«Егемен Қазақстан» газеті

18 наурыз, 2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын ел азаматтары айрықша күтті. Өйткені бұл шын мәнінде әдеттегі жолдаудан мәні ерекше, жаңа Қазақстанды дамытудың алғышарты мен саяси реформалардың жаңа бағдарламасы айқындалатын маңызды сәт еді.

Әрине, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанның қол жеткізген табыстарын тарихтан сызып тастауға болмас. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруымен әлем алдында орныққан мемлекетке айналдық. Алайда азаттығымыздан айырылып қалу бір-ақ сәтте мүмкін екеніне көз жеткіздік. Ел басына күн туғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жігерлі шешімдер қабылдап, халқымызды тар жол, тайғақ кешуден алып шықты.

Қаңтар оқиғасы барлығымыз үшін үлкен сабақ болды. Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді нығайту үшін етек-жеңімізді жинап, өте қырағы болуымыз керектігі кезекті рет айқын білінді. Өкінішке қарай, дүрбелең кезінде көптеген отандасымыз, оның ішінде өрімдей жасымыз мерт болды. Президент өз жолдауында қаңтар құрбандарын еске алып, тексеру жұмыстары қарқынды жалғасып жатқанына тоқталды. Қайғылы оқиғаға кінәлі адамдардың барлығы қоғамда қандай лауазым мен беделге ие екендігіне қарамастан, жазаланатынын кесіп айтты. Тәуелсіздігіміздің талбесігі – әсем Алматыны, облыс орталықтарын ойрандағысы келген, бейбіт күндердің шырқын бұзып, халықтың өмірін қиған бүлікшілер тиісті жазасын аларына сенеміз.

Мемлекет басшысы ендігі жерде қаңтар қасіреті қайталанбас үшін жаңа Қазақстанды құру жолында алдымызға биік мақсаттар қойды. Президент ол үшін қоғам сұранысына сай әзірленген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Ең алдымен еліміз суперпрезиденттік басқару формасынан мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Парламенттің рөлі күшейіп, бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынады.

Қоғамның, елдің өзгеруіне саяси жүйе бейімделе бастайды. Президенттің бірқатар өкілеттігі қысқарады. «Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды. Сондай-ақ ол әкімдердің партия филиалдарын басқаруды шектеу керектігін тапсырды. Президенттің жақын туыстарының лауазымды басшылыққа тағайындалуына заңмен тыйым салынатынына да тоқталды.

Ал халықтың сенім мандатына ие болған депутаттар өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысады. Бұдан былай сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Президент мәжіліс пен мәслихатқа депутаттардың пропорционалды-мажоритарлы сайлау моделі бойын­ша сайланатынын жеткізді. Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталып, азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала бермек. Бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға жол ашады. Бұл өз кезегінде азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғыру үдерісіне жұмылдыра түспек.

Президент тарапынан партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту де көзделіп отыр. Партияларды тіркеу ережелері жеңілдеп, бастамашыл азаматтар саяси бәсекеге түсе алады. Нәтижесінде халықтың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтайтын жаңа партиялар қатары көбеймек. Сайлау үдерісі жаңарып, үміткерлерді іріктеу рәсімдері жетілдіріледі.

Президент ұсынып отырған реформалардың негізгі өзегі – шынайы құқықтық, демократиялық мемлекет құру жолында қордаланған мәселелердің шешімін табу. Бүгінде Мемлекет басшысы осыған дейін уәде еткен саяси және құқықтық реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Конституциялық сот құру туралы ұсыныс осы бағытта жасалған маңызды қадам болмақ.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы прокуратура және адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажеттігін айтты.

Жоғарыда айтылған реформалар толыққанды жүзеге асырылады деуге негіз бар. Себебі жолдауда халық пен билік арасында екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру жолдары қарастырылған. Бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру соның айғағы. Дамыған елдерге тән үдеріс саналатын бұл қағидалар жаңа Қазақстанды құру үшін аса маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байла­нысты», – деп атап өтті.

Осы орайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Президент жолдауында қамтылған мәселелердің іске асуына зор үлес қоспақ. Өйткені білім мен ғылымның қара шаңырағы саналатын ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде болашақ ақпарат саласының мамандары даярланады. Факультет шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Сол арқылы студенттер объективті және оперативті ақпарат тарату заманауи тәсілдерін меңгеріп шығады. Сондықтан ҚазҰУ білікті кадрлар даярлау арқылы Мемлекет басшысы ұсынған ашық ақпараттық кеңістік қалыптастырға өз үлесін қоспақ. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Тәуел­сіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек».

