"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
«2050 стратегиясы» – мерзімінен бұрын орындалатын бағдарлама
Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
– Ұлт Көшбасшысы «2050 стратегиясын» жариялағаннан кейін, осыдан тура бір жыл бұрын cіз «Айқын» газетінде мақалаңызды жариялап, онда «бұл мерзімінен бұрын орындалатын нақты жоспар» деген едіңіз. Сонда келтірген мысалыңызда жылдық ішкі жалпы өнімнің орташа өсімін 4 пайыз мөлшерінде қарастырғаныңыз белгілі. Сондай-ақ өмір ақиқатында бұл көрсеткіштің 7 пайыз шамасында болатынын да ескертіп едіңіз. Президентіміздің 17 қаңтардағы Жолдауында да дәл осы көрсеткіштер аталды. Бұл сәйкестік пе, әлде «астары бар» сандар ма?
– Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жолдауында 2050 жылға дейінгі жылдық ішкі жалпы өнімнің өсімі кемі 4 пайыз болуы керектігін ескертті. Сонымен бірге алғашқы баспалдақ жылда, яғни биыл оның 6-7 пайыздан кем болмауын Үкіметке тапсырды. Былай қараған адамға құр ғана сәйкестік. Сондай-ақ бұл сәйкестік менің «көріпкел» екенімді де білдірмейді. Турасын айтқанда, бұл сәйкестік менің тұңғыш Президентіміздің «командасында» егемендіктің алғашқы кезеңінде жұмыс істеп, ұлт Көшбасшысының қандай ұстаныммен қызмет ететінін білгендіктің жемісі. Нұрсұлтан Назарбаев ешқашан да ұшқары сөйлеуді білмейтін, жоспарлары мен бағдарламаларын үнемі ғылыми негізде жасайтын және соның өзінде ең төменгі мөлшерді ғана жариялайтын аса сақ қимылдың адамы. Сондықтан да оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ. «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасының мерзімінен бұрын орындалуы менің осы сөзімді дәлелдеп тұр емес пе? Ескерте кетейін, өзіңіз айтып өткен «Айқын» газетіндегі мақаламда мен «2050 стратегиясы» да мерзімінен бұрын орындалатын бағдарлама. Бұл жолғы Жолдауда мемлекеттің және жекеменшік иелерінің, жастың және кәрінің, тәртіп сақшылары мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің, мұғалімдер мен дәрігерлердің өндіріс пен ғылым-білімнің, діни ұстанымдар мен ұлты бөлек отандастардың, шетелдік инвестор мен Қазақстанның мүддесін бір нүктеде түйістірген, өмірдің барлық саласын қамтыған бір тұжырым жасалды, ол – Мәңгілік ел Қазақстанның табиғи, географиялық, адами, ғылыми құндылықтарын пайдалана отырып, бірге даму, бірге көркею. Жолдауға қатысты пікірлерін талайлар әлі айтар, бірақ солардың бәрі де ұлт Көтшбасшысы ұстанымы мен ұсынысын қолдайтынына сенемін.
– Былтыр жыл бойы атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тапсырмаларын орындап жатырмыз, «2050 стратегиясын» жүзеге асырудамыз, деп даурыққан еді. Бірақ жыл соңына қарай Президентіміз атқарушы биліктегі лауазымды тұлғаларды «сілкілеп-сілкілеп» алғанын көзбен көрдік.Кейбіреулері «сөгіс алса», кейбіреулері жоғары қызметінен кетті. Осы жайт сізге «ештеңе» демей ме?
– Кейіннен Президентіміздің өзі айтқанындай, ұрыс, сөгіс дегендер басшы тарапынан қателіктер мен сылбырлыққа жол берген бағыныштыларға бағытталған тәртіпке шақырудың бір тәсілі ғой. Президент командасында жұмыс істеп жүргендермен алда да осы командада болғысы келетіндер ондайға өкпелемей, керісінше, іскерлік әрекетке, білімді де пайдалы қызметке бар мүмкіндігін жұмылдыруға тиіс. Ал Елбасымыз одан әрі жұмыс істеуге болмайтындармен қош айтысты емес пе? Бұл жағын қазбалап жатудың қажеті жоқ. Дегенмен «Мемлекет басшысын ренжітпеу үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап беруге болады. Жалпы, бұл сұрақтың жауабын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының қызмет жолына көз жүгірткен кез келген адам Президентіміздің нені талап ететінін біле алады. Айталық, Нұрсұлтан Әбішұлы – президенттікке дейін қызметтің барлық сатысынан ойдағыдай өтіп, білімін ұдайы жетілдіріп, зор тәжірибе жинақтаған адам. Ал біздің қазіргі әкімдер мен министрлер, ведомоство басшылары жайлы осындай сөз айта аламыз ба? Кейбіреуі тіпті сөздің тура мағынасында «білегі көтере алмайтынды беліне қыстырғандар» болып шығып, олармен Мемлекет басшысы қош айтысқанын да көрдік. Демек, министр немесе әкім болу «таққа отыру» деген сөз емес. Жоғары қызметке тағайындалдың екен, сол сәттен бастап қалың жұртшылықпен «киімнің ішкі бауындай» араласып, олардың мұң-мұқтажын зертте, біліміңді көтер, тәжірибеңді молайт. Телефонмен бұйрық беру, қағазбастылық Нұрсұлтан Әбішұлы ұнататын іс емес. Сондай-ақ Елбасымыздың ұдайы айтатын сөзі «біздің қызметіміздің нәтижесі халқымыздың күнделікті тұрмысынан көрініс тапсын» деген ұстаным екенін білетін шығарсыз. Мұны сіз бен біздің білуіміз маңызды емес, ал лауазымды тұлғалардың естен ешқашан шығармауы басты шарт. Өйткені қашан да болсын ұлт Көшбасшысы «біздің қай-қайсымыз да халықтан жиналған бюджеттен жалақы алып отырғандықтан халыққа қызмет етуге тиіспіз» деген басты талабын ескертіп отыратынын ұмытпау қажет. Сондықтан да осы Жолдауында Мемлекет басшысы барлық саладағы, барлық буындағы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуге ерекше тоқталды. Айталық, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне, сот жүйесіне берген тапсырмалары – осы сөзімнің нақты дәлелі.
– Елбасымыз сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен күресті ширата түсу жайлы көптеген нұсқау мен тапсырмалар беріп жүргенін баршамыз білеміз. Бірақ өмір ақиқатында нәтиже сезінерліктей емес. Бұған не дейсіз?
– Әңгімені «қоздырғыш вирустан» бастасақ, дерттің болуы – «заңды құбылыс». Сонау ерте заманда-ақ Карл Маркс капитализмді билеуші тап пен езілген таптың антоганистік күресі қалмайтын кеселді қоғам екенін атап көрсеткен болатын. Демек, бұл «дертті» тендерді жақынына ұтқызған әкімнен немесе көшеде кетіп бара жатқан автокөлік жүргізушісін тоқтатып, одан жол жүру тәртібін бұзғанын «бүркемелеу» үшін пара талап ететін МАИ қызметкерінен ушығып тұр деп ойлау мүлде адасушылық. Капиталистік қоғамда ежелден өмір сүріп келе жатқан мемлекеттердің өзінде бұл «дерт» бар. Ертеректе бай десе бай, Такуэ Танако Жапония секілді қуатты мемлекеттің премьер-министрі қызметінде жүріп-ақ пара алғаны үшін түрмеге отырғызылды ғой. Ал қазіргі кезде бүкіл әлем табысын жасырып, салық төлеуден қашып, жүргендермен күресіп жатыр десем, артық айтқандық емес. Қысқасы, бізде бар дерт басқа жақта да бар. Ал оны болдырмаймыз десек, баршамыз болып Президентімізді қолдауға тиіспіз. Қазақта «інген көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбес» деген мақал бар. Ендеше, параны ұсынушы жақ ең алдымен бұл әдеттен арылуы керек. Егер пара ұсынушыны да кінәлі деп тапсақ, онда Қазақстан қылмыскерлерді қамайтын түрме салып үлгере алмас. Олай болса, әуелі бұқараның өзі дұрыс жолмен жүруі тиіс. Айталық, қазіргі таңда Халыққа қызмет ету орталықтары көп жерде жұмыс істеп жатыр. Бұларға келушілер саны көп. Қызметкерлер үлгере алмайды. Міне, осыны көрген кейбір пысықайлар «шаруасын тез тындыру үшін» мұндағыларға «бірдеңе» ұсынуды әдетке айналдырғандай. Демек, бұқараның өзі мемлекеттік қызметкерді қылмыс істеуге үйрете бастады деу керек шығар.
– Сіздің мысалдарыңыз бен пікірлеріңіз шынымен-ақ ойландырады. Солай бола тұрса да, шенділер Америкада, Еуропада сый-құрметке ие де, бізде керісінше секілді. Мұныма не дейсіз?
– Заң және құқық қорғаушылардың «мемлекеттік қызметкер» лауазымына лайық болуын осы Жолдауында Елбасымыз арнайы айтып өтті ғой. Олардың кәсіпкерлерге қоқан-лоқы жасап, іске кедергі келтіріп жүргенін де Елбасымыз бұған дейін айтқан болатын. Басқасын былай қойғанда, халықтың қорғаны болу міндетін құлқынның қамына айналдырып жібергендер де Елбасы тарапынан сын-ескертпелер естіген еді. Бірақ әлі де сең бұзыла қоймағандай. Демек, бұл мәселеге Елбасымыз қайта оралып тұрса, онда бұл бағытта екі жолмен жүру керек секілді. Біріншісінде құқық қорғау орындарының қызметін күшейтетін және шектейтін шепті заңмен нақтылау керек. Сонымен бірге бұл қызметке тамыр-таныстықпен кім көрінгеннің еніп кетуіне жол бермеуге тиіспіз. Құқық қорғау қызметкерлері кәсіби білімді тұлғалар болуы керек. Қазір төменгі буындағылардың, яғни халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін топтағылардың білім деңгейі көңіл көншітпейді. Міне, осы жағын реттесек, онда сөз жоқ, шенділер халықтың құрметіне ие болады. Қарқынды дамып, біз елімізде орнатамыз деп отырған жаңа қоғам бұл топтағылардың солай болуын қажет етеді.
– Дұрыс-ақ. Әңгімеміздің басында өзіңіз айтып кеткеніңіздей, мұндай жағдайда баршаның мүддесі бір нүктеде түйіседі ғой. Жалпы, сіз Президентіміздің бұл Жолдауын мүдделерді тоғыстырған құжат дедіңіз. Осыны қалың оқырманға түсінікті тілмен баяндап берсеңіз екен.
– Елбасымыз Жолдауында зиялы топтың көптен көкейінде жүрген мәселесі ұлттық идеология Мәңгілік ел ұстанымымен қабысуы керек деп тұжырымдады. Әдемі-ақ ұсыныс емес пе? Бұл баршаның, яғни байдың да, кедейдің де, лауазымды тұлғаның да, қарапайым жұмысшы шаруалардың да, жастың да, кәрінің де, барлық діндегілердің де, барлық ұлт өкілдерінің де мүдделеріне сай келеді десем, ешкім маған «мұның қате» дей алмас. Солайы солай бола тұрса да, Нұрсұлтан Әбішұлы осы Жолдауында әр топтағылардың мүддесін қолдайтын тұстарды атап-атап көрсетіп шықты ғой. Мәселен, мүгедектерге қамқорлық жайлы берген тапсырмаларын еске алайықшы. Бұрын бұл іспен тек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ғана айналысып келді. Оның өзінде аталған топтағы отандастардың мүдделері ішінара ғана қорғалды десек, қателеспейміз. Енді осы Жолдаудан кейін бүкіл билік, бүкіл қоғам бұл мәселені түбегейлі шешуге қатынасатын болады. Тіпті кәсіпкерлерге де мүгедек отандастарды жұмысқа тартуға тапсырма берген мұндай нұсқау бұған дейін мен білетін әлемнің бірде-бір мемлекетінде бірінші басшы тарапынан айтылмаған сөз. Ал мен АҚШ, Англия, Франция, Германия, Испания, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Малайзия, Сингапур, Индонезия мемлекеттерінде болып, олардың экономикалық өсу