«Айқын» газеті

18 маусым, 2021

Экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Көпжасар Нәрібаевты еске алғанда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген бабалар сөзі тіл ұшына оралады. Туған елі үшін тер төгіп, қазақ білімі мен ғылымына еңбек сіңірген бірегей ғұламаға қанша сөз арнасақ та ешкім шектемес. Алайда ұлы ұстаздың азаматтық ажары мен кісілік келбетін дәл осылай қатар суреттеп, жан-жақты қырын даланың даналарынан артық ашып бере алмаспыз. Өйткені Көпжасар Нәрібайұлы жақсы адам, парасатты тұлға, кемеңгер ғалым еді.

Ол қазақстандық және кеңестік экономистер мектебінің көрнекті өкілі, қазіргі заманғы бухгалтерлік есептің негізін қалаушылардың бірі болды. Дара болмысынан Отанға, ұлтқа, ұрпаққа деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы, жанашырлығы аңғарылып тұратын. «Білімді болудың мақсаты – мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деген ұстаныммен өмір сүрді. Зиялы көзқарасы, ұстамды мінезімен, ұшқыр ойымен халық жүрегінен орын тапты. Жарқын бейнесі, терең білімімен, қызықты лекциясы, өнегелі тәрбиесімен шәкірттерінің ризашылығына бөленді. Көпшілік бірауыздан айтып жүрген «Ғалым. Ұстаз. Азамат» деген биік шыңда саналы ғұмырын сарп етті.

К.Нәрібаевтың өмір жолына көз жүгірте отырып, бағындырған белестері мен алған асулары оған оңай иіле салмағанын бағамдауға болады.

Талантты педагог 1938 жылы 3 маусымда Жамбыл облысының Бестөбе ауылында дүниеге келген. Ес кіріп, мектеп табалдырығын аттап, білімге құлаш ұрған сәттері соғыс уақыты, тың игеру, халық шаруашылығын қалпына келтіру сияқты елдегі экономикалық ауыр жағдаймен тұспа-тұс келеді. Бұл уақытта ешкімнің ғылымды ойлау­ға мұршасы келмей жатқан кезең. Соған қарамастан, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінің үздік студенті ілім қуып Мәскеуге аттанады. 1964 жылы Қаржы инс­титутының аспирантурасын бітіріп, экономика ғылымының кандидаты дәрежесін қорғады. Кері оралған соң, Алматы халық шаруа­шылығы институтында 12 жыл жұмыс істеді.

АҚШ-тың ірі ғылыми-зерттеу университеттерінен өткен тағылымдамасы ғалымның ізденістеріне даңғыл жол ашты десек, қателеспейміз. Мәскеу мен Алматыда «АҚШ-та бухгалтерлік есепті ұйымдастыру», «КСРО-дағы және АҚШ-тағы есептеудің қазіргі заманғы дамуының негізгі үрдістері» және басқа монографиялары жарық көрді.

1976 жылы Қазақ ССР жоғары және арнаулы орта білім беру министрінің орынбасары лауазымына тағайындалып, өзінің әкімшілік, ұйымдастыру жұмыстарына қабілетін көрсетті. Алайда оның жаңа бастамаларға құмартуы тоқтамады. 1980 жылы Мәскеу қаласында «Есептеу техникасын пайдалана отырып есепке алуды ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру (АҚШ және КСРО тәжірибесі)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1982 жылы оған экономика мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

Ол кездің өлшемімен 44 жаста КСРО-да мұндай дәрежеге екінің бірі жете бермейтін. Алғаш рет есеп және басқару ісі бойынша ана тіліміздегі ғылыми еңбектер студенттер қолына тиді. Оған дейін есептеу теориясы, есептеу мен басқаруды механикаландыру және автоматтандырудың принциптері тек орыс тілінде оқытылатын. Қаламынан туған мемлекеттік тілдегі сегіз кітап, үш кітапша және 70-тен аса мақала әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ.

