ҚазҰУ ынтымақтастық аясын кеңейтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин және ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев бастаған делегациямен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастық орнату жолдарын талқылап, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды қарсы алып, ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS әлемдік рейтингінде Топ-150 үздік жоғары оқу орындарының қатарында. ҚазҰУ ғалымдары бүгінде 100 инновациялық жоба әзірледі. Алдағы жоспар – ғалымдарымыз дайындаған ғылыми жобаларды коммерцияландыру. Қалашықта ҚазҰУ Технопаркі мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығы орналасқан. Сонымен қатар білім ордасында жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары табысты жұмыс істейді», – деді ректор.
Сонымен қатар сөз соңында ҚазҰУ басшысы өз ұсынысын ортаға салды.
«Бүгінгі кездесу ынтымақтастықты арттырады деп сенемін. Алдағы уақытта бірлесіп физика және химия саласында білікті мамандарды даярлау қажет», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин сөз сөйлеп, жылы қабылдағаны үшін білім ордасының басшысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өз сөзінде құрметті қонақ ректор айтқан ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.