған балалар келер жылы табан аудармай химия факультетіне қайыра құжат тапсырыпты. Қызық. Көбі дерлік оқуға түскен. Соның бірі, бірі емес-ау, бірегейі Еділ Ерғожин! (123-бет). 3-курста оқып жүрген жерінде Академияның химия институтының директоры Әбікен Бектұровқа ертіп апарып, Еділді ғылым есігінен енгізіп жіберіпті. Кейін танымал ғалым болғанда «Менің орныма келіп декан бол. Орнымды саған берейін» («Выдающийся ученый и организатор») деп қинап көндіріпті шәкірті Еділді. Шәкіртке деген не деген шынайы махаббат десеңізші! (Академик Серік Қирабаев та журналистиканың көрігін қыздырып жүрген жері­мізден қинап отырып ғылымға алып келіп, кандидаттық, доктор­лық диссертация қорғатып, ақыр соңында өзінің орнына М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қа­зір­гі қазақ әдебиеті» бөлімін бас­қартып еді). Бүгінде жастарға аға­лар тарапынан осындай шынайы қам­қорлық бар деп айта алмаймыз-ау. Өкінішті. Аға буынды осындай қа­дамға апаратын не нәрсе өзі? Бір сөз­бен айтқанда, ұлттық болмыста қалыптасқан аға буынның ҰЛТ қа­­мын, елдің ертеңін ойлауы шығар! Ал біз болсақ өз басымыздан аспаймыз…

Ленинградта туған (1901 ж.), 1937 жылы ерін Сібір айдап, өзін Қырғызстанға жер аудар­ған Ольга Альфредовна Сонгина (сирек кез­десетін хи­мия­лық элементтерді зерттеген, кейін Козловскиймен бірге аналитикалық мектеп қалып­тастырған) тағдыры. Қазақстан химия және металлургия ғылымын қос қатар басқарып, болашаққа жол салған Әбікен Бектұров ше? Бектұров Әбекеңді бірсыпыра білетін едік. Бейсекеңнің бауыздау құдасы, Гүлнәр апамыздың қайын атасы. «Білетін едігіміз» кітаппен танысқан соң жай ән­шейін болып шықты. Өзіміздің Ауыл шаруашылығы институтын бітір­ген Әбекең Қазақстанда химия ғылымының негізін қалайды. Қалай таңғалмайсың?

Қаныш Сәтбаевтан кейін қазақ ғылымын аса биікке көтере білген ұлы тұлға Ш.Шокин айтады: «Пе­ред открытием Академии наук Каз ССР К.И.Сатпаев отправил 24 наи­более талантливых кандидатов наук в Москву, Ленинград и другие города СССР, с тем, чтобы они защитили докторские диссертации. Первым из них защитил диссертацию Абикен Бектуров. Каныш Имантаевич назвал его тулпаром» (217-бет.) Тұлпарды тайында тану дегеніміз осындай-ақ болар асылы! Тұлпарды алып шығар бақ десек те, бап та керек екенін осы бір лебіз білдіріп отыр емес пе?!

Ұстаздарымыздың ұстазы Есма­ғамбет Самұратұлы Ыс­майы­ловты алайықшы. Тұрсекеңнің (Кәкішұлы) мақаласы «Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы» (18-бет) аталады. Бұл асыра сілтеу. Біз кейде тұлғаны бүгінгі ұрпақтың көзіне биіктетіп көрсету үшін артық айтып жатамыз. Сөйтеміз де тарихқа қиянат жасаймыз. Замананың зәйілін көре жүріп еңбек еткен, көзден кетсе де көңілде өшпестей болып қалған аяулы жандардың өз кісілігін, кісіліктен туған өз еңбегін айтсақ та жетеді емес пе?! Осындай лебіз­ді Мырзатай Жолдасбековтің жазбасынан көре­міз. Еңбектегі ең үздік естелік мақа­ла Мырзатай Жолдасбековтікі екенін айту парыз. Басқасын былай қойғанда, жас ғалымның пәтерден пәтерге күнаралата көшіп жүргенін білген сәтте немере інісіне айтқанын келтірейікші.

«Мүтәлләп, сенің шау­ып шық­қан жерің мектеп дирек­торлығы. Елге, Көкшетауға қайт. Ренжіме. Өзің отырған үйді мына Мырзатайға бер, қаңғып жүр, бұл жігіттен үлкен үміт күтіп отырмыз, әдебиетші ғалым болады», – деді салмақтап.

Байқаймын, күтпеген болуы керек, Мүтәлләп маңдайын тасқа соққан бекіре балығындай үн-түнсіз, тым-тырыс отырып қалды.

Әйтсе де, нағашы ағасына қар­сы сөз айта алмады. Отырып-отырып, біраз­дан соң: «Мақұл», – деді (266-267-беттер).

