«Егемен Қазақстан» газеті

29 сәуір, 2021

Қазақ білімі мен ғылымының әз ұясына айнала білген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бұған дейін 12 ректор қызмет атқарған екен. Әрқайсысы атағы Алашқа белгілі тұлғалар. Әйгілі оқу ордасының беделі мен белесін биікке көтерген қайраткерлер. Солардың арасында 2001-2008 жылдары еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орнын басқарған Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов ағамыздың да абыройлы атағы көпке мәлім, жастарға үлгі.

Әрине, аса жауапты да маңызды саналатын осынау қызметке дейін Төкең ғылыми-педагогикалық, қоғамдық және әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстардың сан алуан баспалдақтарынан өтті. Мәселен, ол – Қазақстандағы жоғары оқу орындары жанындағы ең алғашқы ғылыми-зерттеу институты болған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Эксперименталдық және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтын құрушы және тұңғыш директоры. Әлемнің қозғаушы күші саналатын физиканың жаңа заманға сай қарқынды үдерісін үлгілі деңгейге көтерген академиктің еңбегін оның ізбасарлары жаңғырта жалғастыруда.

Академик-ғалымның осынау өзіндік төлтумасы оның күллі шығармашылық және ғылыми қызметінің басты шамшырағына айналып, қаншама игі бастамалар мен жаңа ғылыми жобалардың ашылуына түрткі болғанын қазақстандық және шетелдік зиялы қауым өкілдері жақсы біледі. Осылайша халықаралық және республикалық беделді ғылыми басылымдарда физиканың кванттық хромодинамика, ядро және бөлшектер теориясы, бұдан басқа бірнеше саласы бойынша 300-ге жуық ғылыми еңбек жариялаған академик дүниежүзі мойындаған аса танымал ғылыми мектеп құрды. Бүгінде көрнекті ғалым ағамыздың шәкірттері АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Австрия, Франция, Израиль, Италия, Жапония сынды шетелдердің білікті ғылыми орталықтарында жемісті еңбек етіп жүр. Бұл университеттің ғана емес, Қазақстанның да ортақ мақтанышы десек қателеспейміз. Ұлттың ұлағатын көрсеткен мұндай елеулі еңбектер еліміз үшін де бірегей табыс екені даусыз.

Ғалым ҚазҰУ-дың физика факультетінің декандығына тағайындалған тұста өзі директоры болып табылатын институт пен факультет құрылымдарын сәйкестендіріп, өтпелі кезеңдегі білім беру қиындықтарын біліктілікпен шешуге шешімді үлес қосты. Ғылым, білім саласындағы осындай жарқын жетістіктерімен көзге түсе бастаған ғалым азамат 1998 жылы Талдықорған қаласындағы жоғары оқу орнының ректоры болып тағайындалды. Жетісу жеріндегі жемісті жұмыстар оны жаңа биіктерге алып келді.

«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді халқымыз. Өзі жақсы болып, оған ғалымдық, іскерлік қабілеттері мен өмірлік тәжірибесі қосылса, бір кісілік орынның мың кісілік қасиетке татитынын да жоққа шығаруға болмас. Төкең Талдықорғандағы ректорлық қызметінде де іскерлік қарым-қабілетінің мықтылығын барынша жарқыратып көрсете білді. Бұл оқу орны білім мен ғылым саласы бойынша тың бастамаларымен көрініп, еліміз бойынша іргелі білім ордасына айналды.

Төлеген Әбдісағиұлы ректор болған жылдары Жетісудағы оқу орны барлық жағынан дамып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мәртебесіне ие болды. Іскер ғалым өзіне тән табандылығымен университет ұжымының ынтымақ, бірлігін нығайтты. Материалдық жағдайын жақсартты. Ұстаздардан өз қызметтік міндеттерін сапалы орындауды қатаң талап етумен бірге, ұжымда оңтайлы шығармашылық орта орнауына барынша ықпал жасады.

Қысқа ғана уақыт ішінде оқу корпустарын кеңейтіп, кітапхана мен жатақхана ғимараттарын қалпына келтірді. Университеттің бұған дейінгі қарапайым спортзалы күрес, волейбол, баскетбол, гимнастика және секциялар бойынша арнайы жаттығу орындары бар спорт кешеніне айналды. Айдынды Балқаш көлінің жағасында спорт-сауықтыру лагері салынып, университеттің бұл тұрғыдағы материалдық-техникалық базасы едәуір түрде жоғарылады. Бұған, әрине, Төкеңнің жастайынан спортты, өнерді жанына серік еткен айрықша қабілеті әсер етпей қалған жоқ.

