«Бәрі де майдан» повесіндегі замандастар бейнесі
Оралхан Бөкей повестерінде де сан алуан адам образдары, әсіресе сол дәуірдің негізгі қозғаушы, жасаушы, өзгертуші күші болған жастар бейнелері сомдалған. Жазушы замандас дегенде, көбіне жастарды назар тұтамыз да, солардың образымен шектелеміз. Замандас дегеніміз – бізбен бір қоғамда өмір сүріп, бір елде жасап отырған, жас шамасы әр алуан болса да, мақсат бірлігі, рухани тынысы ұқсас адамдар болуы қажет деп ой қорытады.
Оралхан Бөкей – сонау алпысыншы жылдардың орта тұсынан бастап әдебиетімізге өзіндік ерекшелігімен келіп танылған үздік таланттарымыздың бірі. Жазушы әдебиет табалдырығын алғаш көркем де шағын әңгімелерімен бастаса, араға жылдар салып повеске ауысады. Жазушының повестері оқырмандардың жылы ықыласына бөленіп, оның есімі қалың оқырманға кеңінен таныла бастайды. Оның бірден-бір құпиясы жазушының ізденгіштігінде болса керек деп ойлаймыз. Ол ескі сүрлеуді таптамай, әдебиетке өзіндік үнімен, сырымен, айтар ойымен келгені, өмірді өзінше көріп тануға, өзінше бейнелеуге ұмтылысы, осы жолдағы сәтті ізденістері оның өз оқырманын тез табуына, оның жүрегінен жылы орын алуына себеп болғаны сөзсіз.
Оралхан Бөкей кейіпкерлері – оның өз замандастары. Олардың кәрісі болсын, жасы болсын – бәрі де сол дәуірдің азаматтық міндеттерін белсенді түрде атқарған абзал жанды азаматтар. Жазушы солардың әрекеті, мінез-құлқы, көзқарасы арқылы өмір шындығын, оның алуан түрлі сырларын ғана ашып қоймайды, өткенімізге де ой тоқтатып қарайды, болашағымызға да көз жібереді. Жазушы адам характерін өте шебер ашады, сол кейіпкерлердің ұғым-түсінігі, көзқарасы арқылы дәуірдің ең өзекті деген мәселелерін көтере біледі. Міне, осылайша Оралхан Бөкей повестеріне баға бергенде олардағы тақырыптың тыңдығы емес, көтерілген проблемалардың сонылығы тұрғысынан келу қажет.
Жазушының «Біздің жақта қыс ұзақ» деген повестер жинағы «Бәрі де майдан» повесімен ашылады. Повесть сол кезеңдегі өзекті мәселені алға тартады. Шығармада бір-біріне қарама-қарсы екі кейіпкер бар. Бірі майдангер, Отан соғысының мүгедегі, ауыл-аймаққа беймаза, маскүнемдігі тағы бар Құмырай да, екіншісі – еңбек ардагері, еңбекшіл, адал да абзал жан Ақан.
