Ататілден тараған түркітілдестердің түп-тұқиянынан бүгінге дейінгісін жүйелеуді, осы мақсатта түркі тілдерін түгел қамтып, лингвистиканың барлық саласында салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы зерттеулер жүргізуді қолға алып, аталған бағытта маман даярлаумен айналысып жүрген бірегей ғалым – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызы. Асылында, әр қадамын абайлап, ақырын жүріп, анық басатын, артында қалдырған игі істерін өзі де байқай бермейтін, бойындағы ізгілікті төңірегіне таратып жүретін жаны жомарт жандар болады. Бүгінде адамзат ғұмырының алтын белесі, абырой мен ардың жасы – 60 жасқа аяқ басқан профессор Раушан Әмірдинқызын осындай тұлғаларға жатқызсақ қателеспеген болар едік. Қазақстанның зиялы интеллектуалдық әлеуетін құрайтын үлкен кеңістіктің бір бөлшегі екенін сүйсіне айта отырып, мыңнан бір мезетінің осы бір сәтінде алпыс жылдық саналы ғұмырына антропоцентристік көзқараспен, трансформацияланған жаңа санамен баға беруге болады деп ойлаймыз.
Раушан Амирдинқызының ғылым жолына жасаған алғашқы қадамы ескінің соңы, жаңаның басы болған мың тоғыз жүз тоқсан бірінші (1991) жылдармен тұспа-тұс келді. Азуы алты қарыс алып империя атанған – Кеңестік жүйенің көбесі сөгіліп, одақтас республикалардың бір-бірінен іргесін алшақтата бастаған кез еді. Қоғамдық үлкен өзгерістер болып, формациялар ауысып, жетпіс жыл қалыптасып, қанға сіңіп, бойға тарап кеткен идеологияның тас-талқаны шығып жатқан уақыт экономикадан бастап, ғылым-білім, өнер мен мәдениет деңгейінде де үлкен дағдарыстар туғызып жатты. Дәл осындай балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетіп жатқан кезеңде болашағы белгісіз, тұманды көрінген ғылымнан қол үзбей, академик Әмен Қайдаровтың ғылыми жетекшілігімен «10.02.02 – языки народов СССР (ұйғыр тілі)» мамандығы бойынша «Семантико-морфологическая характеристика глагольных фразеологизмов современного уйгурского языка» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
1991 жылдың желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялауымен жас мемлекеттің жаңа даму жолы басталса, дәл осы жылы жаңадан ғана филология ғылымдарының кандидаты атанған Авакова Раушангүл Амирдинқызының тәуелсіз, дербес, азат Қазақстандағы ғылыми жаңа дәуірі мен өмірі басталды.
Жылдарға жылдар қосылып, күн артқан сайын ежелгі көшпенділер даласын түркілік рухты оятатын «Мәңгілік ел» сарыны тербете бастады. Сарыарқаның даласы Нұрсұлтандай нән қалаға айналды. Өз Атазаңы мен шекарасы бар, барлық атрибуттық символдары мен мемлекеттік тілі бар азат елдің алғашқы қадамдары оңай болмағаны белгілі. Білім мен ғылым – әрбір мемлекеттің жүрегі екенін ескерсек, жаңа туған нәресте-елдің жүрек соғысын қалыпқа келтіру де, бірізділікке түсіру де жеңілдікпен келмейтіні түсінікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ағартушылық жолында аянбай еңбек еткен, отандық тіл білімі ғылымы мен Жоғарғы Мектеп саласында тоқтаусыз қызмет жасаған ғалымдар легінің алдыңғы толқынында тұрғандардың бірі де, бірегейі де – Раушангүл Амирдинқызы Авакова және оның замандас әріптестері болды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің Жалпы тіл білімі кафедрасының доценті, 2004 жылдан профессорлық қызметін атқарды.