Сол тұстағы Қазақстан Республикасының премьер-министрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2001 жылдың ақпан айында Талдықорған қаласына жасаған сапары барысында І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне арнайы ат басын бұрып, оның қызметін жоғары бағалады. Кешегі премьер-министр, бүгінгі Президент сол кезде-ақ көрнекті ғалымның іскерлік-ұйымдастырушылық қабілетін шынайы көңіл көзімен тап басып, көре білген екен. Осыдан кейін көп ұзамай Төкеңнің Қазақ ұлттық университетіндегі жемісті де жеңісті басшылық қызметі басталған болатын.

Қаламгер Орысбай Әбділдаұлы «Өзегі өлең Төлеген» деген сыр­лы толғауында былай деп жазғаны бар: «...Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұловтың сан қырлылығы арқасында бұрындары құлазыңқырап, қиналыңқырап жүрген университеттің ұстаздар ұжымы көңілді қалыпқа түсіп, жан дүниесі сазды сырға толы жан-жақты дарынды адаммен қуанышты үндері ұласып, бәрі бірге көңілді хорға қосылып тұрғандай әдемі, әуезді шалқыған шақ салтанат құрған-ды. Баянды құлаштай созып, қақ орталарында ректордың көшбасшы болып жүрісін олар қалай ұмытсын. Оны әлі талай сағынар, еске алар, сосын жерұйық Жетісудың дәл осындай перзенттері мол болғай деп, сырттай лайым батагөй болып тілеуін тілеп тұрар. Облыс орталығы қайта оралған кіндік қалалардың бірі – Талдықорғанда да ғылым қайраткерінің ізі бар...»

 Білім мен ғылымның, өмір мен өнердің тоғысқан тұсында жарқын жаңалық, жақсы істер өркендейтінін көрсеткен Төкең ұжымдық бірлік пен ынтымақты қатар тоғыстырып, білім ордасының өмір ордасы екенін көрсетті. «Жақсыдан шарапат» дейміз бе, премьер-министрдің осы бағасынан кейін, жоғарыда айтқанымыздай, Төкең Алатаудың баурайындағы альма-матеріне, сүйікті ҚазҰУ-ына қайта оралды. Қиындығы мен қызығы мол ректорлық қызметтің тағы бір белесі ғалым азаматтың жаңа құлшыныстары мен іскерлік қарым-қабілетін асыға күтіп тұрғандай еді. Туған ұясына тұйғындай болып қайта оралған Төкең қара шаңырақтың қасиеті мен үлгілі үрдістерін барынша кеңейтіп, оны заман талап еткен деңгейдегі білім ордасына, ғылыми ізденістердің, жаңалықтар мен жақсылықтардың ортасына, аға буын мен жас толқынның сабақтасқан қара шаңырағына айналдырды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған 2001-2008 жылдары Т.Қожамқұлов университетті шын мәнінде халықаралық деңгейге шығарды. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде білікті мамандар даярлау мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың түбегейлі жаңа, тың тәсілдері енгізілді. ҚазҰУ дәстүрлі құрылымдарымен қатар, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар, технопарктің желісі құрылған елдегі алғашқы жоғары оқу орнына айналды. Маман әзірлеудің бакалавр, магистр, РһД докторлары сынды үш сатылы жаңа жүйесі жолға қойылды. Ғылыми кеңестердің жаңа жағдайда жұмыс істеуіне негіз қалап, еуропалық деңгейдегі ғылыми ізденістердің тиімді де тағылымды тұғырын бекітті. Қорғалатын диссертациялардың ғылыми жаңалықтарының өмірге, өндіріске дендеп енуіне жағдай жасау арқылы жас ғалымдардың ынта-ықыласын әлемдік үрдістегі ізденіс­терге баулыды.

Студенттердің оқуы мен демалысы, тамақтануы, спортпен, денешынықтырумен шұғылдануы, рухани дамуы мен шығармашылық ізденуі үшін заманауи жағдайлар жасалды. Ең үздік студенттерге атаулы 100 президенттік стипендия тағайындалды. Сол үздік студенттердің болашақ ғылым жолына қадам басуына жан-жақты жағдай жасап, олардың тақырыптық-талғамдық ұмтылыстарына жетекшілік жасады. Жас толқынды жаңа жолға салуда ұстаздық ұлағат танытты.

Төлеген Әбдісағиұлы 2003 жылы Италиядағы Болонья қаласында Университеттердің ұлы хартиясына қол қойды. Сөйтіп, ҚазҰУ Қазақстан мен Орталық Азияда Болонья процесіне қатысушы тұңғыш университет болып, Қазақстанның жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру кеңістігіне тікелей интеграциялануына жол ашты.

Көпшілікке белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен 2004 жылы жаңа ректор бастамасымен ұзақ жылдар бойы тоқтап қалған ҚазҰУ қалашығы құрылысының 14 бірдей нысаннан тұратын екінші кезеңі басталды. Соның нәтижесі бойынша іргелі сәулетті кітапхана, оқу-зертханалық корпустар, дәрісханалар мен спортзалдары, 500 және 800 орындық жаңа жатақханалар, бассейнді спорт сарайы, өзге де ғимараттар пайдалануға берілді. Бұл үрдіс университеттің одан әрі даму барысындағы айрықша әрі маңызды оқиғалардың бірі еді.

Республикамыздағы ұжым жетістіктерінің аса жарқын көрсеткіштеріне берілетін «Алтын сапа» сыйлығын 2006 жылы жоғары оқу орындарының ішінде бірінші болып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жеңіп алды. Осынау мәртебесі зор биік марапатты ректорға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тап­сырды.

2014 жылы Т.Қожамқұлов Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арнайы негіздеме-хат жолдап, Қазақстан ғалымдарының Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (СЕRN, Женева, Швейцария) ынтымақтас­тығына алғашқы бастамашы болып, Мемлекет басшысы тарапынан оңды қолдау тапты. Сөйтіп, 2017 жылдың ақпан айында ҚазҰУ-дың Эксперименталдық және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының физик ғалымдары бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүргізу мүмкіндігі туралы алдын ала келіссөздер жасау үшін СЕRN-ге ресми сапармен барды. Өз кезегінде Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы өкілдері Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарында болып, Қазақстан Парламенті Сенатының және салалық министрлік басшыларымен кездесті.

Көрнекті физик ғалымдардың қатысуымен 2018 жылы СЕRN және Қазақстан үкіметі арасында халықаралық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Ал 2019 жылы ел Парламенті аталған келісімді ратификациялап, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (СЕRN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл акт, сөз жоқ, Отанымыздың ғылыми өмірі тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Қазақстанның СЕRN сияқты беделді халықаралық ұйым келісіміне қатысуы жаңа білім көкжиектеріне қолжетімділікті ғана емес, сонымен қатар елдегі ғылыми-зерттеулердің деңгейін және оның халықаралық беделін көтеруге зор мүмкіндік берері ақиқат.

Осындай жоғарыда аталған және аталмаған қаншама жанқиярлық ғылыми еңбектері нәтижесінде Т.Қожамқұловқа 1996 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ол «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Сондай-ақ Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, Қазақ ұлттық музыка академиясының құрметті профессоры, тағы басқа да көптеген атақ пен медаль иеленген қадірлі ел ағасы.

2016 жылғы сәуірде Т.Қожамқұловтың 70 жасқа толған мерейтойында сол кездегі Парламент Сенатының төрағасы, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында: «Ғылыми құндылығы аса жоғары іргелі еңбектеріңіздің физика, математика ғылымының көкжиегін кеңейтіп, әлемдік деңгейде мойындалуы өзіңізге тән қажырлы ізденіс пен терең білімнің нәтижесі екені сөзсіз. Еліміздегі жоғары оқу орны жанындағы алғашқы ғылыми-зерттеу институтының негізін қалап, тың бастамаларға ұйытқы болуыңыз отандық ғылым әлеуетінің нығайып, өркен жаюына жол ашты. Елбасы «Білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген пост­индустриялық әлемге қарай жылжып келеміз», – деп атап өткендей, «сіздің инновациялық зерттеулерді арқау еткен еңбектеріңіз ел игілігін арттыра түспек» деп орынды атап өтті.

Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов – физик-теоретик, өрістің кванттық теориясы саласы бойынша ірі маман. Халықаралық және республикалық мамандандырылған референттелген басылымдардағы физиканың мынандай бөлімдері, атап айтқанда: кванттық хромодинамика, ядро және элементарлық бөлшектер теориясы, салыс­тырмалық және гравитация теориясы бойынша 200-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Калибрлік өрісті стохастикалық кванттау сияқты ғылымның жаңа бағытын дамытты. Ол үш монографияның авторы, соның ішінде «Өріс теориясындағы стохастикалық кванттау» атты монографиясы ғылымның жаңашыл бағытындағы құнды алғашқы еңбек ретінде әлемнің ғылыми жұртшылығына кеңінен мойындалды.

