ҚазҰУ-да құқықтық сауаттылықты арттыру вебинары өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Халықаралық сауаттылық күніне орай, «Қоғамның әділеттілікке қол жеткізуін қамтамасыз ету» тақырыбында вебинар өтті.
Заң факультетінің Мемлекет және құқық, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасы ұйымдастырған вебинар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналды.
2015 жылы Қазақстан БҰҰ саммитінде Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) мен бағдарлары еліміздің басымдықтары мен міндеттерімен толық сәйкес келетінін атап өтіп, одан әрі жаһандық даму үшін арнайы құжатқа қол қойған болатын. ТДМ міндеттерінің бірі – ұлттық және халықаралық деңгейде құқықтың үстемдігіне жәрдемдесу және барлығына әділеттілікке тең қол жеткізуді қамтамасыз ету.
Бейбітшілікке, әділеттілікке және ашықтыққа қол жеткізу үшін мемлекет пен азаматтық қоғамның зорлық-зомбылықты азайтуға, сот төрелігін жүзеге асыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және басқару процестеріне тұрақты негізде жалпыға бірдей қатысуды қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді шешімдерді іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жүзеге асыру маңызды.
Жеке және қоғамдық өмірде сөз бостандығына кепілдік беру керек. Адамдар өз өміріне әсер ететін шешімдер қабылдауға қатыса алуы керек. Заңдар мен саясат қандай да бір түрде кемсітусіз қолданылуы керек. Дауларды реттеу қолданыстағы саяси және сот жүйелері негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың барлық құбылыстарын толық жоққа шығару қағидаты барлық жерде енгізілуі тиіс.
Бірінші спикер болып Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы, заң ғылымының кандидаты Әсел Әбішева, бірінші сатыдағы соттардың қызметіне және азаматтардың талап арыз беру тәртібіне ерекше назар аударды. Соттың жұмыс тәртібі мен апелляциялық және кассациялық шағымдарды беруге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Әсел Нұрланқызы дауларды сотқа дейінгі реттеу тәртібіне егжей-тегжейлі тоқталып, бұл белгілі бір дәрежеде бірінші сатыдағы соттың жұмысын түсіргенін атап өтті.
Екінші спикер Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Санрай Смағұлова болды. Ол талап қою, оны ресімдеу, мемлекеттік бажды төлеу және одан босату тәртібіне қатысты сұрақтарды қамтыды.
Вебинарды аяқтай отырып, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының кандидаты Қарлығаш Үсеинова жаңа Қазақстанда демократиялық процестерді өрістету үшін баршаға сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, пікірталасты қорытындылады.
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы 16 ТДМ іске асыру шеңберінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің студенттермен және барлық тілек білдірушілермен кездесулерін одан әрі өткізуді жоспарлап отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі