«Ana tili» газеті

9 қыркүйек, 2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әр қазақ үшін аяулы мекен. Мұнда талай жақсының ізі қалған, талай қазақ білім алған, талай адам арманымен кездескен, мақсатына жеткен. Бұл оқу орнының бары мен жоғы қазақ білімінің де бары мен жоғына айналып шыға келетіні жасырын емес. Ендеше бүгінгі сұхбатта осы бір жайттар сөз болады.

– Жансейіт Қансейітұлы, еліміздегі жетекші жоғары оқу орнына басшылыққа келгелі жарты жыл болыпты. Бүгін алты айда атқарылған басты шаруалар төңірегінде әңгіме қозғасақ дейміз. ҚазҰУ-дың қазіргі таңдағы жетістігі қандай?

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – еліміздегі тарихы терең, ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орны және QS WUR бойынша әлемнің ең үздік 200 университетінің тобына кіреді. Посткеңестік аумақта мұндай екі ЖОО ғана бар: М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті – 78-орында және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 175-орында. ҚазҰУ – QS Stars Rating System халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» басымдық белгісіне ие болған Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің IAAR Eurasian University Ranking – 2021 халықаралық рейтингінің қорытындысы бойынша ҚазҰУ Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Әзірбайжан және Молдова жоғары оқу орындарының арасында үздік университет атанды. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік 2021 жылы ҚазҰУ-дың Қазақстанның көпсалалы үздік жоғары оқу орны екенін жариялады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық тәрбие мен заманауи білімді ұштастыра отырып дамытуға қатысты: «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет. Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңыз­ды міндет», – деп айрықша жауапкершілік жүктеді. Осы мақсатта университетте 16 факультет, 67 кафедра, 8 ҒЗИ, 29 ғылыми орталық жұмыс істейді. 3000-нан астам оқытушы дәріс береді. Оқу ордамызда 25 мыңнан астам студент, магистрант, докторанттар білім алуда, олардың 10 пайызы – әлемнің 42 елінен келген шетелдік азаматтар. 2025 жылға қарай олардың үлесін 15 пайызға дейін арттыру көзделуде. Бүгінде бірқатар шет мемлекеттерде, атап айтсақ: Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияда ҚазҰУ филиалдарын ашу мақсатында жұмыс жүргізілуде. 2021-25 жылдарға арналған дамудың негізгі басымдықтары айқындалды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы оқу орнын ел және әлем ауқымында одан әрі ілгерілетуге негізделген стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыруға ниетті.

– Жаңа оқу жылы басталды. Биыл ҚазҰУ-ға мемлекеттік грантпен оқуға түсушілер саны қаншалықты болды? Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш аз ба, көп пе?

– Биыл ҚазҰУ-ға мемлекеттік грант бойынша оқуға түсушілер саны бакалавриат бойынша – 4220, бұл өткен жылмен салыстыр­ғанда үш есе көп, магистратура бойынша – 1598, өткен жылы 1247 болған, ал докторантураға биыл 417 грант беріліп, 343 докторант грант иегері атанды. Қазір университет жалпы саны 7108 білім алушыны оқуға қабылдады. Ал 2020/21 оқу жылы бойынша қара шаңырақты жалпы саны 6505 түлек бітіріп шыққан болатын. «Алтын белгі» иегерлерінің саны да өсіп отыр, былтыр 508 үздік түлек ҚазҰУ-ды таңдаса, биыл олардың саны 1058-ге жетті.

Шетелдік студенттерге келсек, ҚазҰУ-да әлемнің 50-ге жуық елінен жастар білім алады. Жаңа оқу жылына қазіргі уақытта 155 шетел азаматы ақылы бөлімге қабылданды. Сонымен қатар халықаралық шарттар шеңберінде бакалавр бойынша Тәжікстан, Қырғызстан, Вьетнам, Моңғолия, Ауғанстаннан талапкерлер студенттер қатарына қабылданатын болады.

