Шабыт сыйлаған Мәскеу сапары

1 желтоқсан, 2023

Мәскеу қаласында «Мәнерлеп оқу және шешендік шеберлік» тақырыбында Ресей халықтар достығы уни­­верситетінде халық­аралық студенттік конкурс өтті. 

Конкурсқа Қазақстан, Әзір­бай­жан, Қырғызстан, Бе­ла­русь, Армения, Башқұртстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ре­сей, Өзбекстан, сондай-ақ Ре­сей халықтар достығы уни­вер­ситетінде оқып жатқан түрлі ұлттар өкілі саналатын сту­дент­тер қатысты. Ресей Фе­де­рациясы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қол­дауы­мен «2023 жыл – орыс тілі жылы» аясында ұйымдас­ты­рылған бұл конкурстың мақ­саты – орыс тілінде шебер сөй­лейтін студенттер арасында мәнерлеп оқу мен шешендік шеберлікті жетілдіру, дамыту, түрлі ұлт өкілдері студент­те­рінің басын қосып, достықты, ынтымақтастықты нығайту, насихаттау.

Екі күнге созылған кон­курс­та тоғыз мемлекеттен келген 56 қатысушы «Пушкин», «Цве­таева», «Айтматов», «Булгаков», «Ахматова», «Янка Купала» топ­тарына бөлініп, білімін, епті­лі­гін, шеберлігін, тапқырлығын сарапқа салды. Конкурстың салтанатты ашылуынан соң, I кезеңде жан-жақтан келген студенттер «Өзін-өзі таныс­ты­ру» бөлімі бойынша сайысқа түсті. Осы кезең нәтижесінде жарысқа әр қатысушының сөй­леу мәнеріне, өзін сахнада ұс­тауына көңіл бөлінді. II кезең – «Суырыпсалмалық» бойынша әр топқа орыс ертегілерінен үзінді ретінде жеке тап­сыр­малар берілді. Ертегі желісі бо­йынша шағын көрініс қойылды. Мақ­сат – қатысушылардың тіл байлығын дамытып, қиялын ұшқырлау, суырыпсалмалық, шешендік өнерін байқау. III кезең – «Әдеби Мәскеу» квесті. Әр топ арнайы бөлінген фило­лог жетекшілермен Мәскеудің көрікті жерлерін аралап, түрлі әдеби сұрақтарға жауап берді. Қатысушылардың жылдам­ды­ғы, ой ұшқырлығы, әдеби білі­мі­нің тереңдігі сарапқа са­лынған бұл кезең шын мәнінде шығармашылық әлеуетті көр­сетті. Конкурсқа Ресей ха­лық­тар достығы универ­си­те­ті­нің оқытушы-профес­сор­ла­ры­мен қатар, шешендік, сөйлеу мәде­ние­тімен айналысатын маман­дар­дан құралған қазылар қазылық етті.

Конкурс соңында қатысу­шы­лар мен қонақтарды теа­тр­ға, «Ничего не бойся, я с то­бой» спектаклін тамашалауға ша­қыр­ды.

Аталған конкурсқа Әл-Фа­ра­­би атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситетінен «Қазақ фи­ло­логиясы» мамандығының 4-курс студенті Гүлім Аспан­дия­рова, «Орыс тілі мен әде­бие­ті» мамандығының 3-курс студенті Әлия Жұмасаева қа­тыс­ты. Студенттерге өзім же­тек­­­шілік еттім. Гүлім Нұр­лан­қы­зы «Әдебиет. Міне, менің сүй­­­­­­генім» номинациясы бо­йын­­ша жеңімпаз деп танылды. Сту­денттеріміздің осындай жа­рыстарда жарқырай көрініп, топ жарып шыққаны бізді сүй­сінтті.

Әр қатысушыға университет тарапынан түрлі сыйлықтар та­бысталып, алғыс хатпен ма­ра­пат­талды. Біз де өз тара­пы­мыз­дан университет атынан әл-Фараби бабамыздың бей­несі тоқылған кілемше сый­ла­дық. Жалпы, конкурстан алған әсер шексіз. Студенттеріміз үшін де бұл ерекше эмоцияға толы сапар болды деп айта ала­мыз. Жаңа таныстықтар, жа­ңа мүмкіндіктер, айрықша се­зімдер студенттерімізді жа­ңа биіктерге жетуге тал­пын­дыратын күш сыйлады.

Бақытгүл ҚҰЛЖАНОВА,

 А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті