Айналаңды нұрландыр!

8 сәуір, 2014

Барлық жастарды қоғамды дамытуға жұмылдыру үшін бүгінде жасалып жатқан жобалар аз емес. Соның бірі, бүгінгі зор қолдауға ие болған Университетіміздегі «Айналаңды нұрландыр!» жобасы. Осы жобаны насихаттау мен дамытуды мақсат тұтқан жаратылыстану бағытында білім беріп жатқан факультеттердің оқытушылар құрамы мен студенттері біріге отырып бейресми кеш ұйымдастырды. Кеш басы ректорымыз Ғалымқайыр Мұтановтың сөзімен басталды: «Бізді біріктіріп тұрған білім ғана емес, адами құндылықтар. Сіздермен жұмыла отырып, мына қоғамды дамытуға, жаңғыртуға ат салысуға тиістіміз. Сондықтан да біз білім мәселесінен тыс, қоғамдық істермен айналысу бағытында жұмыс жасау үшін осындай бейресми іс-шара ұйымдастырып отырмыз» - деп ағынан жарылды және сөз барысында «Al Farabi University – Smart City» ғылыми инновациялық жобасы мен әл-Фараби ілімін дамытудың маңыздылығын баса назарға алды. Сонымен қатар ректорымыз өз жырларын халыққа ұсынып, барша адам айналасын нұрландырып жүрсе, демек қоғамның да нұрланатынын өлең шумақтарымен жүрекке жеткізді. Осы тұста ректордың марапаттауымен алғыс хаттар алған төмендегідей студенттер шынымен-ақ университетінің барлық қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытып келеді. Олар:Шәпиева Айгерим физика - техникалық факультетінің 2-курс студенті; Дүйсенбай Акжол география және табиғатты пайдалану факультеті 2-курс студенті; Найзабаева Динара биология және биотехнология факультетінің 2-курс студенті; Нургали Даурен Механика – математика факультетінің 2-курс студенті; Бересова Гаухартас философия және саясаттану факультетінің 3-курс студенті; Рахат Бахытжан физика - техникалық факультетінің 3-курс ; Ерниязова Айсулу Журналистика факультетінің 3-курс студенті; Арубаев Даурен география және табиғатты пайдалану факультеті 3-курс студенті; Себепкалиева Нурайнаш химия және химия технология факультетінің 3-курс студенті.

Марапаттау рәсімі өз мәресіне жетісімен «Қазақ елі осындай» әнімен көрерменге әдемі көңіл-күй сыйлаған «Студенттік көктем-2014» байқауының жеңімпазы Нұргүл Құттықия зор қошеметке ие болды. Әсем әуеннен соң сөз кезегі «Айналаңды нұрландыр» жобасын қабылдап, оны насихаттауда белсенділік танытып жүрген экономика және бизнес жоғарғы мектебінің деканы Ермекбаева Баян Жүндібайқызы мен журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлына берілді. Өмірхан Әбдиманұлы өз кезегінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы кезекті халыққа жолдауын насихаттап, «Мәңгілік ел деген сөз қазаққа ғана тән сөз секілді» деп ойын нақтылады және аталмыш жоба аясында жүзеге асырылып жатқан ҚазҰУ студенті оқуға тиіс деп табылған 100 кітаптың аудиохрестоматиясының алғашқы баспасын Ғ.Мұтановқа ұсынды. Осы тұста айта өтейік «Айналаңды нұрландыр» жобасын дамытуға бағытталған бұл бейресми бағдарламаның басты ерекшілігі – кештің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтуі болды. Осы мақсатты алға тартқан студенттер ҚазҰУ-дың 80 жылдық тарихын ағылшын тілінде баяндап шықты. Ал, қоғамды көркемдеуге шақырған сенат мүшелері би билеп (флешмоб) көрермендерді бір серілтіп тастады. Өз кезегінде М.Мақатаевтың «Уа, туған жер!», «Үш бақытым» жырлары да оқылып, жобаға қатысты арнаулар айтылды.

ҚазҰУ жастарының бұл жоба аясында айтар ойлары да, қабылдау деңгейі де қаншалықты дәрежеде өз қолдауын тауып жүргендігін филология,әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің белсенді студенті, студентер клубында «ақындар үйірмесінің жетекшісі», республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, айтыскер-ақын Марғұлан Ақан жастарды жігерлендіріп, арман-тілектеріне қанат бітірердей жалынды сөздер айтып, жыр жолдарын оқыды. Аталмыш кеште қонақта болған факультет декандары мен оқытушылар құрамы және жастар ұйымы комитеті мен ҚазҰУ-іміздің белсенді жастары «Айналаңды нұрлаңдыр» жобасын барынша қолдайтындарын білдірді.

«Айналаңды нұрландыр» жобасы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің дамуы бойынша қойып отырған стратегиялық мақсаттарды шешуге бағытталған ірі жоба. Бұл қоғамды дамытушы ғана емес, жанымызды тазартып, айналаны нұрландыратын бірден-бір бағдарлама екені даусыз!