Б.Т.Жұмағұловтың 70 жылдығына арналған ҚР Ұлттық инженерлік академиясының жалпы жиналысының сессиясындағы сөзі

18 тамыз, 2023

Құрметті ғалымдар!

Құрметті Бақытжан Тұрсынұлы!

 

Бүгінгі күні елімізде инженерлік, техникалық ғылым саласына ерекше мән беріліп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек.

Техникалық мамандықтарға басымдық берілуі тиіс.

Өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын тәрбиелеу қажет», – деп, ғылыми қауымдастық алдына жаңа талаптар қойып отыр.

Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Академияның бүгінгі жалпы жиналысы ерекше жағдайда өтуде.

Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы 70 жасқа толып отыр.

Бақытжан Тұрсынұлы – ҚазҰУ-дың қолданбалы математика факультетінің түлегі.

Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекет дамуына үлес қосқан, көрнекті ғалым-ұстаз, қайраткер тұлғаларын мақтан етеді.

Осы мақсатта ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша кітаптар жарық көріп келеді.

«Ғибратты ғұмыр» сериясының кезекті шығарылымын біз Бақытжан Тұрсынұлының мемлекеттік қызметі мен ғылымдағы жолына арнадық.

Ғылыми еңбегімен, өнегелі істерімен ел зиялысына айналған қайраткер ғалым туралы кітап бүгін қолдарыңызға тиіп отыр.

Бақытжан Тұрсынұлының инженерлік ғылымдағы жаңалықтары, іргелі зерттеулері ізбасар шәкірттері мен жас ғалымдардың еңбектеріне арқау болары сөзсіз.

Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов ғылымға, қоғамдық жұмыстарға ерте араласты.

Студент кезінде құрылыс отрядының,  комсомол комитетінің жетекшісі болды.

Университет ректоры, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің назарына ілікті.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде замандастарын, жастарды қорғап араша түсті.

Біраз қиындықтарды көріп, қызметтен, ғылымнан шеттетілді.

Кейін ғалым Жақсыбек Күлекеев, профессор Шалтай Смағұлұлы сияқты тұлғалардың қолдауымен ғылымға қайта оралды.

Инженерлік ғылым, математикалық модельдеу бойынша іргелі зерттеулер жүргізді.

Ғылыми монографиялар жазып, ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.

Ұстазы Өмірбек  Жолдасбековпен бірігіп инженерлік академиясын құрды.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары Бақытжан Тұрсынұлымен Президент әкімшілігінде қатарласа қызмет атқардық.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған кезеңде білім ордасын жаңа белеске көтерді.

Жаңашыл ректор ретінде ҚазҰУ қалашығын көркейтуге ерекше еңбек сіңірді.

Ректорлық қызметті абыроймен атқарғаннан кейін еліміздің Білім және ғылым министрі болды.

Бақытжан Тұрсынұлының бастамасымен 2011 жылы елімізде «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданды.

Министр қызметінен кейін Бақытжан Тұрсынұлы  Сенат депутаты болып,  білім, ғылым саласындағы реформаларға атсалысты.

Бүгінде Ұлттық инженерлік академиясын жаңа белеске көтеріп келеді.

Университетіміздің үздік түлегі, академик Бақытжан Тұрсынұлы отандық ғылымның дамуына әлі де елеулі үлес қоса береді деп сенеміз.

Мерейтой құтты болсын!

Сессия жұмысына табыс тілеймін.