ҚАЗҰУ-ДА ТҮРКІТАНУ ЖӘНЕ АЛТАЙТАНУ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ АШЫЛДЫ

20 желтоқсан, 2022

Таяуда біз ҚазҰУ-да Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының алғашқы халықаралық конгресін өткіздік. Осы басқосуға елімізден атсалысқан, алыс-жақын шетелден келген қонақтарға, қатысушыларға үлкен алғысымды айтамын. Конгресті өткізбес бұрын, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты кеңсесінің ресми ашылу рәсімін жасадық. Кең ауқымда өткен халықаралық ғылыми-зерттеу конгресі – Қазақ ұлттық университетінде жаңадан құрылған Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ең алғашқы шарасы. Ұзақ жылдар бойы оқу ордасының филология факультетінде Түркітану кафедрасы, шығыстану факультетінде ТҮРКСОЙ кафедрасы, тағы басқа ұйымдар жұмыс істеп келді. Енді университет жанынан ашылған ғылыми-зерттеу институты біздің мойнымызға үлкен міндеттер жүктейді. Алдағы уақытта институт ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңдете атқаруға тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, институт Қазақстандағы, ТМД елдеріндегі, алыс-жақын шетелдегі түркітанушы-ғалымдардың басын қосатын үлкен, кең ауқымда жұмыс істейтін орталыққа айналғаны абзал.

Осыған орай, қазір менің есіме үлкен бір оқиға түсіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылы Қазақстанда Халықаралық түркі академиясы ашылды. Қазіргі таңда түркі дүниесі өзін бүкіл әлемге танытуда. Мысалы, ТҮРКСОЙ ұйымы бар, ол түркі дүниесінің мәдениет саласындағы жұмыстарын біріктіреді. Түркі дүниесінің Түркі кеңесі жұмыс істейді, орталығы Ыстамбұлда. Сондай-ақ Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА) бар, орталығы Әзірбайжанда. Ал Халықаралық түркітану академиясы Астана қаласында орналасқан. Осы ұйымдардың барлығы түрколог-ғалымдар үшін үлкен жұмыс істеу объектісі. Түркітану және алтайтану орталығы келешекте ірі, келелі жұмыстарға мұрындық болады. Айналасына ғалымдарды топтастырады, біріктіреді, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңдетеді. Соның уақыты келді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қоятын уақыт келді.

Соңғы екі-үш жылда біздің бауырлас түркі дүниесі елдерінің президенттері бірнеше рет кездесті. Сол жиындарда Мемлекет басшысы рухани мұраларымызды, ғылыми мұраларымызды тереңдете зерттеуге, бірлестіруге әрі түркі дүниесін жер-жаһанға таныту мәселесі бойынша көптеген тапсырмалар берді. Міне, біз сол тапсырмаларды орындауға күш салуымыз керек. Баршамыз бірігіп, ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз қажет. Қазіргі таңда Қазақстан бауырлас түркі әлемінің орталығы ретінде ғаламға мо­йындалуда.

2010 жылы Халықаралық түркітану академиясы ашылып жатқан кезде Қазан қаласынан атақты Зәкиев бастап келген ғалымдар, Венгриядан, Ресейден, көршілес Орталық Азия елдерінен, бір сөзбен айтқанда, жан-жақтан келген ғалымдар «Мәскеу, Санкт-Петербург бұрынғыдай орталық болудан қалды, ал басқа мемлекеттердің мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Қазақстан түркі дүниесінің орталығы болса деген ой-ұсынысымыз бар» деген мазмұнда үндеу әзірлеген. «Қазіргі кезде Қазақстан түркітану әлемінің орталығы болуға лайық, сондықтан осынау келелі мәселеге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», – деп, біздің Президентімізге үндеу хат алып келген екен. Тура осы кезде Астанада Халықаралық түркітану академиясын аштық, түркі дүниесінің кітапханасы, түркі дүниесінің музейі өмірге келді. Сол кезде халықаралық түркітану симпозиумына екі мемлекеттің президенті қатысты. Басқосуға жиналған ғалымдар бірауыздан «Қазақстан түркітану саласында үлкен жұмыс істеді. Қазақстан нағыз түркі дүниесінің орталығы болуға (ғылыми-зерттеу тұрғысында) әбден лайық» деп, бізге ниетін білдіріп кетті.