Өзімізді қаншама тоқтатып, ендігі ойды жинақтай айтамыз дегенімізге қарамай әсер билеп дара-дара тұлғалар жайында сөйлеп кетіп жатырмыз. Жақсылығын айтқың келеді жарықтықтардың!

Еңбегі өліп қалған ғалым­дық, қызметі өшіп қалған «қай­раткерлік» артық дәріпте­летіні бар серия өнімдері арасында.

Кітаптардағы пікір иелері – әр саланың адамдары, жұлдызы жанған мамандары. Ал, олар өткен жолды саралау, жасаған еңбекті талдай отырып бағалау оңай емес. Өйткені, сырт жұрт сырттап кіре алмайды. Өйткені, ол ғылыми «қорық». Саланың маманы ғана кірсе керек. Ғалым қорығына кіре алған сала маманы (автор) сөз өнері машақатын, мехнатын бастан кешпегендіктен, жазу стихиясын меңгере бермейді. Бас білмеген қалам салиқалы стильге бастай бермейді. Содан да көлемі көш-құлаш мақалалар кейде бір беттік құттықтау орнына жүре алмайды.

Айталық, Әбіш Кекіл­бай­ұлының қатарлас қанаттасы, көрнекті ға­лым, қоғам қайрат­кері Кенжеғали Сағадиевті құт­тықтауы. «Артыңыз – даңғыл. Алдыңыз – асқар. Әдемі жастасыз. Сәби кезіңізде жатқан бесігіңіз, есейген соң ашқан есі­гі­ңіз құтты болыпты. Жігіттің ең сүлейіне бұйырмас бақыттың бә­рі маңдайыңызда. Жүйріктің ең дү­лейіне бұйырмас жүлденің бәрі қан­жығаңызда», дейді ағыл-тегіл ой алыбы. Әбіш ағаның шағын құт­тықтауы көлемді мақа­лалардың қай-қайсысынан да бәсі биік тұр ғой.

Қорғанбек Аманжолдың «Ақ­­құмнан аққан бұлақ…» атала­тын портреттік мақаласында бір сәтті штрих бар. ҚазМУ ректоры, арлы Асқар Закариннің доку­менті Мәс­кеуге кетіп қалған бала Кен­жеға­лиды комиссиямен сөйлестіріп, оқуға «документсіз» қабылдауы қан­дай тәлімді тірлік?!

Ректорлықтың эталоны Ө.Жол­­­дасбеков туралы М.Құл-Мұхам­мед­тің қос тілді «Арыс­таны» жасампаз жақсы дүние екен. Тіпті, тұтас кітап­­­тың жүгін көтеріп тұр десе де болады.

Суретасты мәтіндерде кейбір кісілер аты адастырылып, шатас­тырылып беріледі. «Т.Амандосов қасында З.Қабдолов (?)» Суреттегі кісі ол емес. Тағы да – суретте бес кісі. Суретасты мәтін мынадай: «Е.Ысмайылов, М.Жолдасбеков». Сәйфи Құдаш, Сейітжан Ома­ров, Мәуия Омарова, Қасым Тоғұ­­за­қов ұмыт қалған. Бәлкім, құрас­тыру­шылар танымаған.

«Өнегелі өмір» сериясының баз бір саны қайта басуға жарамайды. Демек, алдағы уақытта сапаға жұмыс істеу керек.

Енді міне, жиырма бесінші кітап. «Бейсембай Кенжебайұлы» аталатын 25-ші кітапта кемшілік бар ма? Кемшіліксіз еңбек болмас, сірә! Алайда, ол кемшіліктерді оқы­ған әр буын өзі көрсете жатар…

Сонымен, жаңа серия өмірге келді. Жаңа серия өнімдері жадымызды жаңғырта, көзден кетсе де көңілде қалған небір қасқа мен жайсаңымызды есімізге түсі­­­ріп, жанымызды шуаққа бө­леп нұрландыра келді. Серияға мұ­рын­дық болған азамат – Қаз МҰУ-дың ректоры, профессор Ғалым­қайыр Мұтанов! Ғалымға риза­лығымызды айтқымыз келеді. Біз серия өнімдерінің кейбірін ға­на әңгіме еттік. Шынтуайтында бұл өзі келешекте келелі әңгімеге ар­қау боларлық, берешегі – борыш, ке­ле­шегі кеніш руханият дүниесі! Әзірге серияның бас иесі – әл-Фа­­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті! Серияны бір оқу орнымен шектеуге (қайраткер атаулы тек Қаз МҰУ-дан шыға бере ме?) болмас, сірә. «Өнегелі өмір» – жалпы қазақтық деңгейде кең өріске шығаруға лайықты тең өрісті серия. Олай болса, ұлтымыздың ұлы тұлғалары тағдырын бетке ала өмір­ге келген «Өнегелі өмір» руханият өрісін тең жайламағы мақұл!

Құлбек ЕРГӨБЕК.

ТҮРКІСТАН.