Ғалым Мархабат Томанұлы Томановтың туғанына – 90 жыл конференцияда сөйлеген сөзі

3 march, 2022

Қадірлі конференцияға қатысушы қонақтар!

Құрметті әріптестер, білім алушы жастар!

Биыл түркі әлеміне ортақ ғалым Мархабат Томанұлы Томановтың туғанына – 90 жыл.

Тіл білімі ғылымының көрнекті өкілінің мерейтойына арналған   халықаралық конференцияға қош келдіңіздер!

Мемлекет басшысы ана тіліміздің мәртебесін көтеруге үнемі көңіл бөліп келеді.

Ел Президенті «Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы керек» деп нақты міндеттер жүктеп отыр.

Бұл ретте тіл білімі ғалымдарына үлкен жауапкершілік артылуда.

Тіл ғылымы нақты тілдік деректерге ғана сүйенетін, өте терең сала.

Белгілі түрколог ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мархабат Томанов қазақ тіл білімі мен ғылымына, түркітану саласына елеулі еңбек сіңірген тұлға.

Ғалым қазіргі қазақ тілінің стилистикасынан бастап, көне түркі жазба мұрағаттары тілі, әдеби тіл тарихы бойынша жемісті еңбек етті.

Көне мұралардағы тілдік бірліктердің тарихи сипатын ашып, өзіндік ғылыми жолын қалыптастырды.

Ғалымның «Қазақ тілі тарихи грамматикасының мәселелері»,  «Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері», «Махмуд Қашғари (ХІ ғ.)», «Көне түркі жазба ескерткіштері – қазақ тілі морфологиясының тарихын зерттеудің көзі» және басқа еңбектері тілтану саласындағы күрделі мәселелерге арналған.

Мархабат Томанұлы сөздіктану бағытында да тынымсыз еңбек етті. Орысша-қазақша бірнеше сөздіктерді құрастыруға  атсалысты.

Олардың ішінде екі тілді құрылыс, архитектура, физика, астрология, заң, педагогика, психология салаларына арналған салалық терминдер сөздігі бар.

Көптеген терминдік сөздіктерге сараптама жасап, алғы сөздер жазып, басылып шығуына мұрындық болды. 

Ұстазы – профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Мәулен Балақаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі мезгіл мәнді сөз тіркестері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Қазақ мемлекеттік университетінде «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» пәнінен дәріс оқып, білімді шәкірттер тәрбиеледі.

Осы университет қабырғасында жүріп алтаистикада, түркі тілінде қалыптасқан ғылыми ойларға, тұжырымдарға сүйене отырып, бірінші рет қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазды.

Сондықтан Мархабат Томанов сынды зерделі ғалымдарымыздың сан-салалы еңбектерін зерттеп, насихаттау, ғылыми жолын жалғастыру маңызды.

Конференция жұмысына табыс тілеймін!