Қоғам қазір Кеңестік жүйедегі қайсыбір құбылыстың келеңсіз жақтары туралы ақпарат таратуға бейімделіп алған сияқты. Шынтуайтында, сол кеңестік дәуір ғылым үшін де, ғалым үшін де зиялылық пен зайырлылықтың, интеллигенция мен интеллектуалды танымның фундаменталды кешенін шегелеп тұрып қалыптастырып кетті. Нағыз ғалымның кісілік келбеті қандай, академиялық деңгей деген не, ғалым адамды өзгеден ерекшелеп тұратын титулдық стандарттар қандай дегенде көзіміз көрген, дәрісін тыңдаған профессорлар Зейнолла Қабдолов, Алтай Аманжолов, Тұрсынбек Кәкішев ағаларымызды еске түсіреміз. Өкінішке орай, бүгінгі ғылыми орта сол нормативтерді ескере бермейді, қазіргі ғылымға келіп жатқан жас буынға, жалпы қоғамға нағыз ғалымның абырой-беделінің тұтас бір моделін ұсынатын адам іздегенде сөзсіз Раушан Авакова Амирдинқызы сияқты ғалымды алға тартамыз. Ол кісінің бойындағы сол зиялылықты, академиялық мәдениетті, қарым-қатынас этикетінен бастап өзінің ғылымдағы миссиясын моральдық тұрғыдан мейлінше таза орындауға тырысатын қасиеті тамсандырады.
Раушан Амирдинқызын ғылыми орта, зияткер көпшілік негізінен фразеолог, түркітанушы ретінде өте жақсы таниды. Бүгінгі отандық лингвистикалық ортада тіл мәселелерінің әртүрлі тақырыптарымен кешенді түрде айналысатын шәкірттерінен тұратын өз мектебі бар, шығармашыл кәсіби мамандардан жасақталған жұмыс тобы бар, ғылыми-зерттеу дәрісханасы бар ғалым. Профессор Авакова Амирдинқызы 2003 жылы «Қазақ фразеологизмдерінің семантикасы» тақырыбында 10.02.02 – қазақ тілі мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, түркі, қазақ фразеосемантика сегментіндегі ірі ғылыми мектептерге негіз болатын бағыттың іргетасын қалап берді.
Раушан Амирдинқызы Аваковаға жоғары кәсіби дайындығын, ғылыми дәрежесін, жұмыстағы жауапкершілігін және басшылық қызметтегі қағидашылдығын, дипломатиялық сауаттылығын ескере отырып, басшылық тарапынан ғалымға әр жылдарда маңызды тапсырмалар ұсынылды. Ғалым 2005-2007 жж. Халықаралық жоғарғы оқу орындарының келісімі бойынша Мәскеу лингвистикалық университетінде «Қазақ тілі орталығына» жетекшілік етіп, университет профессоры ретінде Мәскеу студенттеріне қазақ тілінен сабақ берді. Мәскеулік орыс ұлтынан тұратын студенттерін ұлы Абайдың тілінде сөйлете алды.
Сонымен қатар, профессор Р.А.Авакова Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігімен бірлестікте бірқатар дипломатиялық мәдени-ағартушылық іс-шаралардың көшбасшысы болды. Сол тұстағы еңбектері Ресей, ТМД, Қазақстандық БАҚ порталдарындағы көптегент сұхбаттарымен есте қалды. Р.А.Авакова ММЛУ-ға «Сіңірген еңбегі үшін» (2018) деген төсбелгімен марапатталды. 2007 жылы ғалым «ҚР Үздік оқытушысы» грантының жеңімпазы атанды.
2008-2013 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тұңғыш рет түркітану кафедрасын ашып, үлкен ұжымға жетекшілік етті, кафедра меңгерушісі болды. Түркітану саласындағы алғашқы кәсіби біліктілігі бар мамандарды оқытып шығарды.
Авакова Раушан Амирдинқызы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең ірі жобаларының бірі болған Халықаралық «Болашак» стипендиясының иегері болу үлесін де бөлісті. 2013-2014 ж.ж. Америка Құрама Штаттарындағы Висконсин-Мадисон университетінде ғылыми тағлымдамадан өтті. Осы тұста ерекше атап өтер мәселе – ғалым өзі тағылымдамадан өте жүріп, теңіздің арғы жағында тұңғыш рет қазақ тіліндегі Халықаралық конференция ұйымдастырып, Америка құрлығындағы ғылыми элитаға қазақ тіліндегі баяндамаларды тыңдатты.
Бүгінгі таңда ғалым «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі ретінде мыңдаған тіл теоретиктері мен түркітанушыларға кәсіби біліктілік беріп, әлемдік нарықта бәсекеге лайықты маман етіп шығару жолында аянбай еңбек етуде. Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, атап көрсетсек: 5 –монография, 4- оқулық; 7 – оқу құралы , 3–оқу–әдістемелік нұсқау, 2– сөздік, 30 –аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары 10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 – PhD докторы дайындалды. Авакова Раушангүл Амирдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобалардың жетекшісі болды.
Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, сонысымен де елінің ардақты бір азаматы болып, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген Авакова Раушан Амирдинқызының шығармашылық, ғалымдық келбеті туралы арнайы еңбектер де жазылар. Ғалымның ғылыми потенциалы туралы айтқанда ең алдымен оның ғылыми ортадағы кісілік келбетін атып кеткен орынды. Раушан Авакова Амирдинқызының бойында бір адамның басында кездесе бермейтін екі түрлі таным бар. Бірі – ғылыми қабылдауына жауап беретін рационалды ойлау қабілеті болса, екіншісі шығармашылыққа тән ғылыми түйсік, шығармашылық таным, мәселенің соңғы түйінін көре білу қабілеті, ғылымда “творческое озарение” деп айтатын иррационалды ойлау қабілеті.
Көне түркі тіл білімінің мәселесін зерттеген ірі тұлғалардың бірегейлері – Ғұбайдолла Айдаров, екіншісі Бабаш Әбілқасымов, үшіншісі Құлмат Өміралиев, Алтай Аманжолов екенін білеміз. Көне түркі тілінің тарихы екінің бірі бара бермейтін күрделі ғылым екендігін ескерсек, олардың қалдырған, зерттеп жатқан еңбектері баға жетпес құндылық екенін мойындауымыз керек. Ұлтжанды арыстарымыздың ұлы шоғырынан дәріс алып, халқымыздың исі түркілік тарихының тамырына тереңдей бойлауға ұмтылған жас ғалымдардың алғы шебінде Авакова Раушангүл Амирдинқызы тұрды. Ол Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің студенті, аспиранты болып жүрген кезінде-ақ түркі тілдес халықтардың тіл ерекшеліктері мен ұқсастықтарын зерттеп, алғашқы еңбектерін жариялай бастады. Осылайша түркі тілінің тереңіне бойлай түсуіне бір жағынан балалық шағында саясат салған сергелдеңдер кезіндегі талай ұлттың өкілдерімен тағдырлас, әңгімелес, сырлас болып, тілдерін білуі себеп болса, екінші жағынан, өзінің туа біткен таланты мен еңбекқорлығы, ізденуге деген бейімділігі себеп болды.
Жалпы тіл білімі және түркітану мәселелері, лингвистикалық мәдениеттану; этнолингвистика, қазақ және түркі тілдері фразеологиясы, сонымен қатар лексикогорафия теориясы, қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту және т.б. тіл білімінің көкейкесті мәселелерімен айналысуда ғалым қазақстандық ғылыми мектебінің дамуына жағдай жасап келеді.
Тәуелсіздіктің туы желбіреп, азат елдің азаматтары өзінің даңғыл жолымен, өз тарихымен, өзінің ұлттық кодымен жаңа дәуірдің шымылдығын сыпырып, өзгеше салтанатпен болашақты бетке алып дамып келеді. Әзірге отыз жылдық жас толқын тәжірибесі бар еліміздің бағыт-бағдары айқындалып қалды. Осы жолда Авакова Раушангүл Амирдинқызы сынды табиғатынан ғалым бітімді тұлғалар елдің ғылыми потенциалын көтеретін, интеллектуалдық мектебін қалыптастыратын алдыңғы қатар көшбасшылар болмақ.
Әл-Фараби ат.ҚазҰУ филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Ә. Әкімішева,
Әл-Фараби ат.ҚазҰУ филология факультеті түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Б. Бектемірова
Источник: Dalanews
Дата: 13-04-2023 14:12
Ссылка на новость: https://dalanews.kz/bilim/88002-agartushylyq-is-abyroyly-is
Тональность: Нейтральная
Категория: Электронные СМИ