Республика күнінде сөйлеген сөзі

21 қазан, 2022

Құрметті қонақтар!

Құрметті оқытушы-профессорлар, білім алушы жастар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртқан  ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда Қазақстанның шекарасы, азаматтығы, дипломатиялық дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Бұл құжат тәуелсіздігіміздің басты алғышарты, негізгі тірегі саналады.

Жаңа Қазақстан құру жолында Республика күні мерекесінің қайтарылуы маңызды және тарихи шешім болды.

Бұл жыл еліміз үшін күрделі жағдайда басталды.

Қаңтар оқиғасы еліміздегі әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті.

Президент бастамасымен Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтай өтіп, елдік мәселелер көтерілді.

Биылғы маусым айында жалпыхалықтық референдум өтті.

Конституциямыз заман талабына сай жаңарды.

Алдағы 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Ел болашағы үшін әрбір азамат өз таңдауын жасайтын болады.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»  қалыптастыру бағыттарын айқындап берді.

Бүгінде әлемде түрлі қақтығыстар, күрделі өзгерістер орын алуда.

Пандемия, экономикалық, экологиялық проблемалар, әскери соғыстар көптеген елді әлсіретіп жіберді.

Жаhандық проблемалар біздің елімізге де әсер етуде.

Осындай күрделі жағдайда халқымыздың бірлігін сақтау  –басты міндет.

Мемлекеттер арасында бәсекелестік күшейді.

Білімді, жаңа технологияларды игерген, экономикасы дамыған елдер алға озуда.

Қазір қол қусырып қарап отыратын, босаңситын уақыт емес.

Жаңа Қазақстан дегеніміз  – білімді жастар, жаңа ғылыми жетістіктер, жаңа реформалар.

Сондықтан «Елдің болашағы – жастардың қолында» деген сөз жалған ұранға айналмауы тиіс.

Өзіңді мойындату үшін мемлекет мықты болуы керек, ал мемлекет мықты болу үшін – оның жастары білімді болуы керек.

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген кәсіби мамандар, білікті ғалымдар ғана қалыптастыра алады.

Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін университетіміздің оқытушы-профессорларына, ғалымдарымызға үлкен жауапкершілік жүктелуде.

Ғылым – аудиториядан шығу керек.

Ғылыми зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізуді арттыру қажет.

Әр ғалым өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, өз саласының эксперт маманы болғанда ғана ғылымда нәтиже болады.

Жас ғалымдар, студент, магистрант, докторанттар университеттен алған білімдерін мемлекетті дамытуға жұмсауға тиіс.

Жақында министрдің қатысуымен Жанар Жеңістің шөп дәрілер шығаратын шағын өндірістік зертханасы іске қосылды.

Университет жастардың сұранысқа ие, заманауи маман атану үшін барлық жағдайды жасап отыр.

Осы мүмкіндіктерді пайдалану керек.

Жастарымыз ана тілімен қатар, шет тілдерін жетік меңгеріп, Қазақстанды әлемге танытуы керек.

 Президент Алматы облысына жасаған сапарында:

«Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан.

Шын мәнінде жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады.

Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет.

Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек», – деген мәселеге ерекше тоқталды.

Ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыз: «Бір елдің болашағын білгің келсе, ол елдің жастарына қара», – деген екен.

Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, жаңа Қазақстанның туын жықпай, мемлекетімізді биіктерге көтеру – жастардың қолында.

Ал сол жастардың қанатын қатайтып, тәрбиелеу – ұстаз-ғалымдардың міндеті.

 

Құрметті әріптестер!

Құрметті білім алушы жастар!

Республика күні – халықты ұйыстырудың, ынтымақ пен бірлікті сақтаудың, тәуелсіздікті нығайтудың айқын белгісі.

Баршаңызға мықты денсаулық, әр шаңыраққа бақыт-береке тілеймін.

Ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын!