- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әділхан ӘБІЛДАЕВ, Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры:Еңбек кітапшамда тек ҚазҰУ жазылған
Әділхан ӘБІЛДАЕВ, Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры:Еңбек кітапшамда тек ҚазҰУ жазылған
Мен 1938 жылы 10 тамыз күні дүниеге келіппін. Туған жерім – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Каганович атындағы колхоз (қазіргі аты Ақши ауылы). Алматы – Шелек – Нарынқол күре жолының бойында Алматыдан 60 шақырым жерде орналасқан. Каганович атындағы жеті жылдық мектепті 1953 жылы бітіріп, Түрген педучилищесіне түстім. Училищені 1957 жылы қызыл дипломмен бітіріп, ҚазМУ-дың физика-математика факультетінің физика бөліміне оқуға қабылдандымм. Бұл бөлім 1959 жылы «факультет» статусына ие болды.
Аталған университеттің физика факультетін 1962 жылы бітіріп, жолдамамен осы факультеттің ғылыми-зерттеу лабораториясына инженер деген қызметке орналастым. Сөйтіп, ғылыми-зерттеу жұмысына қызу кірісіп кеттім. Физика-математика ғылымының кандидаты атағына ие болдым. Бір жылдан кейін доцент атағын алдым. Факультеттің белді қызметкері болып, студенттерге өзімнің «Ядролық физика және элементар бөлшектер» мамандығы бойынша сабақ бердім.
Бүгінгі таңда университет ұлттық университет атағына ие болды. 1957 жылы университеттің студенті болып қабылданғаннан бері осы университеттен басқа еш жерге жұмысымды ауыстырмадым. Еңбек кітапшамда өмір бойы тек осы университетте қызмет еткенім жазылған. ҚазҰУ-дан басқа жерлерде болсам, тек қана осы университеттің атынан іссапарға шығып, жұмыстар жүргіздім. Ресейдің бүгінгі күнде белгілі 87 субъектісінің (22 республика + 9 өлке + 48 облыс + 4 автономдық округ + 1 автономдық облыс + 3 федералдық статусы бар қала (Мәскеу, Санкт-Петербор, Севастополь) жартысына жуығында болған шығармын. Іссапармен Украина, Белоруссия, Литва, Латвия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Алжир, Франция, Германия, Канада, Исландияда болдым. Осылардың ішінде Алжирде үш жыл (1985-88 жж.) Мсила университетінде француз тілінде сабақ бердім. Жалпы, еш қиналмай үш тілде (қазақ, орыс, француз) сабақ беріп, әртүрлі коммуникациялар жасай аламын. Ал базарда қарапайым елмен шамамен 25 тілде сөйлесе аламын. Осының бәрі мені оқытып, білім берген, адам етіп шығарған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арқасы деп білемін. Осы университеттің ұжымына шексіз алғысымды білдіремін.
Міне, биыл менің университет табалдырығын аттап кіргеніме 67-ші жылға аяқ басыпты. 66 жылда әртүрлі жағдайлар болды. Университетте мені жас балаша қорғап, қоршап, «әй, оны қорқытып сөйлемеңдер, жас қой, келешегіне балта шабылып кетпесін» деген адамгершілігі өте жоғары ағаларды көрдім. Соларға басымды иемін. Бір мысал келтіре кетейін. 70-жылдардың басы болар, Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков ағамыз ректор еді. Мен әлі қорғаған жоқпын, аға оқытушы кезім. Күндіз-түні бар ойым да, арманым да диссертацияны тамамдап, қорғау. Педагогикалық жүктемем – биофакта жалпы физикадан дәріс оқимын. Менің ғылыми жұмысымда пайдаланып жатқан құралдарым бірінен кейін бірі істен шығып, не істерімді білмей жүрген кезім. Матфактың корпусындағы дәріске бару керек. Бардым, дәрісті бастап, тездетіп оқып, студенттерге «ал, осымен сабақ бітті, қайта беріңдер» деп борды орнына қойып, корпустан ытып шығып, 5 минутта өзіміздің корпусқа жүгіріп кіріп, коридормен келе жатырмын. Деканаттың тұсынан өте бергенде, ашық тұрған есіктен деканның орынбасары, ағамыз Ұлан Хусаинұлының «Әділхан, тоқта» деген даусы естілді. Кілт тоқтап, есіктен қарасам, ағамыз мені саусағымен өзіне кір деп шақырып отыр. Амандасып, кіріп келдім. Сағатына қарап, иә, бәрі дұрыс. «Сабақты 20 минут ерте бітіріп, студенттерді таратып жібердім де» деп тұр. Тілім байланып қалды. «Ағай» деп бірдеңе айтайын деп едім, «Ештеңе керегі жоқ. Жүр ректорға, ол сені күтіп отыр», – деді.
Үндемей ректоратқа қарай көшеде келе жатырмыз. Әңгіме былай болыпты: ректор Өмірбек Жолдасбеков Ұлан Хусаинұлына телефон соғып: «Әбілдаев сабағын 20 минут ерте бітіріп, студенттерді таратып жіберді. Бір бес минутта физфакқа баратын шығар. Оны аңдып отырып ұстап, маған алып кел», – депті. Сөйтіп, ректордың кабинетіне кіріп келдік. Ректор гүрілдеген даусымен: «Ал, жолдас Әбілдаев, түсіндіріңіз, неге сабақты ерте бітірдіңіз? Сізге кім рұқсат берді?» – деді. Мен есім шығып, не дерімді білмедім. «Ағай, кешіріңіз. Менен қателік кетті», – дей бердім. Ректор: «Жолдас Әбілдаев, сіз боссыз, жүре беріңіз. Ал, Ұлан Хусаинұлы, сіз қалыңыз», – деді. Мен шығып кеттім. Ары қарай бәрі түсінікті. Бас айналып, аяқ шалыс басылып факультетке жеттім.
Кешке қарай факультетке Ұлан ағамыз да келді. Менің лабораторияма кіріп күлімсіреп: «Ағай сені кешірді. Тек енді қайталама мына тірлігіңді. «Сөгіс беруге болмайды. Ол әлі жас қой. Өміріне балта шабуға қимаймын. Бір жолға кешірейік», – депті. Әңгіме былай болыпты: биофактың бір студенті біздің министрлікте істейтін бір әйелдің қызы екен. Ол қызына «мұғалім жаман сөз айтса немесе ұрысса факультет деканатына кіріп, маған звонда» деп айтып қойған екен. Қыз шешесіне бос жүргенін айтып звондай салыпты. Шешесі бірден Өмекеңе звондапты. Міне, әңгіменің ашығы осы. Шешесінің ойы – мұғалім кейін қызына жақсы баға қоймай жатса, оны қорқытамын» деген амалы екен. Бұл оқиғаны университет мені алақанына салып мәпелеп өсіргенінің дәлелі деп айтып отырмын. Мен университетімді атам мен анамдай көріп, оған қарыздармын деп білемін.