Талапкерлерді оқуға қабылдау барысында еліміздегі мектеп оқушыларының онлайн форматта білім алғанын назарға ала отырып, шекті балл 100-ден кейбір мамандықтар бойынша 85, 80, 75-ке төмендетілді.

Ал грант байқауына ҚР БжҒМ тарапынан бірқатар жеңілдіктер қосылды. Бұл жеңілдіктер көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін қарастырылды.

– Биыл білім алушылар арасында қандай мамандықтарға ерекше сұраныс артты?

– Университетке түсушілер арасында жаратылыстану-ғылыми және техникалық бағыттағы мамандықтарды таңдау басым болып тұр. Көптеген үміткерлер ақпараттық технология, биотехнология, наноматериалдар, робототехника мен мехатроника, ғарыштық инженерияны таңдады. Қазіргі заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, жаратылыстану факультеттерінің білім беру бағдарламаларына тұрақты сұраныс байқалады. Олардың қатарында физика, химия, математика, жер және қоршаған орта туралы ғылымдар саласындағы мамандарды даярлау бағдарламаларын атауға болады. Сонымен қатар медицинаға деген қызығушылық сақталып отыр. Жастар арасында батыс және шығыс тілдерінің филологтары мен аудармашылары, туризм саласындағы мамандарды даярлау бағдарламалары да үлкен сұранысқа ие.

Ұлттық және халықаралық құқық, экономика, халықаралық қатынастар саласындағы білім беру бағдарламаларына дәстүрлі түрде жоғары сұраныс бар екенін атап өткен жөн. Ал магистратура және докторантурада физика, биотехнология, ақпараттық технологиялар, химия педагогтарын, филология, қазақ тілі мен әдебиеті педагогтарын және шетел тілі педагогтарын даярлау, математика білім беру бағдарламалары топтарына байқау айтарлықтай жоғары болды.

– ҚазҰУ-да уақыт талабына сай ашылған жаңа мамандықтар бар ма?

– Халықаралық және ұлттық рейтингтерде көш басында болу бізді экономика мен қоғам дамуының перспективалық бағыттарын ескере отырып, ғылыми-білім беру қызметін үнемі жетілдіруге және жақсартуға міндеттейді. Сондықтан биыл біз алыс-жақын шетелдердің университеттерімен серіктес болып, бірлесе әзірленген білім беру бағдарламаларының санын кеңейттік.

Осыған дейін оқу орнында 533 білім беру бағдарламасы бойынша сабақ беріліп келді. Жаңа оқу жылынан бастап заманауи талаптарға жауап беретін жаңа мамандықтар енгізіп отырмыз. Атап айтсақ: «Нейроғылым», «Вирусология», «Киберфизика», «Цифрлық экономика», «Биологиялық инженерия», «Робототехникалық жүйелер», «Экологиялық инженерия», «Креативті индустрия», «Табиғи-техногендік тәуекелдер», «Медиакоммуникациялар», «Деректер туралы ғылым», «Цифрлық мұрағаттану және құжаттану», «Зияткерлік басқару жүйелері», «Наноматериалдар және нанохимия» т.б. инновациялық және пәнаралық білім беру бағдарламалары.

Жалпы, 119 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді, оның ішінде бакалаврларда – 17, магистратурада – 70, PhD докторантурада – 32. Жаңа оқу жылынан бастап студенттер 652 білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын болады. Жаңа мамандықтар тек қазақстандық қана емес, сондай-ақ шетелдік студенттер арасында да жоғары сұранысқа ие.

– Қазіргі пандемия жағдайында білім беруді ұйымдастырудың өзіндік талап-ережелері бар. Студенттерді арақашықтық сақтап отырғызған жағдайда аудиториялар қажеттігі туындайтыны белгілі. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, оқу кабинеттерін жасақтау, жатақханаға орналастыру мәселесі қалай шешілмек?

– Қазіргі сәтте университет аумағында орналасқан 14 жатақхана студенттердің қоныстануына әзірленуде, рет-ретімен студенттер игілігіне ұсынылады. Осы сәтте №6 студенттер үйіндегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, №4 және №7 жатақханалардағы күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңына дейін жалғасады.

Сонымен қатар үш оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ғимараттардың есік-терезелері және едені толығымен ауыстырылған. Бұрын линолеум болса, қазір сапалы жаңа ламинаттар төселіп, аудиториялар жаңа үлгідегі заманауи дизайнмен әрленіп, безендірілуде. Екінші және үшінші оқу ғимараттары оқу жылын бастауға әзір. Ал бірінші оқу ғимаратындағы жұмыстар айдың аяғына дейін созылады.

Медициналық бетперделер сатып алынып, санитарлық құралдар, термометрлер, ауа рециркуляторлары орнатылды. Күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталды.

Оқу корпустарын салу, жұмыс істеп тұрғандарын реконструкция­лау (14 жатақхананың жобалық қуатын 2500 орынға дейін ұлғайта отырып) және жаңа жатақханалар тұрғызу (құрылыстың I кезегі – 6000 орын) көзделуде. Сондай-ақ қызметкерлерге жайлы қызметтік тұрғын үй салу үшін инвесторлар іздестіріліп, келіссөздер жүргізілуде.

– Қазіргі уақытта ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялануды қолға алып отырғанын білеміз. Бұл бағытта қандай жобалар іске асырылуда?

– ҚазҰУ классикалық зерттеу университеті ретінде білім, ғылым және инновацияларды табысты үйлестіреді: жыл сайын еліміздің ғылыми-техникалық даму басымдықтары бойынша 500-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырады. Соңғы үш жыл ішіндегі ғылыми жобалардың жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгені құрады, ғалымдар 400-ден астам патент пен авторлық куәлік алды. ҚазҰУ ғылыми мақалалар бойынша көшбасшы, рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым біздің ғалымдарға тиесілі. Ғалымдар­дың Хирш жиынтық индексі 2700-ден астам, ал университеттің бес ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді. Инновация­лық жобалар табысты іске асырылуда және аз сериялы өнімдер шығару бойынша 10-нан астам ғылымды қажетсінетін өндірістер құрылды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-ды ұлттық экономикадағы иннова­циялық хаб және «Әлемдік деңгейдегі университет» дәрежесіне жеткізу – негізгі мақсатымыз. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялау тәсілі аясындағы жұмыс­тар үш бағытта жүзеге асырылады:

таланттардың басын қосу және шығармашылық ізденіске жол ашу;

зерттеулер жүргізу үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз ету;

инновациялық тәсілдердің пайда болуына және қолданылуына ықпал ететін университетті басқарудың икемді құрылымы.

ҚазҰУ – дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар жоғары оқу орны. Мұнда кластерлік тәсіл негізінде «идеяны генерациялаудан бастап, оны коммерцияландыруға дейін» тиімді технологиялық дәліз құрылған. Университеттің тиімді жұмысының арқасында бизнестен және түрлі халықаралық көздерден инвестициялар тартылады.

Университет ғалымдарының ғылыми жобалары Дүниежүзілік банктің және «Ғылым қорының» гранттық қаржыландыру бағдарламалары арқылы коммерцияландырылуда. Бүгінгі таңда 10-нан астам инновациялық жобаның нәтижелері Қазақстан экономикасының нақты секторында ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, ғалымдар нанотехнология көмегімен энергия үнемдегіш газразрядты шамның жаңаша үлгісін ойлап тапты. Бүгінде университеттің Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты жылына 3000 шамға дейін шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар көпшілік жиналатын әуежай, вокзал және т.б. орындардың қауіпсіздік саласына цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Адамның бет әлпетін тану ақпараттық-бағдарламалық кешені жарық аз болса да, объектіні бірнеше секунд ішінде 90 пайыздан жоғары дәлдікпен анықтауға көмектеседі.

ҚазҰУ Ғылыми-технологиялық паркінің жас ғалымдары мектеп бағдарламасына бейімделген EdTech Alfasat робототехника бойынша білім беру конструкторын әзірледі. Оқушылар ғарыш объектісін жобалау, әзірлеу, құру, іске қосу және одан әрі пайдалану сынды ғарыш жүйесін құрудың барлық кезеңдерінен өтеді. Конструктор ғарыштық робототехника бойынша тұңғыш отандық оқыту өнімі болып табылады.

