«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясында сөйлеген сөзі

10 september, 2021

Армысыздар құрметті қонақтар!

Құрметті ғалымдар, әріптестер, білім алушы жастар!

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» халықаралық ғылыми- әдістемелік конференциясына қош келдіңіздер!

Бүгінгі шара Қазақстан халқының тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында мемлекеттік тіл мәртебесіне айрықша тоқталды.  

 «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. 

Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс.

Бұл – отаншылдықтың басты белгісі», – деп атап өтті.

Жолдауды университет ұжымымен талқылау барысында және «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаламда «Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы тиіс» деген пікіріммен бөлістім.

 Ол үшін жас ғалымдарымыз ғылыми жаңалықтарын қазақ тілінде жазуды қолға алуы тиіс.

Барлығымыз ана тілімізде сөйлеп қана қоймай, жетістіктерімізді өз тілімізде жариялағанда ғана тілдің мәртебесін көтереміз.

Бұл маңызды миссияға білім алушы жастарымыз түгел атсалысады деген ойдамын.

 

Құрметті конференция қатысушылары!

Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында

университет биылғы мерекені «Тілдер фестивалі» деңгейінде ұйымдастыруда.

Арнайы көрмелер, әр факультетте көшбасшылық дәрістер, ғылыми-танымдық кештер, дөңгелек үстелдер жүзеге асты.

Қазақ тіл білімі мен ғылымының бастауында Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұратыны сөзсіз.

Қaзaқ әдeбиeті тapихындa ұлы Aбaйдың opны қaндaй биік бoлсa, қaзaқ тiлі тapихындa Aхмeт Бaйтұpcынұлының opны дa сондай асқақ.

Ахмет Байтұрсынұлы алғаш ұлт руханиятына араласып, Қарқаралыда оқытушы болып жүрген кезеңде «Қaзaқ дaлaсындa oқу-aғapту iсi дұpыс жoлғa қoйылсын. Ол үшiн aуыл мeктeптepiндe бaлaлap қaзaқшa сaуaт aшaтын бoлсын, oқу aнa тiлiндe жүpгiзiлсiн» дeп, Peсeй министpлep кeңeсiне петиция ұйымдастырып, хат жолдаған.

Осыдан-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қандай ұлт патриоты болғанын, тіл жанашыры болғанын аңғаруға болады.

Aхаңның «Oқу құpaлы» деген оқулық кітабы 1925 жылға дeйiн жеті peт бaсылып, қаншама қазақ баласы  хат танып, сауат ашқан.

Биылғы жаңа оқу жылында Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен мектеп оқушыларының қолына тиген «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының «Oқу құpaлы» негізінде қайта жасалғанын атап өтуіміз керек.

Келесі жылы ұлт ұстазының туғанына 150 жыл толады.

Университет ұжымы бұл елеулі датаға биылдан бастап үлкен дайындық жұмыстарын бастап, ауқымды іс-шараларды қолға алады.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Бүгінде тәуелсіз елімізде 100-ден аса этностар бірге бейбіт өмір сүріп, тілі мен мәдениетін дамытып отыр.

Халықтар бірлігін нығайту, Қазақстан халқының тілдерін зерттеу бағытында университет Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып келеді.

Бүгінгі жиынға қатысып отырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева, ҚХА мүшелері Владимир Чепель, Алла Чечеткина мемлекеттік тілге деген құрметімен өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтар.

Оған бүгінгі бағдарлама барысында көз жеткізуге болады.

Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей, мемле­кет­тік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барша азамат белсене үлес қосуы тиіс деп есептеймін.