Төлеген ағамыздың алғашқы ғылыми жұмыстары студенттік кезінен жарық көре бастағанымен, оның нағыз физик-теоретик ретінде іргетасы А.Иоффе атындағы ФТИ аспирантурасында кандидаттық диссертациясын дайындап жүріп, атақты «Л.Ландау және Е.Лифшиц теориялық минимумын» тапсыру барысында қаланды. Одан әрі оның ғалым ретінде қалыптасуына және табиғи талантының жарқырап ашылуына Б.Константинов атындағы КСРО ҒА ЯФИ-дың жыл сайынғы физикалық мектебі және Л.Ландау атындағы КСРО ҒА ТФИ-дағы академик А.Мигдалдың теориялық семинарлары баға жетпес рөл атқарды.

Академик Т.Қожамқұлов «Заттардың құрылымдық өзін-өзі ұйымдастыруы және сызықтық емес үдерістер» атты республикалық жоғары оқу орындары аралық ізденістік және қолданбалы зерттеу­лер бағдарламасының ғылыми жетекшісі және «Гравитациялық, электромагниттік, күшті және әлсіз әрекеттестікті теориялық зерттеу» атты іргелі зерттеулердің басымдық бағыттары бойынша Ұлттық ғылыми бағдарламасының да жетекшісі болды. Ол Л.Ландау атындағы ТФИ (Черноголовка қ.), ОИЯИ (Дубна қ.), РҒА төралқасы жанындағы НСК (Мәскеу қ.), Б.Константинов атындағы ЯФИ (Санкт-Петербург қ.) т.б. ірі шетелдік физика институттарымен ғылыми бірлестікте жұмыс атқарып келеді, сондай-ақ халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға белсенді қатысуда.

Академик ғылыми инновацияларды оқу процесіне енгізуге де белсенді үлес қосты. Оның жетекшілігімен «Кванттық хромодинамика», «Керегекөздегі калибрлік теориялар» атты арнаулы жаңа курс­тар түзілді, қосалқы авторлармен бірлесіп оқулық, оқу-әдістемелік құралдар», соның ішінде «Кванттық механика» (2005 ж.) атты қазақ тілінде алғашқы оқулық жарық көрді. Ол PhD докторанттарының ғылыми жұмыстарына, магистранттар мен студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекшілік етуде. Оның жетекшілігімен көптеген кандидаттық диссертация орындалып, бес докторлық диссертация қорғалды. Ол әлем мойындаған ғылыми мектеп құрды.

Т.Қожамқұлов – Қазақстанның жоғары мектебі Ғылым академиясының (ЖМ ХҒА Қазақстандық бөлімшесі) негізгі ұйымдастырушысы. Бұл академияның басты мақсаты – жоғары мектепте ғылымның дамуына жәрдемдесу және оның қол жеткізген жетістіктерін қоғамның әл-ауқаты мен рухани әлеуетінің жоғарылауына барынша қолдану.

Төлеген Әбдісағиұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып қызмет атқарған жылдары университет қалашығының көп жылға жұмысы тоқтап қалған ІІ кезеңінің құрылысы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен қайта жанданды. Бұл құрылыс: іргелі ғылыми кітапхана, оқу-зертханалық корпустар, дәріс оқитын және спорт залдары, жатақханалар т.б. 14 нысаннан түзілетін, университетті халықаралық талаптарға сай жоғары деңгейге көтеретін бірден-бір ерекше шара болды. Жаңа кезеңнің іргетасын еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзі қалады.

2006 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші болып егемен Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсыруымен «Алтын сапа» дәрежесін иеленді.

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық шығармашылық академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Алматы облысының құрметті азаматы. Осының бәріне ерен еңбегімен жетіп, тәлімгер тұлға болып қалыптасқан Төлеген Әбдісағиұлының абыз жасындағы абыройлы кезеңі жалғаса бермек.

Төкеңнің асқаралы 60 жасқа толған торқалы тойында қазақтың қадірлі Әз-ағасы – Әзілхан Нұршайықов былай деген екен: «Сіз туғаннан вундеркинд – ғажап қабілетті бала болған екенсіз. Ғажап қабілетті баланың бәрі бірдей ғажап ғалым болып шыға бермейді. Әрине, сізге қоғам көмектесті. Шарапатты қоғамның қуатымен сіз ұстаз, ғалым, композитор, ақын, әнші, күйші, домбырашы, сырнайшы, спортшы, қоғам қайраткері, университет ректоры болдыңыз. Қазаққа өзіңіздей ұл берген тағдырға рақмет!» Нәзік жаны жәннаттың төрінде шалқуы тиіс Әз-ағамыздың әз тілегі әлі ескірген жоқ деп білеміз.

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы саналатын ҚазҰУ-дың қасиетті қабырғасында қанаты қатайған ардагер ғалымның еңселі тұлғасы ел назарында асқақтай бермек.

«Егемен Қазақстан» газеті,

29 сәуір 2021 жыл

Басқа жаңалықтар