АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ АМАНАТЫН АРҚАЛАҒАН ҚАЙРАТКЕР

11 қыркүйек, 2023

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер, мәдениеттанушы ғалым, дипломат, фило­ло­гия ғылымының докторы, профессор Мұрат Мұх­тар­ұлы Әуез 80 жасқа толып отыр.
Мұрат Мұхтарұлы бұл белеске өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер, мәдениеттанушы, әдебиет­танушы ғалым, ұлт руханиятының дамуына елеулі үлес қосқан ел зиялысы ретінде абыроймен көтерілді.

Халқымыздың ұлы жазу­шы­сы Мұхтар Әуезовтің өнегелі перзенті ретінде ұлтқа қызмет ету жолында адалдық туын биік ұстап келе жатқан зерделі тұлға. Әке мұратын жалғас­тыр­ған қайраткер «Ұлының ұлы болу – үлкен жауапкершілік» деген қағидасынан ешқашан айныған емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы туралы: «Мұхтар Әуезов – әлем әде­бие­тінің шыңына көтерілген қаламгер. Мұхтар Әуезов Абай­­ды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды», – деген болатын.

Ұрпақ сабақтастығын жал­ғап, әке жаққан шырақтың отын сөндірмей, бүгінгі ұлт зия­лысына айналған Мұрат Мұх­тарұлының есімі қазақ халқына ғана емес, барша түр­кі дүниесі мен ислам әле­мі­не етене таныс.

Мұрат Мұхтарұлы Әуез 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл об­лы­сының Меркі кентінде дү­ниеге келген.

Әке өнегесін көріп, әде­биет әле­міне жақын болып өс­кен Мұрат Мұхтарұлы М.В.Ло­­­мо­носов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік универ­си­те­ті­нің «Қытай филологиясы» ма­ман­дығы бойынша Шығыс тіл­­дері институтын үздік бі­тір­ді.

Сондай-ақ КСРО Ғылым академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет тео­рия­сы бойынша филология ғы­лы­мының кандидаты ғылыми дә­ре­жесін алу үшін диссертация қор­ғады.

Мәскеуде оқып жүрген ке­зеңде Мұрат Әуез интеллек­туал қазақ жастарының басын қосқан «Жас тұлпар» қозға­лы­сының белді мүшесі, жетек­ші­лерінің бірі болды.

Семей ядролық полигонын жабу жөнінде бастама көтерген «Невада – Семей» қозғалысына атсалысып, елдік мәселелерге атсалысты.

Мұрат Әуез еңбек жолын 1970-1976 жылдары Фило­со­фия және құқық инсти­ту­тын­дағы эстетика тобына жетек­ші­лік етуден бастады. Бі­лік­тілігінің арқасында Мұрат Мұхтарұлы 1981-1987 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында бас ре­дак­тор болып қызмет атқарды. 1988 жылдан бастап, 1990 жылға дейін Қазақстан жазу­шы­лар одағының көркем аудар­ма және әдеби өзара бай­ланыстар жөніндегі алқа­сын басқарды. 1990 жыл­дар­дың соңында Мұрат Әуез Қазақстандағы «Мир» телера­дио­компаниясының көркемдік жетекшісі болып еңбек етті. Сол жылы Мұрат Мұхтарұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сай­ланып, онда кеңес пре­зи­ди­у­мының мүшесі, пар­ла­мент­ара­лық байланыстар жөніндегі ко­митеттің төрағасы болып, еге­мен еліміздің өзге мем­лекеттермен сыртқы байла­ны­сын нығайтуда сүбелі үлес қосты. 1992 жылдың желтоқсан айында Мұрат Әуез тәуелсіз Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.   

Ұлттық дипломатияның да­муы­на үлес қосып, екі ел ара­сындағы байланыстарды жаңа бағытта іске асыруға күш сал­ды. Қытай астанасы Бейжіңде Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, тұңғыш елшілік ғи­ма­ратының іргетасын қалады. Ұлы көршімізбен саяси-эконо­ми­калық қарым-қатынастарды жақсартып, рухани, мәдени жо­баларды іске асырды.

Қазақ қаламгерлері мен мә­дениет, өнер майталмандарын миллиардтар еліне насихаттап, «Абай жолы» романын қытай ті­ліне аудартып, жарыққа шы­ғарды.