Повестің қысқаша сюжетіне тоқталғанды жөн көрдік. Жұлдыз ауылы Жеңістің отыз жылдығын тойлағалы жатқанда Ақан қарт ертемен шығып, қасқа биесін ерттеп аттанып кетеді. Оның қайда кеткенін, неге кеткенін сұрастырған да, керек еткен де ешкім болмапты. Тек кешке қарай шалының әлденеге ренжулі екенін Алма кемпір ғана байқаған. Бірақ әр нәрсені сұрап, Ақанды мазалап көрмеген әдетімен үнсіз қалған. Жалғыз-ақ шалының ел болып жиналған жерден бөлініп кетпейтінін, тек қаңқу сөзден ғана қашқақтайтынын білетін ол Ақанның бір нәрсеге қырсығып, өкпелеп кеткенін сезеді. Шынында да, Ақан өкпелеп кетіпті. Аудан басшылары Жеңіс тойын тойлауға соғысқа қатысқандарды ғана шақырыпты, Ақанға шақыру жібермепті. Оның үстіне Құмырайды шақыруға келген бала Ақанға бәрін де айтып береді. Ақан ойға қалады. Үлкен тойға шақырылмайтындай жазығы неде? Кінәсі майданға бармағаны ма? Оны майданға емес, еңбек армиясына жұмыс істеуге жіберген өкіметтің өзі ғой. Ол осындай қиын-қыстау жағдайда аянбай тер төккен жоқ па еді? Аурулығына қарамай, еңбек озаты атанды. Партия қатарына кірді. Жұмысқа қыры жоқ Құмырай сияқты жалқауларды майданға жіберіп, мұны 1946 жылға дейін босатпады. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» деп еңбек етті. Өкінішке қарай, осыны бағалаған ешкім жоқ. Сол кездің өзінде трудармияны киноға түсірген бір адам көрмепті, «газеттенбіз» деп бір журналист келмепті. Ал бүгін жұрт назары түгелдей майдангер-жауынгерлерге ғана ауған.
Повестегі үлгі боларлық жарқын образ, сонымен бірге аса күрделі образ – Ақан. Ақан – жасынан еңбекпен өскен, саналы өмірін жалтақсыз, бұлтақсыз, адал өткізген адам. Намысын ешкімге бермейтін, басқаға қиянаты жоқ жан. Бүгін де ұлғайған жасына қарамай, шағын шаруасын жып-жинақы етіп, дөңгелетіп ұстайды. Науқастығы себепті өкімет дайындаған шағын зейнетақысын тәуір болған соң алудан бас тартып, еңбекке қайта араласты, ауыл малшыларына газет тасиды. Қатардан қалып отырып қалғысы келмейді.
Повесте жазушы, негізінен, Ақанның соғыс кезіндегі еңбегіне көбірек көңіл аударады. Кейіпкер образын аша түсетін тұстар да осы еңбек армиясындағы күндер. Соғыстың төрт жылын ол Орал тауы маңында еңбек армиясында өткізеді. Жазушы кейіпкер Ақанның естеліктері арқылы Ұлы Отан соғысы кезінде майданға қару дайындасқан көпшіліктің адам айтқысыз ауыртпашылық жағдайында жасаған ұлы еңбегін суреттейді. Повесте Ақан: «Біздер, еңбек армиясында болғандар, жаумен мылтықсыз шайқастық, әрине, өлім-жітім аз болды. Сондықтан да қадірсіз болдық», – дейді. «Дене жарасынан жүрек жарасы әлдеқайда ауыр дегенді ширек ғасырдан бері Құмырайға түсіндіре алмай-ақ келемін... Қайтейін, тағдырдың жазуы шығар», – деген ой-пікірі сол заманның шындық көрінісі.
Жазушы шығармаларында замандастар бейнесін көркемдік тұрғыда бейнелей отырып, адамды ардақтау, оның еңбегін бағалау туралы ұлы идеяны уағыздайды. Повестегі негізгі кейіпкерлер – Ақан, Алма, тіпті Құмырай бейнелері де шыншылдығымен, нанымдылығымен есімізде ұзақ сақталатын, ойымызға ой қосатын жанды образдар. Құмырай типіндегі адамдар қазіргі жастар арасында жоқ деп айта алмаймыз, повестегі образдардың өміршеңдігін тағы да дәлелдей түскен боламыз.
Сондай-ақ кешегі майдангерлер, бүгінгі қарттар – Ақан, Алма, тіпті маскүнем Құмырай бейнесі де бізге бейтаныс емес. Олар біздің кез келген ауылымызда, көшемізде өмір сүріп жатқан заманы бір жерлестеріміз.
Қорыта айтқанда, Оралхан Бөкей повестері сол кезеңнің өзекті мәселелерін көтеріп, соларды өз замандастарының образдары арқылы шешіп бере алған маңызды туындылар дейміз.
Болатхан САРБАСОВ,
филология ғылымының кандидаты, профессор м.а.