Мұрат Әуездің 80 жылдығына арналған «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық» атты конференциясындағы құттықтау сөзі

8 september, 2023

Қадірлі Мұрат Мұхтарұлы!

Құрметті конференцияға қатысушылар,

университет қонақтары!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Сіздермен бүгінгі рухани шарада қауышып отырғаныма қуаныштымын.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, дипломат, филология ғылымының докторы, профессор  Мұрат Мұхтарұлы Әуез 80 жасқа толып отыр.

Мұрат Мұхтарұлы бұл белеске өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер, ел зиялысы ретінде абыроймен көтерілді.

Халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің өнегелі перзенті ретінде халқына адал қызмет атқарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы туралы:

 «Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. 

Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты.

Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты.

Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды», – деген болатын.

Бүгінгі «Тарихи-мәдени үдерістегі сабақтастық»  тақырыбындағы конференция Мұрат Мұхтарұлының ғылыми-шығармашылық жолын зерделеуге арналып отыр.

Мұрат Мұхтарұлы ұрпақ сабақтастығын жалғап, әке жаққан шырақтың отын сөндірмей, бүгінгі ұлт зиялысына айналды.

Қаламгер-ғалымның есімі қазақ халқына ғана емес, барша түркі  дүниесі мен ислам әлеміне жақсы таныс.

Мұрат Мұхтарұлы бір сұхбатында: «Ұлының ұлы болу – үлкен жауапкершілік», – деген екен.

Мұрат Әуезов – әке мұратын жалғастырып қана қоймай, өзінің рухани мектебін қалыптастырып, мемлекет дамуына  елеулі үлес қосқан қайраткер тұлға.

Мәскеудің атақты М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде жоғары білім алды.

«Қытай филологиясы» мамандығы бойынша Шығыс тілдері институтын үздік бітірді.

Кандидаттық диссертациясын КСРО Ғылым академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша қорғады.

Мәскеуде оқып жүрген кезеңде қазақ жастарының басын қосқан «Жас тұлпар» қозғалысының белді мүшесі, жетекшілерінің бірі болды.

Семей ядролық полигонын жабу жөнінде бастама көтерген «Невада – Семей» қозғалысына мүше болып, елдік мәселелерге атсалысты.

«Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болған кезеңде ұлттық кинематографиядағы жаңа толқынды қалыптастырды.

Қазақстан жазушылар одағында еңбек еткен жылдары көркем аударма және әдеби байланыстар саласын дамытты.

«Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болып, жаңа телевизиялық жобаларды жарыққа шығарды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланды.

Кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш  төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.    

Ұлттық дипломатияның дамуына үлес қосып,  екі ел арасындағы байланыстарды жаңа бағытта іске асыруға күш салды.

Қытай астанасы Бейжіңде Қазақстанның көк байрағын желбіретіп,  тұңғыш елшілік ғимаратының іргетасын қалады.

Қазақ қаламгерлері мен мәдениет, өнер майталмандарын насихаттап, Қытай еліне танытты.

«Абай жолы» романын қытай тіліне аудартып, жарыққа шығарды.

«Сорос-Қазақстан» қорының президенті болып,  рухани жобаларды іске асырды.

Қазақстан бойынша археологиялық экспедициялар ұйымдастырып, «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруға атсалысты.

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың бас директоры болып абыройлы қызмет атқарды.

 «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», «Главпочтамт», «Ділім» атты кітаптары оқырманның жоғары бағасын алды.

Бүгінде университет  Мұрат Мұхтарұлының рухани мұрасын білім алушы жастар арасында насихаттауға елеулі үлес қосып келеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы және өз атымнан Мұрат Мұхтарұлын мерейлі туған күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 Кешегі Алаш арыстарының аманатын арқалаған қайраткер тұлға,  асылдың сынығы – Мұрат Мұхтарұлына шығармашылық қуат,  мықты денсаулық тілейміз!

Конференция жұмысы табысты болсын.