жолдарына ғылыми талдау жасаған адаммын. Посткеңестік аумақтағы мемлекеттердің қазірге дейінгі жағдайын бес саусағымдай білемін. Өзіміздің басшымыз жұмылдырған бұл істің құндылығы жайлы ойымды түсіну үшін осы елдердің мысалдары да жеткілікті. Олардың бірде-бірінде мүгедектерге осындай қолдау көрсету ешбір құжатта заңдастырылмаған. Демек, біріншіден, біздің ұлтымыздың Көшбасшысы ең нашар қорғалатын осынау әлсіз топтың мүддесін қорғаушыға айналып тұр. Екіншіден, студенттердің шәкірт ақысын 15 пайызға өсіру Елбасының Мәңгілік ел болашағын қамқорлыққа алуы деп білемін. Үшіншіден, халық денсаулығының сақшысы саналатын медицина қызметкерлерінің жалақылары 28 пайызға өсірілсе, мұны мүдденің қорғалуы демей, не дерсің?! Мәңгілік ел болудың басты тірегі – бала тәрбиесі және білім жүйесі. Осы Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуді 2020 жылға дейін толық шешуді Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ елімізде ең көп дегенде балалар екі ауысымды мектептерде оқуын қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге нұсқау берді. Білім беру жүйесінде арнайы мамандықтар беру қажеттігін де атап көрсетті. Сондай-ақ ұстаздар жалақысын 29 пайызға өсіруге Үкіметті міндеттеді. Мінеки, үлкен ауқымды, нақтырақ айтсақ, тұтастай ұлт мүддесінің, ұлт болашағының мүддесіне қызмет ету деп осыны айт. Президент Н.Назарбаев – тіпті еліміз үшін аса қиын кезеңнің өзінде жастар тәрбиесіне, білім-ғылымға ерекше қамқорлық жасаған Мемлекет басшысы. Оның тікелей нұсқауымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері бұл күндері туған Қазақстанымыздың көркеюіне сүбелі үлес қосып жүрген топ. Осының өзінен-ақ біздің Елбасымыз Мәңгілік ел мұраттарына жұмыс істеуді ертеде-ақ бастаған ба деп ойлайсың. Мен жоғарыда атап өткен Жолдаудағы нақты нұсқаулардың барлығы да қалың бұқараның мүддесі қорғалғандық болып табылады. Ал енді мемлекеттегі инфляцияны биылдың өзінде 3-4 пайызбен шектеу жөніндегі тапсырмасы бұқара мүддесін қорғау емей, немене?! Елдің, ең алдымен ірі қалаларымыздың қоғамдық тасымалдау жүйесіндегі автокөліктер ауаны ластамайтын жаңа қуатпен жүретіндер болуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырма да халық мүддесін қорғаудың нақты бір саласы емес пе?! Біз баршаның мүддесі бір нүктеде тоғысқан Жолдау болды дедік қой, ендеше, соны одан әрі дәлелдей түсейік. Қазірдің өзінде Қазақстан – еліміздегі бизнестің қорғалуы, бизнес жүргізудің қолайлылығы жағынан әлемдік рейтингте жоғары сатыда тұрған елдердің бірі. Бұл, әрине, Президентіміздің осы уақытқа дейінгі