1983-1987 жылдар аралығында Көпжасар Нәрібайұлы Қазақстан Республикасының Жоғары және арнаулы орта білім беру министрі қызметін атқарды. Отанымыздың игілігі үшін еңбек етіп, елде жаңа жоғары оқу орындары мен жаңа мамандықтарды ашуға бастамашы болды. Білім беру қызметін жетілдіру бойынша іс-шара ұйымдастырып, шетелдердің озық тәжірибесін енгізді. Ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау ісінде жауапкершілік танытты. Аспиранттар мен докторанттар Мәскеу, Ленинград, Киев, Новосібір, Томск университеттерінде білім, тәжірибе алмасып қайтты. Халықаралық қатынастарды күшейтіп, шет мемлекеттерге мамандар жіберетін арнайы комиссияға төрағалық етті. Оқытушы-профессорлар ғылыми іссапарға, біліктілікті көтеру шараларына жіберілді.

Республика мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, ірі өндіріс орындарымен әріптестік байланыс орнатты. Бұдан бөлек, Алматы мемлекеттік театр және көркемөнер институты, Рудный индустриалды институты, Қостанай ауыл шаруашылығы институты, Семей ет және сүт өндірісінің технологиялық институты, сондай-ақ көптеген техникумдар мен училищелердің ашылуына мұрындық болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. ЮНЕСКО-ның жоғары білім мәселелері бойынша халықаралық форумдар мен симпозиумдарына қатысып, Қазақстанды халықаралық білім беру кеңістігінде таныстырып отырды.

1991 жылы өзі білім алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарып, табаны күректей 10 жылды оқу орнын дамытуға, жоғары білім жүйесін жетілдіру ісіне арнады.

 Ректор ретінде барды ұқсатып, бұрыннан жалғасып келе жатқан озық дәстүрлер мен ірі табыстарды жандандырды, шығармашылық еңбектерді көбейтуге күш салды. Білім жүйесін қайта құрып, сатылы түрде қарқынды реформалады. Оның ұсынысы бойынша университетке шығыс ғұламасы, энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің есімі берілді. 1993 жылы білім ордасы ұлттық мәртебесін алды.

Өз алдына дербес оқу орны нарықтық экономикаға бейімделіп, университеттің интеллектуалдық қызметі жаңа белеске көтерілді. Бұрын жеке-дара қызмет атқарып келген зерттеу лабораториялары сегіз ғылыми-зерттеу институты мен тоғыз ғылыми орталыққа біріктірілді. Халықаралық қатынас, менеджмент, маркетинг, мемлекеттік реттеу және экономикалық басқару, іскерліктегі информациялық жүйе, экология, туризм, медициналық биология мамандықтары мен кафедралары ашылды. Жоғары білімді мамандар даярлау ісі бакалавриат және магистратура жүйесіне көшті.

Білім ордасы Халықаралық университеттер ассоциациясы (МАУ) мен Еуразия университеттері ассоциациясының (ЕАУ) мүшелігіне ең бірінші қабылданды. Түркия, Иран, Египет, Корея сияқты 30 халықаралық университетпен келісімшарт жасап, 45 елшілікпен тұрақты байланыс орнатылды. Көп ұзамай ҚазҰУ беделді оқу ордасына айналып, Көпжасар Нәрібайұлы «Халықаралық жыл адамы» атанды.

Реформатор ректор ҚазҰУ-дан кейін Алматы технологиялық университетінде, Білім және ғылым министрлігінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарды. Өмір бойы ұлттық экономиканың салаларына ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлаумен айналысты, магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми басшылық жасады.

Төрт жүзден астам ғылыми жұмыс, оның ішінде 40 кітап пен монография, 20 кітапша өз нысанасын тапты. Оның еңбектері жас ғалымдар, зерттеушілер, экономистер үшін үлкен шығармашылық мұраға айналды.

Академик еңбектері шетелдерде кеңінен танылып, мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Қазақстанға еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендері кеудесінде жарқырады.

Қорыта айтқанда, академик Көпжасар Нәрібаев ерен еңбек адамы, елінің нағыз патриоты болды. Өзі өмірден өтсе де, ғылымдағы жолы тоқтамақ емес. Қайраткерлік тұлғасы, ұстаздық бейнесі, азаматтық қыры халық жүрегінде мәңгі сақталады.

«Айқын» газеті,

18 маусым 2021 жыл

Басқа жаңалықтар