Оқу-әдістемелік бірлестік мәжілісіндегі сөзі

12 june, 2023

ҚҰРМЕТТІ МӘЖІЛІСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР!

ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАР, ӘРІПТЕСТЕР!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқу-әдістемелік бірлестігінің мәжілісіне қош келдіңіздер!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Білім және ғылым жүйесі түбегейлі реформалауды талап етеді.

Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық.

Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ.

Бүгінгі білімді жастар ертең Қазақстанды алға жетелейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, басшыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін», – деп білім, ғылым саласына айрықша назар аударған болатын.

Бұл мәселелер жоғары оқу орындары мен ондағы оқу-әдістемелік бірлестіктер алдына жаңа талаптар қойып отыр.

ҚазҰУ жанындағы оқу-әдістемелік бірлестік – Қазақстандағы ең ірі бірлестіктердің бірі.

Бірлестік кадрлар даярлаудың тоғыз бағытына жетекшілік жасайды:

  1. Математика және статистика
  2. Физика және химия ғылымдары
  3. Инженерия және инженерлік іс
  4. Биологиялық және сабақтас ғылымдар
  5. Қоршаған орта
  6. Бизнес және басқару
  7. Тілдер және әдебиет
  8. Гуманитарлық ғылымдар
  9. Әлеуметтік ғылымдар

Өздеріңіз білесіздер, биылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Осы құжатқа сәйкес, еліміздің жоғары оқу орындары жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруда жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Мәселен, студенттердің барлық санаттары үшін инклюзивті орта құру;

жылдам өзгеретін еңбек нарығы үшін білікті кадрларды даярлау ісін жетілдіру;

университеттік ғылымды дамыту;

білім, ғылым саласындағы жаңа трендтерге ілесу т.б.

Аталған міндеттерді шешуде оқу-әдістемелік бірлестіктер маңызды рөл атқарады.

Жоғары оқу орындары өзекті академиялық, ғылыми, әлеуметтік және басқа да мәселелерді бірлесіп талқылауы қажет.

Жұмыс барысында шетелдік және отандық сарапшылардың пікірін білу маңызды.

Жұмыс берушілердің және мемлекеттік орган өкілдерінің ұсыныстары ескерілуі тиіс.

Оқу-әдістемелік бірлестіктің әр жаңалығы назардан тыс қалмауы керек.

Нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және басқа да ұсыныс-пікірлер туралы оқытушы-ғалымдар толық хабардар болып отыруы міндетті.

Қазақ ұлттық университетінің оқу-әдістемелік бірлестігі барлық процестерге белсенді қатысып келеді.

– Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ұлттық тестілеу орталығының, Ұлттық жоғары білім беруді дамыту орталығының жұмыс топтарының тұрақты қатысушысы;

– қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамыту стратегиясын құруға атсалысады;

оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың сараптамасын ұйымдастырады.

Бүгінгі отырысқа қатысушылардан ұтымды ұсыныстар, тың идеялар, нақты тұжырымдар күтеміз.

Ортақ мәселелерді талқылап, оқу-әдістемелік бірлестік жұмысын тиімді жүргізу бағыттарын бірге ойласайық.

Мәжіліс жұмысына табыс тілеймін!