Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиындағы сөзі

13 желтоқсан, 2021

Құрметті қонақтар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және студенттер!

Бүгін cіздермен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында бас қосып отырмыз.

Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік тойы құтты болсын!

Тәуелсіздік тойы – бұл мерейлі мереке ғана емес, өткенді саралайтын, болашақты жоспарлайтын сындарлы кезең.

Егемен ел болу арқылы мемлекетіміз жаңа өркениетке бет бұрды.

Мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, барша қазақстандықтар құдіретті көк тудың астына бірікті.

Еліміздегі әр ұлттың тұтастығы мен бірлігі нығая түсті.

Кең-байтақ жерімізді сақтай отырып, шекарамызды шегендедік.

Ядролық қарудан бас тартып, Қазақстан жаһандық бейбітшілікті сақтауға үлес қосты.

Арқа төсінде жаңа елордамыз бой көтерді.

Еліміздің бас қаласы бүгінде Еуразия жүрегіне айналды.

Қазақстан түркі әлемінің орталығына айналып, әлемдік кеңістіктегі өз орнын айқындады.

Тәуелсіздігіміздің арқасында экономикалық жетістіктерімізбен қатар, тарихымыз түгенделіп, мәдениетіміз өркендеді.

 Заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесі жаңарды.

Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заман талабына сай дамып,  мемлекет жүктеген міндеттерді жүйелі іске асырып келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары университет оқытушылары Президент Әкімшілігіне, Парламентке, Үкіметке, түрлі министрліктерге, елшіліктерге жұмысқа шақырылды.

Қазір солардың басым бөлігі егемендіктің қалыптасып, дамуына тер төккен көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлеріне айналды. 

Атап айтқанда:

ӘШІМБАЕВ Мәулен Сағатханұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы

МӘМИ Қайрат Әбдіразақұлы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті

АСАНОВ Жақып Қажманұлы – Жоғарғы сот төрағасы

АБАЕВ Дәурен Әскербекұлы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары

ИСЕКЕШЕВ Әсет Өрентайұлы – Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы

РОГОВ Игорь Иванович – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі

САҒЫНТАЕВ Бақытжан Әбдірұлы – Алматы қаласының әкімі

ТІЛЕУБЕРДІ Мұхтар Бескенұлы – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі;

ӘБДІРАХМАНОВ Қайрат Құдайбергенұлы – ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары

АШЫҚБАЕВ Ержан Нығматуллаұлы – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

ҚАСЫМОВ Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы бастығы, Қазақстан Республикасының бұрынғы Ішкі істер министрі;

ӘЛІМБЕКОВ Мұсабек Тұрғынбекұлы – РБК Банк-тің тәуелсіз директоры.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Қазіргі оқытушы-профессорлар құрамы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына толайым табыстармен келіп отыр.

Бүгінде білім ордасы білім, ғылым саласындағы әлемдік бәсекелестік деңгейге шықты.

Әлем­де­гі 200 үздік университет қа­тарына еніп,  QS жаһандық рейтингінде 175-орынға көтерілді.

Ал «Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі» әлемдік көрсеткіші бойынша университет биыл 55-орынға көтерілді.

Оқу орнында бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 225 білім беру бағдарламалар тобы бар.

Жаңа оқу жылында 119 жаңа білім бағдарламасы ашылды.

Университет дамуының кезекті кезеңі – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялау бағдарламасын іске асыру.

Университет зертханалармен, заманауи техникамен және жаңа технологиялармен жабдықталған.

Биыл оқу ғимараттары мен  жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.

Бірнеше жаңа асханалар ашылды.

Барлық аудиториялар заманға сай жаңа жиһаздармен, интерактивті тақталар және мультимедиалық құрылғылармен жабдықталуда.

Ағымдағы жылы жалақы екі рет өсті.

Енді оқытушы – 285 мың, аға оқытушы – 312 мың, қауымдастырылған профессор – 389 мың, профессор – 500 мың теңге жалақы алады.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Егемендігіміздің мерейтойын университет мағыналы бастамалармен өткізуде.

Атап айтсақ, университет аумағында Ғалымдар бағы ашылып, онда жалпы саны 1000-нан астам алма, шие, өрік ағаштары, қырым қарағайы мен алтай шыршасы, «Сиверс» алмасының көшеті отырғызылды.

Мемлекетіміздің дамуына, отандық білім мен ғылымның өркендеуіне елеулі үлес қосқан түлектеріміздің, танымал тұлғаларымыздың көшбасшылық дәрістерін өткізу оқу орнымыздың айнымас дәстүріне айналды.

Қанат Саудабаев, Берлин Иришев, Қайрат Әбусейітов, Дулат Қуанышев, Гүлжан Қарағұсова, Сауытбек Әбдірахманов университет ұжымымен кездесіп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Жақында Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүлмен үлкен кездесу болып өтті.

Абдулла  Гүл Қазақстанды дамытудағы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі рөлін айрықша атап өтті.

 «Қазақ жері – біздің атажұртымыз», – деп ерекше ықыласын білдірді.

Биыл түркітілдес халықтарға ортақ тұлға – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына байланысты рухани-мәдени шаралар да Тәуелсіздік тойымен қатар атап өтілуде.

Университетте Жамбыл апталығы ұйымдастырылып, танымдық кездесулер, кітап-сурет көрмесі, Жамбыл ұрпақтарымен жүздесу, «Жамбыл және түркі әлемі» атты халықаралық ғылыми конференция жүзеге асты.

ҚазҰУ-дың «Жамбыл» ғылыми-зерттеу орталығының атсалысуымен 10 томдық жарық көрді. Сонымен қатар Жамбыл мұрасын насихаттау бойынша университет ғалымдары тағы бір 10 томдықты дайындау үстінде.

Жақында   Анкарада  Жамбыл жырлаған «Көроғлы» дастанының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтті.

Өткен аптада Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі жоғары деңгейде жүзеге асты. 

Осы онкүндік аясында оқытушылар мен студенттеріміз Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды.

Ұлт көшбасшысының «Ұлы дала ұлағаттары», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Он делает историю» кітаптары талқыланды.

«Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты, «Тәуелсіздік – 30» флешмобы, «Балалық шағымның аспаны» кино кеші,  «Елім менің» жастар пікірталасы өтті.

Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетіміздің жауһарларымен таныстырған «Кітап FEST» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.   Онкүндік «Тәуелсіздік тағылымы» атты қорытынды жиынмен өз мәресіне жетті.

Бұл іс-шаралардың барлығы тәуелсіздігімізді қастерлеуге, Елбасының қайраткерлік тұлғасын тануға және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды.

 

Қадірлі қонақтар!

Құрметті оқытушы-профессорлар,

студенттер, магистрант, докторанттар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ елі үшін 16 желтоқсан мемлекеттілігіміздің жаңа әрі аса маңызды тарихи кезеңінің символына айналды.

Бұл күн – еліміздің бүгінгі таңдағы саяси-экономикалық және әлеуметтік даму әлеуетін бағалап,  болашаққа нық сеніммен қадам басатын ерекше күн.

Еліміздің аспаны ашық, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі жарасып, мемлекетіміз толайым табыстарға жете берсін.

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!