«Түркістан» газеті

22 желтоқсан, 2022

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­титуциялық заң қабылдады. Бұл заң тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекеттілігіміздің қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Сол кезеңдегі саяси-құқықтық жағдайда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияда белгіленген әлемдік аренадағы тәуелсіз мемлекет ретіндегі егемендігіміздің негіздерін бекітті және нығайтты.

Бұл заңның маңызы – ол КСРО құрамындағы Қазақ КСР-нің емес, жаңадан құрылған егемен мемлекет – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялайды. Еліміз тәуелсіздігінің декларацияда тіркелген негізінің бірі – осы саяси-құқықтық актінің 14-тармағындағы ережелер, оған сәйкес, елімізге халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде әрекет ету, сыртқы саясатты өз мүддесі үшін айқындау, дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен алмасу, халықаралық ұйымдардың, оның ішінде БҰҰ мен оның мамандандырылған мекемелері қызметіне қатысу құқығы берілді. Бұдан басқа, декларацияның осы тармағында республиканың еріктілік пен теңдік қағидатын сақтай отырып, шет мемлекеттермен өзара тиімді шарттар негізінде экономикалық және сауда байланыстарын құратыны, сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешетіні бекітілді.

Декларацияның осы ережелері «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» конституциялық заңда нақтыланғанын есте ұстаған жөн. Мәселен, осы заңның 2-бабында Қазақстан Республикасы барлық мемлекетпен өзара қарым-қатынастарын халықаралық құқық қағидаттарына негіздейтіні жазылған, ал 5-бапта Қазақстан Республикасының қолданыстағы шекаралардағы аумағы тұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтыны көрсетілген. Бұл баптардың маңыздылығы қазір біздің халқымыз бен еліміз ішкі және сыртқы сын-қатерлер мен тәуе­келдерге тап болған кезде де өзектілігін жоғалтпайды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен әділетті қоғам мен жаңа Қазақстанның құрылуына бағыт ала отырып, көпұлтты еліміздің әрбір азаматы тәуелсіздігімізді бағалап, қорғап қана қоймай, «тәуелсіздік» сөзінің мағынасын жете түсінуі және білуі тиіс. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деп жазды. Сондықтан тәуелсіздік саяси дербестік және мемлекеттің халықаралық қатынастарда және сыртқы экономикалық қызметте дербес субъект ретінде әрекет ету мүмкіндігі деп қарастырылуы қажет.

Қазақстан Республикасының халықаралық құқық субъектісі дипломатиялық және консулдық өкілдіктермен алмасатынын, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық қауіпсіздік жүйелеріне кіре алатынын және олардың қызметіне қатыса алатынын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңының 13-бабы растайды, ал 14-бап Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қызмет мәселелерін дербес шешетінін айқындайды.

«Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заңының аталған баптарының мән-маңызын мен 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарғанда толық сезіндім. Шынында, ел мүддесін қорғау үшін шетелде қызмет еткенде, көз алдыңда сенің тікелей қатысуыңмен Қазақстанның беделі биіктегенде, еліңе деген құрмет артқан сайын тәуелсіздіктің шынайы мәнін жете түсініп, сезінесің. Дәл осы сәтте өз еліңіз бен халқыңыз үшін мақтаныш сезіміне бөленесіз.

Әділін айтуға тиіспіз, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясы аясында айқындаған көреген сыртқы саясатының нәтижесінде ғана емес, оның дипломатиялық жұмыс бойынша, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіндегі мол тәжірибесі және кәсіби дипломат ретіндегі жеке қасиеттері: көптілдігі, тілтабысқыштығы, басқа елдердің басшыларымен диалог құра білуі, төзімділігі арқасында өсіп, күшейіп келеді.

Мәселен, Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз дағдарыстан шығудың жолы жоқ сияқты көрінген қиын кезеңді бастан өткердік, бірақ біз өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құрдық», – деп атап өтті.