осы мәселе төңірегінде атқарушы билікке берген нақты тапсырмаларының орындалу көрсеткіші десе де болғандай. Дегенмен ұлт Көшбасшысы мұны қанағат етпейтінін осы Жолдауында тағы да атап көрсетті. Бизнестің өркен жаюына кедергі келтірушілермен күрес жалғаса бермек. Айталық, Елбасының осы Жолдауындағы жылдық ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі нақты нұсқауы – осы сөзіміздің бір дәлелі. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін ешқандай кедергісіз тұтынушыға жеткізу жөніндегі нақты тапсырма және айтылды. Бұларға қоса, бізде кәсіпкерлікті қорғау және шетелдік инвестицияны қорғау туралы заңдарымыз өндірісте бар. Демек, халық тұрмысын жақсартудың жалғыз жолы – экономиканы дамыту десек, оның басты тірегі кәсіпкерлердің мүддесін де Елбасымыз осы Жолдауында көздің қарашығындай қорғауды атқарушы биліктегі лауазымды тұлғаларға ерекше тапсырды. Енді Жолдаудағы мына бір тұстарға назар аударайықшы. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын кешеуілдетпей бастау туралы билікке арнайы міндет жүктеді. Сонымен қатар Қазақстан ядролық отын өндірісі мен экспорты жағынан әлемдік көшбастаушы мемлекет болып тұрған шақта, тұтастай Еуропа мен Жапонияның өзі де атом электр стансаларынан бас тартпай тұрған шақта, дүниежүзі түгелдей дерлік атом энергиясы болашақтың қуат көзі екенін біліп, жұмыс істеп жатқан шақта, біздің «Фукусимо синдромы» дертімен ауруымыз мүлде қателік екенін атап айтып, АЭС құрылысын да жеделдетіп қолға алу қажеттігін Үкіметтегі лауазымды тұлғаларға ерекше тапсырма ретінде жүктеді. Бұдан шығатын қорытынды ұлт Көшбасшысы ел дамуын, халық дамуын бөле-жара қарамай, тұтас кеңістікте қарастырған деген тұжырым. Елбасының осы Жолдауындағы барлық нақты тапсырмалары бірін-бірі дамытушы, бірін-бірі қолдаушы, қорғаушы қызмет істеп тұрғандай. Айталық, әлгінде ғана мысал ретінде алған жаңа мұнай өңдеу зауыты жұмыс істесе, ядролық энергияны елімізде өндіре бастасақ, онда тұтастай қуат бағасы тұрақтанады, кейбір тұстарда шегінеді. Бұл дегеніңіз, бұқараның арқасына ауыр жүктей бататын коммуналдық қызмет ақысын тұрақтандырып қана қоймай, сонымен бірге қазақстандық өнімнің өзіндік құнын түсіріп, бәсекелестігімізді арттыратын бір тұс емес пе?! Қысқасы, бұл Жолдау әркімді және баршаны қанағаттандыратын, барлық бүгінгі түйткілдер мен кедергілерді жоятын кешенді жұмыс жоспары десе де болғандай. Сондықтан да болса керек, бұл жолы да ұлт Көшбасшысы баршаға бірдей еңбек қоғамын құру жайлы пікірін нақтылай түсті. Әркім және баршамыз «мынау басқаның міндеті» демей, қоғамымызды түзеуге, дамытуға атсалысуға тиіспіз. Өйткені Мәңгілік ел біреудің емес, баршаның игілігі. Билік те, бұқара да тұтастай алғанда бүкіл қоғам Мәңгілік Қазақстан үшін жұмыс істеуі керек. Солай істей алсақ, әркімнің және баршаның өз игілігі үшін жұмыс істегені.
– Талдауыңыз көптің көкейінен шығады деп ойлаймын. Десек те, «кедергілердің» бары ақиқат. Оның біразын сіз де білесіз, оқырман да біледі. Сол кедергілермен күрескелі қашан, бірақ халықтың ортайған көңілі әлі орнына келген жоқ. Өйткені «кедергілер» деп жүргеніміз кейбіреулер үшін пайдалы, жемісті тұс болып тұр. Бұған не дейсіз?
