Мәди ЖАҚСЫЛЫҚ: Мобилография саласы ертеректен қызықтырды

30 қараша, 2023

Кішкентайынан ал­дына мақсат қойып, сол жолда ізденіп, тәжірибе жинап, қазір айтарлықтай табысқа жеткен жастарымыздың бірі – Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті журналис­ти­ка факультетінің 2-курс студенті Жақсылық Мәдимен әңгімелестік. 

– Мәди, мектеп кезінде өзіңізді қай саланың ма­­маны ретінде көре бас­­тадыңыз? Қандай қызығушылықтарыңыз болды?

– 10-сынып оқып жүргенімде видео түсіруге қызыға бас­та­дым. Мектепте өтетін түрлі байқау, іс-шараларды түсіріп, қоғамдық орталарда жиі бой көрсетіп жүрдім. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ресми мобилографымын. Ме­нің жасаған видео түсірі­лім­де­рім Farabiuniversity парақша­сы­на шығып тұрады.

– Мобилографияға қалай келдіңіз?

– Бірінші курс оқып жүрге­німде жатақханада тұрып, сту­денттік қызықты шақтарымды өткердім. Мені осы моби­ло­гра­фия арқылы табыс табу, кәсіби маман ретінде жетілу жолы қы­зықтырды. Еліміздегі ірі кәсіп­кер­лік орталықтардың тіркел­ген бас штабында жарты жылға жуық қызмет атқардым. Осы kexgroup парақшасын жүргізу негізінде көп тәжірибе жи­на­дым деуге болады.

– Видеоға түсіруде сізге не қиындық тудырады?

– Негізінен, әр жұмыстың қиын­дығы оны бастауда деп ой­лаймын. Маған видеоны мон­таждау қызықты, бірақ сол жұ­мысты бастау қиын. Деген­мен өзіңізге ұнайтын маман­дық­пен айналыссаңыз, қанша ұзақ уақытты алғанымен, оны шабытпен, бар махабба­ты­ңыз­бен жасайсыз.

Адамға мотивация бе­ретін, оқыған сайын жан­данатын, адамға қанат бітіретін сөздер болады ғой. Сіз кімнің айтқанына құлақ түресіз?

– Бауыржан Момышұлының «Дос пен дұшпанға сыр бер­ме» деген нақыл сөзін ұста­на­мын. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақи­қат пен аңызын», Бауыр­жан ата­­­­мыздың «Ұшқан ұясын» оқып жатырмын. Осы кісінің нақ­­­тылығы, турашылдығы, шын­­­­шылдығы барша адам­зат­қа үлгі.

– Мәди, Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітап­хана» деген екен. Қан­дай жанрдағы кітап­тарды оқыған ұнайды?

– Көркем әдебиет жанрын­дағы туындыларды оқыған ұнай­ды. Дулат Исабековтің «Қар­ғыны» мен «Гауһартасы» есім­де ерекше сақталып қал­ды. Менің ойымша, адам өзіне қажетті, өзінің көкірегіндегі тесікті жабатын, рухани дер­тінен айықтыратын кітаптарды оқуы керек. Сонда кітаптың кө­мегі тиеді деп білемін.

– Қандай іспен шұғыл­дан­ғанда рухани тыныш­тық­қа бөленесіз?

– Оңаша қалғанды ұната­мын. Серуендегенді, жаяу жүр­генді, жүгіргенді жақсы көре­мін. Айта кетейін, жақында елі­міздің оңтүстік өңіріне, шы­райлы Шымкентке барып кел­дім. Саяхаттау – адамның өмі­рін жарқын етеді. Қазақстанның әр өңірін, жерін аралағым ке­ле­ді. Соның ішінде Шығыс Қа­зақ­станға баса ден қою жос­па­рымда бар.

Қазіргі кезде подкаст дамып жатыр ғой. Өзіме керекті та­қы­рыптардағы подкастарды тың­дап уақытымды өткіземін.

– Студенттің басты мақ­саты не?

– Менің ойымша, студент өзі­не берілген төрт жылды ба­рынша тиімді өткізуі керек. Себебі осы уақытта білім ар­қылы аңсаған маман­ды­ғы­ңыз­дың білгірі болуыңызға жол ашылады.

– Өмір деген шырғалаң ғой. Өмірде кездесетін қиындықтарды қалай жеңуге болады?

– Ең алғаш оқуға түскенімде 1 балл жетпей, мемлекеттік грантқа ілінбей қалдым. Бірақ бұл мені бір орында тұрақтап қалудан сақтады. Мен жақсы оқуға тырысып, керекті білімді жинастыра бастадым, дамушы ортаға түстім. Осылайша 27 наурызда мен мемлекеттік грантқа ілігіп кеттім. Еңбектің жемісін көру – ғанибет. «Бейнет түбі – зейнет».

– Әңгімеңізге рақмет, Мәди!

Сұхбаттасқан

Бағдат СҰЛТАН,

журналистика факультетінің 4-курс студенті