Пандемия кезінде ғалымдар медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат етілген, киюге ыңғайлы және «Жеке қорғаныс құралдарының қауіпсіздігі туралы» мемлекеттік стандарттың барлық талаптарына сәйкес келетін материалдардан жасалған AlfaShield қорғаныс шлемдерін жасап шығарды. Өндірістік қуаты күніне 100 дана шлем дайындауға мүмкіндік береді және 200-ден астам шлем Алматы қаласының медициналық мекемелері арасында тегін таратылды.

Кампус аумағында күшті, аз уытты дәрілік және қоректік өсімдік қоспаларынан тұратын тұмау вирусына және коронавирусқа қарсы жаңа биологиялық белсенді қоспалар өндірісі жолға қойылған. ҚазҰУ дәрілік өсімдіктер орталығының қызметкерлері әзірлеген бұл қоспалар университет қызметкерлері мен қала тұрғындары арасында кеңінен танымал.

Ғалымдарымыздың тағы бір ғылыми жобасы негізінде құс, балық және жануарлар үшін құнды қоректік өнім (Golden Fly), сондай-ақ органикалық тыңайтқыш (Golden Soil) ала отырып, тамақ қалдықтарын қайта өңдеу цехын салу жоспарда бар. Бүгінде «жасыл» технологиялар аймағында орнатылған биогаз қондырғысы күніне 100 келі тамақ қалдығын өңдейді, алдағы бірнеше айда бұл көрсеткішті 1000 келіге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Университет ғалымдары мен оқытушыларының үздік инновациялық жобалары «ҚазҰУ-дың инновациялық технологиялары мен ғылымды қажетсінетін өнімдері» каталогына енді. Бұл кітап Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге орай, екі бөлім болып басылып шықты.

– Еліміздің Білім және ғылым министрлігі оқытушы-профессорлар құрамы еңбекақысының өскенін мәлімдеді. ҚазҰУ-да еңбекақыны өсіруде қандай ерекшеліктерге басымдық берілді? Бекітілген жалақыдан бөлек, оқытушылар мен қызметкерлерді ынталандыру қарастырылған ба?

– Наурыз айында оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. Бүгінгі таңда оқытушы – 285 000 теңге, аға оқытушы – 312 000 теңге, қауымдастырылған профессор – 389 000 теңге, профессор – 500 000 теңге алады. Бұдан бөлек, философия докторы (РhD), ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежелері, біліктілік деңгейі үшін де қосымша ақы белгіленеді. Сондай-ақ рейтингі жоғары шетелдік басылымдарда ғылыми мақалалар жариялаған оқытушы-профессорлар үшін жылына екі рет бонустық төлемдер қарастырылған.

Қай ұжымда болсын еңбек белсенділігін ынталандыру мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Бұл ретте біз жалақыны өсіріп қана қоймай, қызметкерлердің жігерін арттыруға барынша көңіл бөліп келеміз. Өйткені ұжымдық қолдауға ие болған, мотивациясы айқын оқытушы-профессор мен қызметкер университет дамуына ықпал жасап, кәсіби тұрғыдан өсіп, бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді.

– Жалақы өскеннен кейін ҚазҰУ-да сабақ беруге ниет танытып, бос лауазымдарға өтініш білдірушілер саны артты ма?