– Иә, дұрыс айтасыз, «кедергілер» белгілі бір топ үшін пайда көзі болып келді. Сондықтан да оны жою баяу жүруде. Айталық, инфляция тауар мен қызмет бағасының өсуі арқылы пайда болатын бір құбыжық. Ал бағаның өсуі кімге пайдалы екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар. Кей жағдайда бұл мәселеде жергілікті аймақтар басшылығы кінәлі екені даусыз. Олардың бюджеті де, өзіндік «нәпақасы» да сауда капиталы арқылы жасақталады. Демек, инфляцияны тізгіндеп, шегіндіру үшін аймақ басшыларын осы іске міндетті жақ болуын заңдастыру керек. Күні бүгінге дейін инфляция Ұлттық банк шешетін мәселе болып келді. Ол оның монетарлық жүйесі бұл күресте мүлде дәрменсіз екенін мойындап, Мемлекет басшысына іске аймақ жетекшілерін жұмылдыру қажеттігі жайлы нақты ұсыныс түсіргені жөн. Олай дейтін себебім, сауда алаңдары түгелдей дерлік аймақ басшылығының құзырында. Олар сауда алаңдарының жалдау ақыларын өсіріп-түсіру арқылы да біраз мәселені шешуге қабілетті. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін бәлен аймақта бәлен сауда алаңын жалдау бағасы төмендетілді деген сөзді естіген жоқпыз. Баға тек өсу үстінде. Және негізсіз өсуде. Осыны болдырмасақ та біраз мәселе шешіледі ғой.
Елбасымыз осы Жолдауында аграрлық сала өнімдерін кедергісіз тұтынушысына тікелей жеткізу жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл – бір мезетте шешетін мәселе. Қиын ештеңесі жоқ. Айталық, Алматы қаласының әр ауданында бір «Ауыл базарын» ашуға қажетті жер бар. Әкімдердің сол жерлерді, айталық, Алматы облысының әкімдігіне арзан бағамен жалға берсе, түйінді мәселе түбегейлі шешіледі. Бірақ қазіргі көріп жүргеніміз мүлде басқа жағдай. Жыл сайын күзде Алматыда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі. Азық-түлік ашық аспан астында сатылып жатады. Алматы – жылы қала, мұнда өнімін әкелген ауылдықтар оны сатып біткенше тоңбас. Ал Астанада бұлай істеу ауылдықтарды «қатыру» болып шықпай ма? Демек, бұл саладағы барлық мәселені ірі қалалардан ауылдықтарға базар салып беру арқылы ғана шеше аламыз. Бұған қала әкімдері дайын ба? Өз басым оларды дәл қазір осындай қадам жасауға дайын деп ойламаймын. Демек, билік «Ауыл базарларын» еліміздің барлық қалаларында салуды арнайы заңмен бекітуге тиіс секілді. Сондай-ақ төртінші мұнай өңдеу зауыты мен АЭС құрылысын бастау керектігі жайлы мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында баяғыдан айтылып келе жатқан сөз. Бірақ биліктегі осы салаға жауапты тұлғалардың ширақ іс-қимылын көре алған жоқпыз. Соның салдарынан электр энергиясы мен жанармай бағалары жыл сайын қымбаттап жатыр. Ол ол ма, Президентіміз осы Жолдауында көтерген мәселе шикізаттан соңғы дайын өнім өндіруге дейінгі тізбекті тұйықтау жөніндегі ұсыныс та отандық баспасөзде талай рет жазылды. Бірақ биліктегі мырзалар оларды мүлде оқымағандай. Әлемдік тауар биржасындағы бағалар әрқашан да тұрақсыз. Бірде ол шексіз өсімге, енді бірде түсуге ұмтылады. Мұндай жағдайға бейім икемді экономика құру жөнінде Елбасымыз талай рет ескертті ғой. Бірақ бізде биліктегі салаларды басқарып отырған тұлғалардың қозғалысы тым баяу. Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлы бюджеттің шығыс бөлігін игеру жайлы талай рет билікке қатаң ескерткенінің куәсі болдық. Соларды ести жүрген билік былтыр бюджет қаржысынан бақандай 150 миллиард теңгені игере алмапты. Бұл не сұмдық?! Мұндайда не істеу керек, деген сұрақ алдан шығады. Меніңше, іске билік партиясы араласуы қажет секілді. «Нұр Отан» қазірдің өзінде аз жұмыс жасаған жоқ. Десек те, Кеңес заманындағы «партиялық бақылау», «халықтық бақылау» деген жүйені қалпына келтірсек, жаман болмас еді. Өйткені бюджеттің орындалуына жауапты Есеп комиссиясы және Табиғи монополияға қарсы күрес агенттігі дейтін қызметтердің жұмысы көңіл көншітпей келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұмабек ЖАНДІЛДИН