Жолдауда айтылған кешенді іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылу арқылы азаматтық қоғам қалыптастырудың алғышартына айналмақ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында құрылған Ұлттық кеңес соның бір дәлелі.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғанын айта келе, енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауының ерекше бір тұсы әкімшілік-аумақтық құрылымға арналды. Шыны керек, бұл өзгерісті қоғам көп күтті. Әу баста бюджеттің қаржысын үнемдеу, елдің әлеу­меттік-экономикалық әлеуетін жетілдіру бағытында қысқартылған аудандар мен облыстар уақыт өте келе шығынға бата бастады. Бұл жайында кезінде БАҚ-та түрлі зерттеу, талдау мақалалары жарияланды. Күнделікті тіршілікте түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген жергілікті жердің тұрғындары өз өтініштері мен тілектерін әкімдерге, халық қалауларына жеткізіп жүрді. Бұл мәселенің нақты нәтижесі Мемлекет басшысының жолдауында айқын көрінді. Президент әкімшілік-аумақтық құрылым өзгерістерінің аса толғақты мәселе екеніне тоқтала келе: «Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері көтеріп жүргенін білемін. Қазір өңірде шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының да жағдайы мәз емес. Біз әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өңірді қайта жаңғыртуға тиіспіз», – деді.

Шынында да, соңғы жылдары Семей өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы құлдырағанын білеміз. Бұл аймақта басқа өңірлермен салыстырғанда жұмыссыздық басым, жалақы мөлшері рес­публикалық көрсеткіштен көп төмен. Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығы мен астық, көкөніс және т.б. салаларды жетілдіруге тиімді аумақ болғанымен, өңірдің экономикалық әле­уеті толық игерілмегенін бәріміз көріп отырмыз. Кезінде Семейдің ет комбинаттарының, тігін фабрикаларының атағы жер жаратын еді. Соларды қайта жаңғырту – үкімет пен жергілікті биліктің міндеті.

Сондай-ақ жолдауда бұрынғы Жезқазған облысы аумағында Ұлытау облысын құру қажеттігі айтылды. «Жезқазған қайтадан облыс орталығы болады. Бұл өңірде тәуелсіз аймақ құру тек экономикалық емес, сонымен бірге рухани тұрғыда маңызды шешім болмақ», – деді Президент.

Расында да, Ұлытау – тарихи өлке. Ынтымақ пен бірліктің бастауы. Кезінде үш жүздің басын қосқан киелі мекен. Қойнауы тұнып тұрған шежіре. Отандық туризмді дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Бір ғана мысал, Жезқазған мен Қарағанды қалаларының арасы 500 шақырым. Облыс орталығына қатынау үшін Жезқазған қаласы маңындағылар осыншама жер жүріп келеді. Бұл, бір жағынан, адамның уақытын алса, екінші жағынан, үлкен шығын. Үшіншіден, облыстардың қайтадан ашылуы өңірдің тыныс-тіршілігіне қан жүгіртеді. Жастардың жергілікті жерде білім алуына, жұмысқа орналасуына жағдай туғызады. Кәсіпорындар ашылады, шағын және орта бизнес қанат жаяды. Сайып келгенде, халықтың жақсы өмір сүруіне мүмкіншілік туады.

Осы орайда, Президент кезіндегі Оңтүстік Қазақстан облысын мысалға алды. Осы күні халық саны 2 038 934-ке (2019 жылғы мәлімет) жетіп қалған Алматы облысының әкімшілік аумағын қайта құру өзекті мәселелердің бірі еді. Мұны да Мемлекет басшысы дер кезінде қолға алды. Қос палата депутаттары алдында: «Алматы облысының агломерациясында түйінді мәселе жетіп-артылады. Осы және өзге де мәселелерді ескере отырып, Алматы облысын екі аймаққа бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облысы құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына шоғырлануы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында орналасуға тиіс. Қапшағай қаласына Д.А.Қонаевтың атын беруді ұсынамын», – деген ойын ортаға тастады.

Облыс аумағында 17 аудан және Қапшағай, Талдықорған, Текелі сынды үш қала барын білеміз. Осындай үлкен облысты екі әкімшілік аумаққа бөлу өте орынды шешім.

Қалай болғанда да, елдің болашағы үшін үлкен қадамдар жасалды. Президент, бұған қоса, жолдауда өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн екенін жеткізді. Экономикалық қиындықтардың алдын алу үшін дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар қабылдауды күн тәртібіне қойды.

Қорыта айтқанда, биылғы наурыз жолдауы нақты ұсыныс пен биік мақсаттар жолдауы болды. Мемлекет басшысы қоғам алдында тұрған басты мәселелерді айқындап берді. Біз өз тарапымыздан елдің келешегі үшін қуатты, жаңа Қазақстанды қалыптастырып, жаңғырту мақсатында жастарды сапалы білім мен ғылымға тарту жұмыстарын жалғастыра береміз. Өйткені Президент атап өткендей, «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз».

«Егемен Қазақстан» газеті,

18 наурыз 2022 жыл

Басқа жаңалықтар