Михаил Қасымұлы Наурызбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының «Құрметті Академигі» болып сайланды

6 қаңтар, 2015

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Физика-химиялық талдау және зерттеу әдістерінің орталығы» (ФХТЗӘО) директоры, т.ғ.д., профессор Михаил Қасымұлы Наурызбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының «Құрметті Академигі» болып сайланды.


Профессор М.Қ. Наурызбаев бүгінгі таңда аса дарынды және атақты ғалым, педагог және басшы. Өзінің барлық кәсіби даму жолында, яғни әл-Фараби атындағы ҚазҰУ стажер-зерттеушісінен бастап техника ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі, Киров атындағы ҚазМУ Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы, факультет деканы, көп салалы ғылыми орталықтың директоры, Қазақ химия-технология институтының ректоры, ҚР Жаратылыстану ғылымдарының Ұлттық академиясының академигі және ҚР ҰҒА Құрметті академигі ретінде М.Қ.Наурызбаев Қазақстанның химиялық жоғарғы білімінің дамуына зор үлес қосып келеді.

2005 жылы «Қазақстанды әлемдік жоғарытехнологиялық өнімдер нарығы – тұрақты изотоптар нарығына шығуын қамтамасыз ететін ғылыми-технологиялық және ақпараттық-сараптамалық жұмыстардың кешені» жұмысы үшін Михаил Қасымұлына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының тағайындалуы М.Қ.Наурызбаевтың ғылымға қосқан іргелі жетістіктерінің нақты көрсеткіші болып табылды. Ғылыми-педагогикалық қызметінің жарқын жетістіктері үшін М.Қ.Наурызбаев «Құрмет» орденімен (2014 ж.), «За трудовую доблесть» төсалқасымен (1984 г.), «әл-Фараби» алтын төсалқасымен (2012 г.) марапатталды және Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасының дамуына ерен үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендиясының бірнеше мәрте иегері (2000 ж., 2004 ж., 2008 ж.), ҚР Жаратылыстану ғылымдарының Ұлттық академиясының Академигі, Америкалық химиялық қоғамның мүшесі ACS (АҚШ), Халықаралық Аналитиктер Ассоциациясының мүшесі (Мәскеу), бірнеше халықаралық журналдар редакциялық алқасының мүшесі («Science of Central Asia», «Промышленность Казахстана» және т.б.) атақтарына ие болды.

Қазіргі таңда М.Қ.Наурызбаев және оның шәкірттерімен жасақталынған Қазақстанның полиметалды кендерінің қалдықтарын кешенді өңдеу технологися арқылы қолданылуы полифункционалды болып келетін өнеркәсіптік өнімдер шығаруға негізделген 2 өндірістік кәсіпорын ашылды және тұрақты жұмыс істеуде.