Ғылым және жоғары білім министрі ҚазҰУ-да Алматы тұрғындарымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласының тұрғындарымен кездесті. Сала басшысы тұрғындарға жоғары білім беру және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін дамытудың негізгі нәтижелерін баяндап, министрліктің алдағы мақсаттарымен таныстырды.
Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және қаладағы жоғары оқу орындарының басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен оқытушылар, жоғары оқу орындарының студенттері мен қала тұрғындары қатысты.
Министр өз сөзінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді дамытудың негізгі тенденцияларына тоқталды. Қазіргі уақытта республикада жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім кадрларын даярлаумен 119 жоғары оқу орны (54 мемлекеттік, 65 жекеменшік) айналысады. Жоғары білім беру мазмұнын жаңарту аясында 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларының 71 пайызы жаңартылды. 70-тен астам жоғары оқу орындарының базасында «Күміс университеттер» құрылды. Екі жоғары оқу орны зерттеу университеті мәртебесін алды. «Менің мамандығым – менің болашағым» жобасы аясында кеңейтілген кадрлық қолдау жүйесі жүзеге асырылуда. Студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында биыл шәкіртақы 20 пайызға өсті. Шетелдік жетекші төрт университеттің филиалы ашылды. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешілуде. 2,6 мың жаңа төсек-орын жасақталды. Жоғары білімді интернационалдандыру аясында 21 қазақстандық университет QS WUR рейтингіне, 6 университет Times Higher Education жүйесіне енді. Орталық Азия кеңістігінің жоғары білім берудегі альянсы құрылды, қазақстандық университеттердің шетелде екі филиалы жұмыс істейді.
Жалпы, ғылымның 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті 3,5 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында студенттердің мәртебесін көтеру, кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары жүргізілді. Ғалымдардың жалақысы екі есеге өсті. Орташа жалақы – 257 мың теңге, жоғары жалақы 1,5 млн теңгені құрады. Заңнаманы жетілдіру және ғылымды бюрократиясыздандыру шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды, экономиканың стратегиялық секторлары үшін ғылыми-техникалық дамудың салалық жол карталары қабылданды.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
2019 жылдан 2022 жылға дейінгі жоғары демографиялық өсімге байланысты 2040 жылға қарай 18 жастағы жасөспірімдер сәйкесінше екі есе өседі деп күтілуде. Жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері біріктірілетін «Келешек» бірыңғай білім беру жинақтаушы жүйесін енгізу мәселесі қаралуда. Сондай-ақ осы бағыт аясында ҚазҰУ қалашығы, ЕҰУ қалашығы кампустарын салу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін жетілдіру арқылы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, барлық студенттерге білім алу үшін әлемдік цифрлық кітапханаларға тегін қолжетімділікті қамтамасыз ету шаралары қолға алынбақ. Қонаев қаласында академиялық қалашық құрылады. Еліміздің 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орындарының базасында академиялық шеберлік орталықтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Жоғары білімнің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. Бүгінгі күні жатахқана тапшылығы 19 мың орынды құрайды. 2022 жылы 10 мың орындық 44 жатақхана пайдалануға берілді. 2023 жылға пайдалануға беру жоспары 11 мың орындық 44 жатақхана, оның ішінде 3,2 мың орындық 9 жатақхана 2023 жылдың басынан пайдалануға берілді.
Министрлік цифрлық университеттер тұжырымдамасын әзірледі. Келесі жылдан бастап екі университеттің базасында цифрлық университеттер іске қосылады. Университет ғылымын дамытудың негізгі бағыты үш негізгі бағытқа шоғырланатын болады. Бұл – ғылыми-технологиялық және инженерлік парктер құру; университеттер мен ғылыми ұйымдардың интеграциясы; эндаумент қорларын қалыптастыру.
«Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды, сондай-ақ министрлік бағыттары аясындағы басым міндеттерді жүзеге асыру үшін көп жұмыс істеу керек», – деді министр. «Сондықтан мен барлық әріптестерімді осы мәселелер бойынша әрекеттерді үйлестіруге және жұмысты жандандыруға шақырамын».
Негізгі баяндамадан кейін министр салада қордаланған түрлі мәселелер бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
«Қазақстанда 5-10 жылдан кейін мамандықтар қалай сұранысқа ие болады?» деген сауалға Саясат Нұрбек Қазақстанда жаңа мамандықтар атласын жасау үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Зерттеулерге сәйкес, үлкен деректер талдаушысы, блокчейн желісінің әкімшісі, блокчейн технологі және т.б. сияқты жаңа мамандықтар пайда болады деп күтілуде. Атлас жобасы бойынша экономиканың 9 басым секторының атластары жасалды: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс.
Сонымен қатар жиын барысында ғалымдар ғылымның жекелеген бағыттарына, ғылыми-зерттеу жобаларына, оның ішінде еліміз үшін стратегиялық маңызы зор палеонтология, геология және археология салаларын жаңғыртуға баса назар аударуды ұсынды. Саясат Нұрбек министрлік өкілдеріне аталған салаларды дамыту бойынша бірқатар міндеттерді жергілікті мамандармен және шетелдік сарапшылармен бірлесіп шешуді тапсырды.
Сондай-ақ министр тұрғындардың сабақ пен емтихан кезінде смартфон қолдануға тыйым салу бойынша білдірген ұсыныстары бойынша заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Кездесу нәтижесінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметі тұрғындар тарапынан оң бағаланды.
Негізгі жиыннан кейін Саясат Нұрбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Министр тұрғындардың жоғары білім беру, жоғары оқу орнынан кейінгі және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз етуге қатысты түйткілді мәселелер қаралды.
Арнайы қарастыру үшін қосымша уақытты қажет ететін кейбір жекелеген мәселелерді министр жеке бақылауына алады. Жалпы мәселелер бойынша комитеттер мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі