Ш.Сариевтің «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесеріндегі сөзі

9 желтоқсан, 2022

Құрметті зиялы қауым, қаламгерлер!

Құрметті қонақтар!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Университет ғылым-білімді, әдебиетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткер тұлғаларын мақтан етеді.

Бүгінгі іс-шарамыз көрнекті ақын, аудармашы, тілші-ғалым Шөмішбай Сариевтің ғылыми, шығармашылық жолына арналып отыр.

Биыл Шөмішбай Нағашыбайұлының өмірден өткеніне бір жыл толуына орай, «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша арнайы кітап шығардық.

Кітапта  ақынның ғылыми зерттеулері, халыққа танымал ән мәтіндері, өлеңдері топтастырылған.

Сонымен қатар әріптес, қаламдастары мен отбасы мүшелерінің естеліктері берілген.

Шөмішбай Нағашыбайұлының артында қалған рухани мұрасын насихаттауда аяулы жары Жұмагүл Қаженқызының еңбегі зор.

Бүгінгі іс-шараға сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер-диктор Сауық Жаханова қатысып отыр.

Қазақ поэзиясында, әдебиеттану ғылымында ерекше қолтаңба қалдырған Шөмішбай Сариев – біздің университетіміздің түлегі.

1966 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітірген.

 «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды.

1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты кандидаттық диссертациясын қорғады.

Қазақ поэзиясын терең зерттеп, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтардың әдеби туындыларына кәсіби талдау жасады.

Шөмішбай Сариев ғалым ретінде осы еңбектермен ғана шектеліп қалмай, 50, 60, 70-жылдардағы қазақ ақындарының шығармашылығын талдады.

Аға буын ақындардан бастап, өз замандастарының шығармашылық портреттерін жасады.

Оның ішінде Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев сынды көрнекті ақындар қамтылған.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының жаңа буын өкілдері туралы да зерттеулер жүргізді.

Шөмішбай Сариевті әдеби орта «қазақтың Пушкині»  деп атағанын білеміз.

Өлеңдері әнге айналып, тыңдарман қауымның жүрегіне жетті. Көзі тірісінде 300-ден аса әнге мәтін жазып, ұлттық ән өнерін байытты.

Ақынның сөзіне жазылған шедевр әндер тізімінде:

Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел!», «Қарағым-ай», Сейдолла Бәйтерековтің «Аралдан ұшқан аққулар», Гүлнәр Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар», Төлеген Мұхамеджановтың «Аяулым» әндері бар.

Ақынның қаламынан туған «Арайлы көктем», «Теңізден соққан жел», «Тағдыр», «Уақыт», «Біздің ғасыр» жинақтары оқырманның жоғары бағасын алды.

Сексенінші жылдары халыққа кең тараған «Тамаша» ойын-сауық театрына көп еңбек сіңіріп, «Тамашаның» тарландары орындаған талай сценарийлер жазды.

Ғылыми, шығармашылық еңбектері Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жоғары бағаланды.

Филология ғылымының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының және І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.

Көрнекті ақын, ғалым Шөмішбай Сариевтің шығармашылық, ғылыми еңбек жолына арналған кітап студенттер үшін пайдалы боларына кәміл сенемін.