– Өткен оқу жылында арнайы шарт негізінде 42 шетелдік оқытушы университетте қызмет етіп, студенттерге дәріс оқып, докто­ранттарға ғылыми жетекшілік жасады. Шетелдік оқытушыларды тарту мәселесі биыл да көзделген. Қазірдің өзінде университетке АҚШ пен Еуропаның университеттерінде, оның ішінде Кембридж университетінде дәріс берген профессорлар Уалбай Өмірбаев пен Базбек Дәулетов сияқты халықаралық ғалымдар шақырылды. Оларға жалақы төлеу мәселесі ғалымдардың әлеуетіне қарай жеке шарт негізінде айқындалады. Биылғы профессор-оқытушылар құрамына жарияланған бос орындар конкурсына Қазақстанның басқа оқу орындарынан 41 оқытушы қатысуға ниет білдірді. Қазіргі таңда олардың құжаттары конкурстық комиссияның қарауында. Білім ордасының 400-ден астам оқытушысы – «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері, олар әлемнің жетекші жоғары оқу орындары – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклиде ғылыми тағылымдамадан өтті.

– Мемлекет басшысының оқушылар мен студенттерді дәстүрлі оқу форматына қайтару тапсырмасы сіз басқаратын оқу ордасында қаншалықты орындалды?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021/22 оқу жылында барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі білім беру жүйесі қамтамасыз етіледі. Білім алушылар мен оқытушылардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шаралар жасалды және жұмыс алгоритмінің нақты жоспары әзірленді. Жүктеме есептеліп, оқытушы-профессорлар штаты анықталды, аудиториялық қорға ревизия жүргізілді.

Университет оқу ғимараттарында, жатақханаларда, кітапханада санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бо­йынша тиісті шараларды қабылдады. Барлық корпустар мен ғимараттарда санитайзерлер, пайдаланылған маскаларға арналған жәшіктер, дезинфекциялық аркалар, жылу түсіргіштер орнатылған. ЖОО мамандары әртүрлі уақыттағы үзілістерді, студенттерді аудиторияларға шахмат тәртібімен отырғызуды және аудиториялар мен спортзалдардың 50 пайыз толтырылуымен әлеуметтік арақашықтықты ескере отырып, барлық курстар үшін оқу сабақтарының икемді кес­тесін жасады. Студенттер жеке баспалдақтарды пайдаланады. Жаңа оқу жылының басынан бастап кампустағы барлық оқу ғимараттары мен жатақханаларға кіру «Ashyq» жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ Студенттер сарайы ғимаратында екпе салу пункті жұмыс істеп тұр.

Мамандар карантиндік режимді күшейту немесе бәсеңсу кезіндегі іс-қимылдардың балама бағдарламаларын ұсынды. Мысалы, карантиндік талап күшейген жағдайда және Денсаулық сақтау министрлігінің шешіміне қарай онлайн оқытуға көшіру жоспары да жүзеге асырылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кешенді және толық көлемде орындалуда. Барлық факультеттерде студенттермен онлайн кездесулер өткізілуде, онда елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байла­нысты жүзеге асырылатын оқу тәртібінің жаңа ережелері түсіндірілуде.

– Студенттер офлайн оқуға қаншалықты дайын? Вакцина алу мәселесі қандай қарқынмен жүзеге асуда?

– Вакцина мәселесіне келсек, қазіргі сәтте университеттегі оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлердің 80 пайызы (5073 адам), 18 жастан асқан студенттердің 79 пайызы (14 445 адам) екпе алды. Білім алушылар, оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлер арасында екпе алуды ынталандыру үшін ақпараттық және ұйымдастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Коронавирусқа қарсы екпе алуды ынталандыру акциясымен 40 оқытушы-қызметкер мен студенттер Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагеріне тегін жолдама алды; TOEFL сертификаттау емтиханын тапсыру үшін докторантураға түсушілерге арналған тегін интенсивті курстар берілді; оқытушы-профессорлар құрамы мен қосалқы персоналға әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік қолдау көрсетілді. Алдағы уақытта ынталандырудың басқа да түрлері қарастырылатын болады.

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына әртүрлі арнаулы шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы айтулы датаға ҚазҰУ-дың қосар үлесі қандай?

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінде ағымдағы жылдың басында ел Тәуелсіздігіне арналған «Отыз жылдыққа – отыз апталық» жол картасы бекітілді. Жоспарға сәйкес, университетте тәуелсіздік тарихы және Қазақстан тарихындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегін айшықтауға арналған іс-шаралар өтті.

Елбасы саябағы, Ғалымдар бағы, Ағаштар аллеясы ашылып, 1000-ға жуық көшет отырғызылды. «Атаулы аудиториялар – құрмет мектебі» жобасы аясында география және табиғатты пайдалану факультетінде О.Сүлейменов атындағы, Экономика және бизнес жоғары мектебінде К.Нәрібаев атындағы дәрісханалар ашылды. Онлайн форматта қоғамдық дәрістер өткізіліп, еліміздің саяси қайраткерлері, ғалымдар, елшілер дәріс оқыды. «Отыз жылдыққа – отыз апталық» жобасының қорытындысы ретінде кітаптар мен жинақтар, бейнероликтер, деректі фильмдер және т.б. шығарылады.

– Токио олимпиадасында ҚазҰУ студенті топ жарды. Студенттік универсиадада да көшбасшы. Спорттағы жетістіктер кілті неде?

– Біздің университет студенттері спорттағы жеңістері және үлкен жетістіктерімен қуантуда. Токиода өткен олимпиадада жарыстың қола медалін ҚазҰУ түлектері – дзюдошы Елдос Сметов және еркін күрестен Нұрислам Санаев, медицина факультетінің 1-курс студенті Игорь Сон жеңіп алды. Олар еліміздің намысын абыроймен қорғап шықты, бұл бізге үлкен қуаныш сыйлады. Бұл, cөзсіз, студент жастар үшін жарқын үлгі. Олимпиаданың ұлттық құрамасына жүзу, дзюдо, еркін күрес, ауыр және жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінен ҚазҰУ-дың 10 түлегі мен студенті қатысып, бақ сынады.

Күні кеше ғана университеттің 2-курс студенті Нұрдәулет Жұмағали Токиода өтіп жатқан жазғы паралимпиада ойындарында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медаль алып, баршамызды айрықша қуанышқа бөледі.

ҚазҰУ құрамасы студенттік универсиадада әрдайым табысты өнер көрсетуде. ҚазҰУ командасы 2009 жылдан бері теңдессіз чемпион. Ешкімге дес бермей, көш басында келеді. Биыл Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы XI жазғы универсиадада біздің құрама жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті. Өз қарсыластарынан айқын басымдықпен озып, I орынға ие болды. Айтулы спорттық жетістіктер – білім ордасының спорт пен денешынықтыруды дамыту бағытындағы жан-жақты және жүйелі жұмысының нәтижесі. Университетте спортпен шұғылдануға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға барлық жағдай жасалған. ЖОО-да спорт кешені, футбол алаңы және жаттығу залдары салынып, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Дене тәрбиесі және спорт кафедрасы осы саланың мамандарын даярлайды. Білім ордасында спорттық-бұқаралық бағытты және кәсіби спортты дамытатын спорт клубы мен «Салауатты өмір салтын ұстану» орталығы құрылды. Студенттер 15 спорт түрін таңдау мүмкіндігіне ие, олардың ішінде: жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол, атлетикалық гимнастика, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бадминтон, дзюдо күресі, футбол, бокс, самбо күресі, қазақ күресі, аэробика бар.

ҚазҰУ құрама командалары спорттың 30 түрі бойынша түрлі деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде дайындық жүргізеді. Ең бас­тысы, денсаулықтары нашар студенттер немесе ауыр сырқаттан соң оңалтудан өтетіндер тәжірибелі оқытушылармен арнайы меди­циналық немесе емдік денешынықтыру топтарында жұмыс істей алады. Университет оқытушылары оқу бағдарламаларына денсаулық сақтаудың заманауи (инновациялық) технологияларын енгізуде студент­тер үшін жетекші мамандарды тарта отырып, салауатты өмір салтын, ұтымды және дұрыс тамақтануды насихаттауға бағытталған дәріс­тер өткізеді. Спорт Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы өмірінің ажырамас және маңыз­ды бөлігі болып қала бермек.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әсел САРҚЫТ

«Ana tili» газеті,

9 қыркүйек 2021 жыл

Басқа жаңалықтар