«Құтлық қаған жазуы – ғасыр жаңалығы» ғылыми-теориялық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзі

3 қыркүйек, 2022

Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар!

Құрметті қонақтар, әріптестер!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетіне қош келдіңіздер!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде:

«Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады.

Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды.

Сондықтан халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр», – деп тарихшы ғалымдар алдына нақты міндет жүктеген болатын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұзақ жылдардан бері Халықаралық түркі академиясымен бірлесіп ауқымды ғылыми жобаларды, рухани іс-шараларды жүйелі атқарып келеді.

Бүгінгі кездесуіміз де біздің әріптестік байланысымыздың айғағы.

Бәріңізді әлемдік ғылымда ерекше орын алған ғылыми жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын!

Моңғолияның Арханғай аймағы Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстарының нәтижесінде табылған Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы – түркология ғылымындағы үлкен олжа.

Түркі тарихының терең сырын ашқан көне жәдігер ғасырлар қойнауынан арамызға қайта оралды. 

«Түнде ұйқы көрмеген, Күндіз күлкі көрмеген,

Қызыл қаны төгілген, Қара тері сөгілген,

Күшін сарқа жұмсаған, Жауға да шапқан құрсанып», – деп жырлаған көне түркілердің тарихи жады мен рухы бүгін қайта жаңғырып отыр.

Бұл тек түркі жұрты үшін ғана емес, жалпы, өркениетті адамзат қауымы үшін баға жетпес құндылық.

Бұл жаңалық бір ата тілден тараған түркітілдестердің  түп-тұқиянынан бүгінге дейінгі тарихи жолына жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді.

Сондықтан бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты – Құтлық қаған жазуына қатысты тарихи деректерге талдау жасау, түркітанушы, шығыстанушы ғалымдардың халықаралық ынтымақтастығын кеңейту.

Жаңа табылған көне жәдігерді жан-жақты зерттеп, текстологиялық жағынан жүйелеу ғалымдарымыздың алдындағы жаңа міндет болмақ.

Бұл бағыттағы ғылыми жұмыстарға ҚазҰУ ғалымдары да атсалысады.

 

Құрметті әріптестер!

Сіздерге түгел түркінің тасқа басылған алғашқы төлқұжатын тапқан, түркологияға түрен салған тың жаңалықты жариялаған экспедицияның белді мүшелерін таныстырып өтейін:

Халықаралық түркі академиясының ғылыми қызметкері, зерделі ғалым  Нәпіл Базылхан;

Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Алтангэрэйлин Энхтөр.

Тарихи маңызы терең бұл экспедицияға елеулі үлес қосқан білікті мамандармен қатар, түркітану саласының ғалымдары бүгінгі кездесуге арнайы келіп отыр.

Алдағы уақытта экспедиция өзінің ғылыми сапарын жалғастырмақ.

Номғон экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірленіп, түркі әлемінің мәдени астанасы Бурса қаласында таныстырылады.

Бұл шара өзге де түркітілдес елдерде өткізілетін болады.

Сонымен қатар Моңғолиядағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді.

Мамандардың айтуынша, ғалымдарымызды әлі отыз жылға салмақ болатын қазба жұмыстары күтіп тұр.

Түркі академиясы бұл зерттеулерді Моңғолия Археология институтының қолдауымен іске асыра бермек.

«Құтлық  қаған жазуы» әлемдік ғылыми кеңістікте жоғары бағалануда.

Бұл жәдігер ұрпақ игілігіне қызмет ететін, үлкен ғылыми мектепті жалғастыратын құнды мұра екені даусыз.

Түркологияның өзекті мәселелері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету.

Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды.

Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады.

Бұл іске Халықаралық түркі академиясының ғалымдары да атсалысуда.

Әлемдік сарапшылар кезінде «ХХІ ғасыр – түрік мәдениетінің ғасыры болады» деп болжаған.

Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде.

Біз нәтижелі зерттеулер жүргізіп, тың жаңалықтар ашатын болсақ, түркі әлемінің көкжиегі кеңейеді, түркілік ортақ қазынамыз  молаяды.