Одан кейінгі жылдары елге оралып, Алматы облысы әкім­ші­лігінің Ақпарат және қоғам­дық келісім департаментін бас­қарып, «Сорос-Қазақстан» қо­рының президенті болды. 

Ғалым ретінде Қазақстан бо­йынша археологиялық экс­пе­дициялар ұйымдастырып, ұлт­тық кинематографияда «жаңа толқынның» қа­лып­та­суы­на ықпал жасады.

Мұрат Әуез халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылық­та­рын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. «Сорос-Қазақстан» қорының басшысы ретінде білім беру, мәдениет және қоғамды демокра­тия­ландыру саласындағы бірқатар маңызды орталықазиялық жобаларға бастамашы болып, жүзеге асырды. Қазақ әдебиеті мен Қазақстанның жас шығар­ма­шылық күштерінің дамуына да аянбай еңбек етті. Қор жұ­мысы арқылы елімізбен қатар, шет мемлекеттердегі қандас­та­рымыздың әлеуметтік-мә­дени даму үдерісіне үлкен үлес қосып, түрлі мәдени эк­с­пе­ди­циялар ұйымдастырды. Қор­дағы тәжірибесі мен рухани бастамаларын кейін мемле­кет­тік «Мәдени мұра» бағ­дар­ла­масы аясындағы жобаларды іске асыруға жұмсайды. Осы кезеңде Мұрат Әуездің бас­та­масымен «Жібек жолы бо­йын­дағы сұхбаттар» тұрақты се­ми­нары дүниеге келеді.

2003-2006 жылдары Қазақ­стан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры болып абыройлы қызмет ат­қар­ды. Бұл кезеңде Ұлттық кітапхана Алматы қаласының ғана емес, республикамыздың ірі мәдени-рухани диалог ор­нататын алаңына, зиялылар бас қосатын үлкен интеллек­туалдық орталыққа айналып, халықаралық байланыстарын күшейтті.

Мұрат Мұхтарұлы қоғамдық, саяси қызметтерде жүрсе де, әдеби шығармашылықтан қол үзбеді. Көркем әдебиеттегі тұң­ғыш еңбегі – «Времен связую­щая нить» деп аталатын кітабы 1972 жылы жарыққа шығып, қалың оқырманға жол тартты. Жазушының қаламы­нан туған «Иппокрена. Хожде­ние к колодцам времен» атты жинағы оқырманның жоғары бағасын алды. «Ділім», «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол» т.б. авторлық деректі фильмдері арқылы қоғамдық мәселелерді қозғап, адами құндылықтар мен руханият мәселелерін кө­тер­ді. Кейін бұл деректі фильм­дер кітап болып басылып шықты.

Атқарған қызметтері және ғылыми еңбектері мемлекет және қоғам тарапынан жоғары бағаланып, Мұрат Мұхтарұлы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын иеленіп, бірнеше халықаралық шығармашылық одақтар мен академиялардың мүшесі атан­ды.

Мұрат Мұхтарұлы естелік­те­рінде өзінің мақтан ететін сапалық қасиеттерін әкесінің тікелей әсерімен байланыс­ты­ра­ды. Әкесінің үлкен тәрбиеші бола білгенін, әсіресе маман­дық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар бергенін айтады. «Әке – балаға сыншы» демекші, заман талабын, уақыт ты­ны­сын тамыршыдай дөп басқан ұлы Мұхаң төл перзентінің бойынан неге бейім екенін бала күнінен сезсе керек. Бүгінде Мұрат Мұхтарұлы кемел жасқа келді. Дипломат ретінде геосаяси ахуалды жақсы біледі. Ел ағасы ретінде жаһандану жағдайын оңтайлы пайдалана білуіміз керектігін айтып отырады.

Алаш арыстарының амана­тын арқалаған ұлт абызының рухани қайраткерлік жолы ұл­ты­мыз үшін зор мақтаныш. Ел мен жерге деген шексіз ма­хаб­батымен елді бірлікке, ын­ты­маққа шақырып, өскелең ұр­паққа үлгі-өнеге көрсете бе­реді деп сенемін.             

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ

Басқа жаңалықтар