Бұдан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясында 2019-2021 жылдар аралығында жұмыс істей отырып, мен 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңының маңыздылығы мен өзектілігін түйсініп, түсінуге мүмкіндік алдым. Мысалы, осы заңның 6-бабында былай деп айтылады: «Қазақстан Республикасының азаматтары, тарихи тағдырларының ортақтығымен қазақ ұлтымен біріккен барлық ұлттар Қазақстанда егемендіктің бірегей иегері және мемлекеттік биліктің қайнар көзі – Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, өз билігін тікелей де, өзі сайлайтын мемлекеттік органдар арқылы да Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары негізінде жүзеге асырады. Республика азаматтары ұлтына, дініне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына, шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрғылықты жеріне қарамастан, тең құқықтар мен міндеттерге ие». Осы қағидалардың барлығы кейіннен Қазақстанның Негізгі заңы – Конституциямен бекітіліп орнықты. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеттері ұлтаралық және конфессияаралық келісім, қоғамдағы тұрақтылық болып табылатынын ескере отырып, мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңының жоғарыда аталған ережелері ҚР Конституциясымен және басқа да заңдармен қатар, маңызды мәнге ие. Сондықтан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев былай дейді: «Қазақстан оңтүстік, шығыс немесе солтүстік болып бөлінбейді. Бұл – географиялық бағытты білдіретін аудандардың шартты атаулары ғана».

 Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді қорғауға қатысты мен бұған дейін БАҚ-та көтерген және бүгінде азамат және филолог ғалым ретінде тағы да назар аударғым келетін тағы бір мәселе – мемлекеттік тілді қорғау, одан әрі дамыту және нығайту мәселесі. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев тіл мәселесіне сілтеме жасай отырып былай дейді: «Еліміздің басты рәміздерінің бірі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы біздің Конституциямызда 90-жылдары нақты жазылған. Біз оның дамуына барлық жағдай жасадық. Осы кезеңде мектептер мен басқа да оқу орындарының, қазақ тілінде оқытатын балабақша саны артты». Осы тұрғыдан алғанда, өзінің сайлауалды тұғырнамасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тағы да тіл мәселесіне тоқталып: «Біз мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен іс жүзінде қолданылуын қадағалайтын боламыз. Біз тілге байланыс­ты кемсітушіліктің кез келген түріне үзілді-кесілді қарсылық танытамыз».

 Бұған дейін Қазақстан Президенті 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайтудағы қазақ халқының мемлекетқұрушы ұлт ретіндегі рөлін ескеру қажеттігін атап өткім келеді. Тіл мәселесіне қатысты, менің ойымша, бұл ережені болашақта дамыта отырып Конституцияда бекітуге болады. Негізгі заңның 7-бабының 1-тармағы «Мемлекетқұрушы ұлттың тілі ретінде» деген сөздермен толықтырылып, оның келесі тармағына мынандай жолдар қосылса, құба-құп болады: «Қазақстан Республикасында мемлекетқұрушы ұлттың тілі ретінде қазақ тілі – мемлекеттік тіл». Айта кету керек, бұл ұсыныс жаңалық емес, өйткені ол көпұлтты және көптілді Ресейдің Конституциясында 2020 жылғы конституциялық реформамен бекітілген. Бұл толықтыру біздің елдегі орыс тілі немесе басқа да тілдердің рөлін төмендетпейді, тек тұтастай алғанда, мемлекеттік егемендікті және Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға ықпалын тигізбек.

 Қорытындылай келе, Президент Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғыр­намасында айтқан сөздерін келтіргім келеді: «Әділ Қазақстанның басты құндылықтары – оның тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, біртұтастығы, бірлігі, патриотизмі, еңбекқорлығы, отбасылық құндылықтары, тарихы, халықтық дәстүрлері. Осы құндылықтарды нығайта отырып, біз өз елімізді ішкі және сыртқы сын-қатерлерден қорғаймыз және азаматтарымыздың болашағы жарқын болуына ықпал етеміз».

«Түркістан» газеті,

22 желтоқсан 2022 жыл

Басқа жаңалықтар