Мұның бәрі тегін айтылған әңгіме емес, осы өтініштің өзі бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Демек, қазақстандық түркітануды ғана емес, дүниежүзілік түркітануды зерттейтін, зерттеу жұмыстарын жалғастыратын, біріктіретін біз болғанымыз абзал. Осы жерде айта кететіні, біздің университетімізде жаратылыстану саласында ғана емес, гуманитарлық бағытта да көптеген жұмыстар атқарылуда. Жалпы, болашақта ғылыми институт түркі тілдерінің ортақ эсперантосын жасауы қажет. Қазір оның базасы дайын. Түркітілдес елдердің ортақ сөздерін біріктіріп, эсперанто әзірлеген жөн. Әзірше бұл салада осы қызметті түрік тілі атқаруда.

Біздің түпкі мақсатымыз – түркі халықтарының бүкіл рухани мұрасын зерттеу ісін тереңдету. Біріншіден, өзімізге; екіншіден, өзгелерге, бүкіл дүниенің төрт бұрышына таныту және мойындату. Әлі де ашылмаған, зерттелмеген мол рухани мұрамыз бар. Баршамыз осынау баға жетпес құнды мұрамызды індете зерттеуге атсалысуымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түркітілдес елдер арасындағы гуманитарлық байланыстарға ерекше мән беріп келеді. Білім, ғылым, мәдениет саласындағы ықпалдастыққа ұдайы көңіл бөледі. Әлемдік сарапшылар кезінде «ХХІ ғасыр түрік мәдениетінің ғасыры болады» деп болжаған. Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде. Түркі әлеміндегі ілім-білім тарихының басында тұрған әл-Фараби, Махмұд Қашқари, әл-Хорезми, әл-Бируни, Мұхамед Бабыр, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири сынды тарихи тұлғаларымыздың еңбектері бүгінгі ұрпаққа жетті. Соңғы он жыл ішінде түркітілдес мемлекеттердің мемлекетаралық ынтымақтастығы ерекше дами түсті.

Біз өткізген халықаралық ғылыми конгрестің мақсаты – түркітану және алтайтану саласындағы зерттеулерді жинақтауға және түркілік мұраларды зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге түрлі сала мамандарын тарту.

Сонымен қатар әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасын, түркітілдес халықтардың тілін, әдебиетін, фольклорын, тарихын зерттеушілерге жаңа өріс ашып, жаңа бағыт беру. Жиынға қазақстандық ғалымдармен қатар, онлайн және офлайн форматта Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Венгрия мемлекеттерінің зерттеушілері қатысты. Түркологияның өзекті мәселелері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету.

Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. ҚазҰУ биыл зерттеу университеті мәртебесін алғаннан кейін ғылыми бағыттағы жұмыстарға айрықша басымдық бере бастады.

Конгресс аясында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашып отырмыз. Бұл осы саладағы мамандар мен жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады. Ғылыми конгресс – университетіміздің жанынан ашылған Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының алғашқы ғылыми іс-шарасы. Бұл институт қазір Әл-Фараби кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар қорындағы құнды деректер мен материалдарды зерттеу жұмыстарын қолға алды.

Түркі халықтарының тарихы мен терең тамырын жан-жақты зерттеп саралауда тың жаңалықтар әкелетін ғылыми институт жұмысына табыс тілеймін. Жаңа ғылыми ордада жаңашыл бағытта аянбай еңбек етіп, әрқашан ізденіс үстінде болайық. Тың жаңалықтарымыз көп болатынына сенемін. Түркі мәдениетін, түркі құндылықтарын әлемге танытатын осындай халықаралық деңгейдегі ғылыми шаралардың маңызы әрдайым жоғары деп білемін. Еліміз өзінің тәуелсіздігін алған уақыттан бастап түркітану ілімінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Алайда түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген қаншама ортақ мұраларымыз бар. Конгресс жұмысы осындай олқылықтардың орнын толтыруға ықпал етеді деп есептеймін.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Qazaq universiteti" газетінде жарық көрген  мақаласы,

20 желтоқсан 2022 жыл

 

Басқа жаңалықтар